Top.Mail.Ru

Зектілері

Атырау қаласы екіге бөлінуі мүмкін

Жарияланған күні:

Атырау қаласы
Атырау қаласы. Фото: Facebook.com/atyrauakimat

Алдағы уақытта Атырау қаласы екіге бөлінуі мүмкін. Бұл туралы Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Агенттіктің мәлімдеуінше, Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында журналистер әкімге Атырау қаласы халқының 400 мыңнан асып кеткенін, қаланы екі ауданға бөлу қажеттігі туындағанын айтып, әкімдік мұндай мүмкіндікті қарастырып отыр ма сұраған.

Әкім журналистерге бұл мәселенің қарастырылып жатқандығын атап өткен.

"Бізде үкімет қаулысымен бекітілген Атырау қаласының даму жоспары бар. Жоспарға сәйкес, халық саны өскен кезде әкімшілік-аумақтық құрылым айқындалуы мүмкін. Міне, біз осыны қарастырып жатырмыз.

Бізде Жайық өзені бар. Ол қаланы екі бөлікке бөліп жатыр. Осыған байланысты қаланы екі бөлікке бөлуге қатысты көзқарасымыз бар", – деп жауап берді облыс әкімі.

Сонымен қатар ол қаланы екіге бөлу мәселесінде халықтың пікірі ескерілетіндігін де атап өткен.

"Қаланы бөлген кезде тұрғындарға қолайсыздық жасамауымыз керек. Сондықтан шекараға қатысты нақты шешіміз болғанда бұл мәселені міндетті түрде талқылауға шығарамыз", – дейді Серік Шәпкенов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2025123-atyrau-qalasy-ekige-bolinui-mumkin/