Президент: Алдағы екі жылда Қатон-Қарағай, Марқакөл, Мақаншы аудандары қалпына келтіріледі
Жарияланған күні:
Президент алдағы екі жылдың ішінде Қатон-Қарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандарын қалпына келтіре бастайтынын мәлімдеді. Түркістанда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың отырысы кезінде сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев ауылды өркендету мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды Ақорданың ресми Telegram арнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
"Аманат" партиясы бірқатар шекаралас ауданды қалпына келтіру туралы бастама көтергенін білесіздер. Үкімет менің тапсырмаммен бұл мәселені пысықтады. Мен соған сәйкес Қатон-Қарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандарын қалпына келтіру туралы негізгі шешімді қабылдадым. Әрине, бұған арнайы дайындық керек. Қажетті есеп-қисабын жасап, қаражатымызға, бюджеттің мүмкіндігіне қарауымыз керек. Тиісті жұмыстың бәрін биыл аяқтап, алдағы екі жылдың ішінде осы үш ауданды қалпына келтіре бастаймыз", - дейді президент.
Тоқаев бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан қарасақ та, өте маңызды мәселе екенін айтуда.
"Осы мәселені көпке созбай, шешуіміз қажет. Жалпы, аудандарды қосу немесе тарату ондағы жұрттың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді. Шешім қабылдаған кезде халық саны, экономикалық әлеуеті, инфрақұрылымы түгел ескерілуге тиіс.
Мен аймақтарды, оның ішінде ауылды өркендету ісіне ерекше мән беремін. Былтыр президент сайлауынан кейін ең алдымен ауылды дамыту мәселесіне арналған жарлыққа қол қойдым. Үкімет алдағы 5 жылда ауылды дамытуға айрықша күш салатын болады", - дейді ол.
Президент осы орайда "Ауыл – ел бесігі" арнайы жобасын кешенді түрде жүзеге асыру қажеттігін айтты.
"Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Елге еңбегі сіңген көрнекті тұлғалардың басым көпшілігі ауылдан шыққан. Біз елімізді өркендетеміз десек, ауыл мектебінің жай-күйін жақсартуды мықтап қолға алуымыз керек. Бұл жұмысты "Ауыл – ел бесігі" арнайы жобасының аясында кешенді түрде жүзеге асыру қажет. Яғни, мектеп салу, күрделі жөндеу жүргізу және оны жабдықтау жұмысын тиісті деңгейде атқару маңызды", - деді мемлекет басшысы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2025220-prezident-aldagy-eki-zylda-qaton-qaragai-marqakol-maqansy-audandary-qalpyna-keltiriledi/