"Президентке көрсеткісі келмеді": Жамбыл облысында жаңа төселген жолдың тоз-тозы шықты (фото)
Жарияланған күні:
Жамбыл облысындағы "Тараз-Сарыкемер" бағытындағы автожол бір жылға жетпей шұрық-тесікке айналды. Байзақ ауданына қарасты бірнеше ауылдың тұрғындары облыс орталығына қатынау бұрынғыдан бетер қиындағанын айтады. Бүлінген жаңа жолдың ұзындығы - төрт шақырым, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Байзақтықтардың айтуынша, автожолдың мұндай жағдайға жетуіне сапасыз жүргізілген құрылыс себеп. Тұрғындар үш ай бұрын президент Қасым-Жомарт Тоқаев Байзақ ауданына жұмыс сапарымен келгенде жергілікті билік кортежді дәл осы ауданға апарар негізгі жолмен емес, басқа көшемен жүргізгенін тілге тиек етті.
"Президентіміз Таразға келіп, Байзаққа баратын кезде басқа көшемен айналдырып апарып, осы жолды көрсеткісі келмеді. Ал енді өзіміздің ауылішілік жолдарды айтпағанда аудан мен облыс орталығын жалғайтын жолдар быт-шыт болып жатыр. Ең болмағанда осы жолды жамап кетсе болады ғой. Оны да жасамады. Мұны жасау қолдарынан келмесе, оны айтсын. Болмаса халық болып, өзіміз ақшасын жинайық. Арнайы қор ашып, жылу жинайық. Автожолды істей ме, істемей ме, соны нақты айтсын. Сол жауабына қарап, жолды өзіміз жасап алғымыз келеді", - дейді көлік жүргізушісі Құлманәділ Қайратұлы.
Қазір қала бағытына қарай төселген қос жолдың біреуі жөндеуге жабылған. Сондықтан 100 мың тұрғыны бар байзақтықтар үшін аудан аумағына кіріп-шығу азапқа айналды.
Сарыкемер ауылының тұрғындары жол үстіндегі шұңқырлардың көлемі ошақ орнындай болатынын көрсетті. Күн өткен сайын шұңқырлар көбейгендіктен жолдың беті шахмат тақтасына ұқсап қалған. Тіпті үлкен орларға түсіп кетуден қашқан жүргізушілер қарсы бетке шығып, жол апаты да жиілеген. Жолға жауапты Тараз қаласының әкімдігі былтыр ғана жөнделген жолды қайта сүрмек.
"Енді ол жақтың жолы күрделі жөндеу қажет етеді. Жобалық сметалық құны 228 млн теңгені құрайды. Бүгінгі таңда конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр. Осы маусым айының аяғына дейін мердігері анықталады", - дейді қала әкімінің орынбасары Нұрбол Қалдыбаев.
Тұрғындар биыл болатын күрделі жөндеуді "екі жұмыс қылмай, былтыр бастау керек еді" дейді. Олар мұны ақшаны желге шашу деп бағалайды. Енді тұрғындар алда жүретін жол құрылысына қоғамдық бақылау жүргізуге бел буып отыр.
Автор: Ұлдана Жұбай
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2024681-prezidentke-korsetkisi-kelmedi-zambyl-oblysynda-zana-toselgen-zoldyn-toz-tozy-syqty-foto/