Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Интернет арқылы үш қалада есірткі сатты деген күдікпен 11 адам ұсталды

Жарияланған күні:

Күдіктілерді ұстау операциясы
Күдіктілерді ұстау операциясы.Видеодан кадр: YouTube / МВД РК

Ұйымдасқан қылмыстық топ интернет дүкендер мен мессенджер арқылы Астана, Көкшетау және Қарағанды ​​қалаларында есірткі сатқан. Полицейлер қылмысты ұйымдастырды деген күдікпен топ жетекшісіне қатысты іс қозғады. Бұл туралы Polisia kz ақпараттық медиа-порталында хабарланды.

Медиа-порталдың жазуынша, ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелерін полицейлер "Сұңқар" және жылдам қимылдайтын арнайы жасақ бөлімшелерімен бірлесіп, биыл сәуір айында құрықтады.

Полиция мәліметінше, үш қалада 11 күдікті ұсталып, тоғыз мекенжай бойынша қызметтік-іздестіру иттерін тарта отырып тінту жүргізілген. Тергеу барысында ұйымдасқан қылмыстық топтың әрбір қатысушысы есірткіні буып-түю, сақтау, тасымалдау немесе тарату, топтың ақшалай кірістері мен шығындарын бақылау сияқты нақты рөлдерді орындағаны дәлелденген.

Осылайша, күдіктілердің бірі қылмыстық бизнеспен қамтылған қалалар бойынша есірткінің аса ірі партияларын сақтауға және тасымалдауға жауапты болды. Ал екіншісі қаржылық кірістер мен шығындарды бақылау үшін топтың мүшелеріне "жалақы" төлеумен, "жоғалған" есірткілер үшін айыппұлдар салумен айналысқан.

Басылымының жазуынша, қылмыстық топ мүшелерінің бірі есірткі сатылатын интернет-арналардың жұмысын қамтамасыз еткен. Сондай-ақ ол жаңа клиенттерді белсенді түрде тартумен айналысып, онлайн-конкурстар, ұтыс ойындары мен акциялар өткізген.

Порталдың ақпаратынша, топ мүшелерінің бірі - кәмелетке толмаған колледждің екінші курс студенті. Заңсыз айналымнан үш килограмм есірткі тәркіленді. Қылмыстық іске заттай дәлел ретінде ұлттық және шетел валютасындағы қаражат, қылмыстық әркетте пайдаланылған ұялы телефондар, ноутбуктер, сим-карталар қоса тіркелді. Есірткі сататын үш интернет-дүкеннің жұмысы тоқтатылған.

"Ұйымдастырушыға және есірткі бизнесіне қатысушыларға аса ірі мөлшерде есірткінің заңсыз айналымынан басқа Қылмыстық кодекстің 262-ші “Ұйымдасқан топты құру, оған басшылық ету және қатысу” бабы бойынша айып тағылып отыр. Мүлкі тәркіленіп, он екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді", - деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2026505-internet-arqyly-us-qalada-esirtki-satty-degen-kudikpen-11-adam-ustaldy/