"Ауа райына байланысты өзгеруі мүмкін": Алматыда әуежай таксилерінің бағасы белгіленді (фото)
Жарияланған күні:
Алматы қаласы әкімдігінің Туризм басқармасы Алматы халықаралық әуежайында такси қызметін пайдалану тарифтерін белгіледі. Бұл туралы "Хабар24" арнасы хабарлайды.
Телеарнаның хабарлауынша, аталған жұмыс такси жүргізушілерінің шетелдік қонақтарға қатысты заңсыз әрекеттерінің көбеюін ескере отырып жүргізілген.
Бөлім қызметкерлері екі апта ішінде жеке тасымалдау құнына талдау жасаған. Ол үшін түрлі құрылымның өкілдері кірген арнайы жұмыс тобы құрылған.
Такси қызметіне баға бекіту үшін әуежай аумағында жұмыс істейтін бірнеше компанияның тарифі қарастырылған.
Жұмыс нәтижесі бойынша әуежайдан қалаға қарай жолаушыларды тасымалдау бағасы 1200 теңгеден бастап 12000 теңге аралығында бекітілген. Яғни, жолақысы – жүру қашықтығы мен такси санатына байланысты болмақ.
"Айта кету керек, жолаушыларға ұсынылатын бұл баға тұрақты емес. Сонымен қатар сұраныс пен басқа да жағдайларды ескере отырып, такси қызметтері ауа райына байланысты өзгеруі мүмкін. Ұсынылған бағаларды ескере отырып, жолаушылар өз таңдауын жасай алады.
Туристерге арналған осы ұсыныстарды әзірлеудің мақсаты – такси жүргізушілерінің заңсыз әрекеттерін реттеу болып табылады", – дейді қалалық Туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітова.
Айта кетейік, Алматыда такси жүргізушілерінің елімізге келген шетелдік азаматтарды қала ішінде діттеген жеріне жеткізгені үшін төлем ақысын асырып алған жайт бірнеше рет болған еді.
Мәселен, биыл сәуір айында полицейлер такси жүргізушісінің Германия азаматын Алматы әуежайынан қонақ үйге дейін 45 мың теңгеге апарғанын анықтаған.
Ал мамыр айының басында Алматыға ұшып келген ресейліктен такси жүргізушісі 196 мың теңге көлемінде ақша алған.
Дәл солай Үндістан азаматтарын қонақ үйге дейін жеткізіп, жол ақысына 800 доллар алған такси жүргізушісі қылмыстық жауапкершілікке тартылған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2025846-aua-raiyna-bailanysty-ozgerui-mumkin-almatyda-auezai-taksilerinin-bagasy-belgilendi-foto/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.