Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Депутат Алматыдағы алма ағаштарының кесілуіне кімдер ықпал еткенін айтты

Жарияланған күні:

Ағаштағы алмалар
Алма. Көрнекі фото: pixabay.com

Бүгінгі үкімет сағатында депутат Бақытжан Базарбек Алматы облысындағы алма ағаштарының жойылып кетуіне қатысты мәселені көтерді. Депутат аймақтағы 70 пайызға жуық алма бағының жойылуына кімнің ықпал еткенін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Үкімет сағатында депутат Бақытжан Базарбек Алматыдағы алма ағаштарының әлі де кесіліп жатқанын атап өтті. Депутат сауалын ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке жолдады.

"Алматы облысы. Өкініштісі, ол жерде алма ағаштары кесіліп жатыр. Храпунов, Есімов, Сағынтаев (Алматы қаласының бұрынғы әкімдері – ред.) бір кездері заңды емес шешімдер қабылдап, осыған байланысты алма бақтарының 70 пайызға жуығын айырылып қалдық.

Ал тексеру жүргізілген кезде Назарбаевтар отбасы мен басқа да олигархтар тексерушілерге қысым көрсетті. Осы заңсыз шаралардың кесірінен алма бақтарды қайтарып, қалпына келтіре алмай отырмыз.

Бүгінде қанша алма бағын мемлекет меншігіне қайтара алдыңыздар? Бұған дейін қаншама заңсыз шешімдер қабылданғанын білесіздер ме?", - деді Базарбек.

Сондай-ақ депутат өңірде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді басқа мақсатта қолданып жатқанын айтты. Бақытжан Базарбек Алматы облысындағы жердің пайдалану мақсатын өзгертуге мораторий енгізуді ұсынды.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев алма ағаштарына қатысты сұраққа нақты жауап бере алмайтынын айтты.

"Жерді қайтару бойынша (пайдаланылмаған немесе заң бұзушылықпен берілген ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару – ред.) – 5,2 млн га қайтарылды. Биыл 2 млн га жерді қайтару жұмыстары жүргізілуде.

Ол жерде қанша алма бағы бар, мен нақты айта алмаймын. Кешіріңіз, жауабын жазбаша түрде береміз. Ол жерде алма бақтары бар екеніне күмәнім жоқ, бірақ қанша екенін айта алмаймын.

Жерді бір санаттан екінші санатқа ауыстыру мәселесіне келсек. Жер беру санатын өзгертуге болады, егер ол жалпы жоспар бойынша әрі заңды болса, біз оны қолдаймыз", - деді министр.

Министр ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді сақтап қалуды қолдайтынын жеткізді.

"Сіздің мораторий енгізу туралы ұсынысыңызға келетін болсақ, қазір экономиканың өзгеріп, дамып, өсіп жатқанын білесіз, сондықтан мораторий енгізу мәселесіне мұқият қарау керек. Қазір елдімекеннің аумағын кеңейту мәселесі бар, бірақ біз, әрине, осы санаттағы жерлерді (ауыл шаруашылығы жерлері – ред.) сақтауды құптаймыз", - деп жауап берді Ербол Қарашөкеев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2025400-deputat-almatydagy-alma-agastarynyn-kesiluine-kimder-yqpal-etkenin-aitty/