"ТМД аумағында алғаш рет": елімізде 1 шілдеден бастап Әлеуметтік кодекс қолданысқа енгізіледі
Жарияланған күні:
27 маусым күні Қазақстан үкіметінің отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Қазақстанда әлеуметтік қолдау мәселелері Әлеуметтік кодекспен реттелетінін және құжатта адамның өміріне байланысты барлық мәселесі қарастырылғанын айтты.
Министрдің айтуынша, аталған заң құжаты 1 шілдеден бастап күшіне енеді, сондай-ақ жыл басынан бері оның нормаларының бір бөлігі қолданысқа енген болатын.
"Бұл ТМД аумағындағы алғаш рет қолданысқа енгізіліп отырған біртұтас әлеуметтік құжат. Әлеуметтік кодекс адамның бүкіл өмір сүру кезеңін қамтиды", - деді ол.
Құжатта адамның өмір сүру кезеңіндегі мынадай мәселелер қарастырылған:
- туғаннан бастап кәмелеттік жасқа жеткенге дейін әлеуметтік қолдау көрсету;
- жұмысқа орналастыру;
- еңбек қауіпсіздігі;
- әлеуметтік сақтандыру;
- қиын өмірлік жағдай кезінде көмек көрсету;
- қарттарды қолдау және т.б. мәселелерді қамтиды.
Сондай-ақ Дүйсенованың мәліметінше, ана мен баланы әлеуметтік қорғауды күшейту мақсатында бірқатар қосымша шара қарастырылған. Мәселен, жыл басынан бері бала күтімі бойынша берілетін төлем мерзімі 1,5 жасқа дейін ұлғайтылып, бүгінде 450 мыңнан астам отбасы аталған көмекті ала алған.
"1 шілдеден бастап "Алтын алқа", I және II дәрежелі "Ана даңқы" орденімен марапатталған, "Батыр ана" атағы бар көпбалалы аналарға төленетін жәрдемақы мөлшері де ұлғаяды. Бұл шамамен 90 мыңға жуық әйел қамтылмақ", - деді ол.
Сонымен қатар Тамара Дүйсенова кодексте мүгедектігі бар адамдарға көп көңіл бөлінгенін атап өтті. Дәлірек айтсақ, мүгедектігі бар адамдарға және оларға қамқорлық ететін адамдар мен асыраушысынан айырылған отбасыларға төленетін жәрдемақы мөлшері 14,5 пайызға артады. Оның сөзінше, жәрдемақы мөлшері жыл басында 8,5 пайызға ұлғайған. Ал Әлеуметтік кодекс күшіне енгеннен кейін төлемдер сомасы жалпы 23 пайызға өспек.
"Жалпы жаңа Әлеуметтік кодекстің осы және басқа да көптеген нормасы азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және әлеуметтік тәуекелдердің алдын алуға бағытталған", - деді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2026506-tmd-aumagynda-algas-ret-elimizde-1-sildeden-bastap-aleumettik-kodeks-qoldanysqa-engiziledi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.