"Наркодиспансерде есепте тұр": Kaspi.kz банк қызметкерлерін кепілге алу оқиғасының егжей-тегжейін айтып берді
Жарияланған күні:
Kaspi.kz компаниясы бүгін Астанада орын алған төтенше жағдай туралы және қызметкерлерді кепілге алған қарулы адам жайлы тың дерек айтты, деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
"18 маусымда Астанадағы Kaspi.kz филиалына қарулы адам шабуыл жасап, қызметкерлерді қорқытқан. Күзетшілер нұсқаулық бойынша бірден дабыл қағу батырмасын басты, полиция жедел оқиға орнына жетті.
Кепілге алынғандарды босату операциясы 2 сағатқа созылып, сәтті аяқталды. Шабуылшы ұсталды. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ер адам наркологиялық диспансерде есепте тұр", - делінген банк хабарламасында.
Kaspi.kz ешбір кепілге алынған қызметкер зардап шекпегенін және барлығына да қажетті қолдау көрсетілетінін айтты.
"Қызметкерлеріміз бен отбасыларының атынан құқық қорғау органдарына жеделдігі мен кәсібилігі үшін шексіз алғысымызды білдіреміз", - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, бұған дейін 18 маусым күні қарулы ер адам Астанадағы "Керуен" сауда орталығы маңындағы банк ғимаратында адамдармен бірге ішінен есікті құлыптап алғаны туралы хабарланған еді.
Кейін әлеуметтік желіде Kaspi банк филиалында қарулы ер адамның банк филиалына келушілерді қамап ұстағаны туралы оқиға орнынан фото-видеолар жарияланған.
Алайда Kaspi Bank бұл ақпаратты жоққа шығарып, банк ғимаратында тек компания қызметкерлері бар екенін мәлімдеді.
Ведомствоның хабарлауынша, заң бұзушы талаптарын қоя бастағандықтан, Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов оқиға орнына келіп, Каspi Bank қызметкерлерін кепілге алған заң бұзушымен келіссөз жүргізе бастаған және кепілге алынғандарды босату операциясын басқарған.
"Талаптары заңсыз. Түрлі талаптар болды. Мен кіріп, сөйлестім. Ол белгілі бір есепшоттарға ақша аударуды, туыстары мен жақындарына көмектесуді сұрады. Келіссөзге оның туыстарын қатыстырдық. Онымен сөйлессін деп. Бірақ ол (туыстарының - ред. түсініктемесі) шарттарына көнбеді", - деді Ішкі істер министрі.
Көп ұзамай арнайы жасақ банк ғимаратына баса-көктеп кіріп, заң бұзушыны ұстаған. Ал кепілде болған банк қызметкерлері босатылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2025299-narkologiyalyq-dispanserde-esepte-tur-kaspikz-bank-qyzmetkerlerin-kepilge-alu-oqigasynyn-egzei-tegzeiin-aityp-berdi/