Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Белгісіз екі адам жерленген": Қобыланды батырдың сүйегі жатқан тылсымға толы жер туралы не білеміз

Жарияланған күні:

Қобыланды батыр кесенесі
Қобыланды батыр кесенесі. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе облысындағы Қобыланды батыр мемориалдық кешеніне зиярат етуші көп, көрші Ресейден арнайы іздеп келетіндер де бар. Батырдың басына түнеушілердің бірі перзент сұраса, екіншісі денсаулығына шипа іздейді. Тылсымға толы кесенеде болып қайтқан KAZ.NUR.KZ тілшісі рухты батыр жайлы ел біле бермейтін деректерді ұсынады.

Қазақстандағы киелі жерлердің тізіміне енген мемориалдық кешенге жаз келсе зиярат етушілер ағылып келеді.

"Жазда туристер көп болады. Жылына 8 мыңнан аса турист келеді. Балалы болмағандар, аяқ-қолы ауыратындар ем іздейді. Басында ақысыз жұмыс істеп тұрған 13 адамдық қонақ үй бар. Қонақ үйге қонған кейбір қонақтар "түнімен ұйықтай алмай жатырмыз" деп хабарласады. Кейбір адамдар елес көрінгенін айтады. Біреуге қыз, біреуге ер адам сұлбасы көрінеді. "Ер адамның даусы шықты, қасымнан адамның өткені сезілді" деп жатады. Бұл аумақтың бәрінде кезінде бейіт болған", - деді экскурсовод Назерке Қыстаубай.

Қобыланды батырдың жатқан жері
Белгітас. Фото: KAZ.NUR.KZ

2007 жылы Қобда ауданының Жиренқопа ауылында тұрғызылған мемориалдық кешен ерекше. Батыр сүйегі қойылған мавзолей дулыға пішіндес етіп тұрғызылған. Кесенеге апарар жолдың екі жағындағы 20 белгітас батырдың сарбаздары болса, кесенені айнала қойылған 29 меңгір тас түнде жанғанда кесенеге шырақ беріп тұрады. Бұл батырдың ерліктері туралы жазылған 29 жыр нұсқасы негізінде салынған.

Қобыланды батыр мемориалдық кешені
Қобыланды батыр мемориалдық кешені. Фото: KAZ.NUR.KZ

Деректерге сүйенсек, Қобыланды батырдың бойы 2 метр 20 см, кең жауырынды болған деседі. Аңыздарда Қобыландының ата-анасы өмір бойы ұрпақ сүюді армандап, 90 жасқа келгенде бір ұл, бір қызды болған дейді. Алты жасында алып тас көтерген Қобыланды батыр ерлігі туралы жыр да көп.

Қобыланды батыр мемориалдық кешені
Қобыланды батыр мемориалдық кешені. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Қобыланды батыр 7 күн, 7 түн атын беліне байлап, қозғалмастан ұйықтайтын болған. Жаулары осы сәтінде шабуыл жасайды екен. Сүйіктісі Құртқаның көріпкелдік қасиеті болған. Үйір жылқы ішінен буаз көкбиені таңдап, Тайбурылды туғызған. Тайбурылды алты жыл баптайды. Жорыққа мінуге сұраған Қобыландыға "Әлі жарамсыз, 43 күні кем, әлі суда жүзу білмейді" деп Құртқа қарсы болады. Қобыланды жарын тыңдамай, соғысқа мініп кетеді. Батыр Тайбурылды беліне байлап, Қобда өзенінің жағасында ұйқыға кетеді. Жаулары осы сәтте шабуыл жасайды. Сол кезде Тайбурыл ат бірінші оянып, суға қарай жүгіріп, батыр екеуі суға батады. Қобыланды батырдың денесі Қобда өзені бойынан табылған. Қасынан табылған екі мәйіт батырмен бірге жерленген. Бас сүйегі жоқ ер адам мен қыз бала батырдың қасында жатыр. Олардың кім екені нақты зерттелмеген. Жобамен 15 ғасырда өмір сүргені айталады", - дейді мұражай қызметкері.

Автор: Ардақ Ерубаева

Қобыланды батыр мемориалдық кешені
Қобыланды батыр мемориалдық кешені. Фото: KAZ.NUR.KZ

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2025685-batyrmen-birge-belgisiz-eki-adam-zerlengen-qobylandy-batyrdyn-suiegi-zatqan-tylsymga-toly-zer-turaly-ne-bilemiz-foto/