Мәжіліс депутаты: Бізді қорғайтын адамдар да құмар ойындарына кіріп кеткен
Жарияланған күні:
Құмар ойындары туралы мәселені көтеріп жүрген мәжіліс депутаты Руслан Берденов елімізде ойынға тәуелділікті шешуге қатысты өз ұстанымын білдірді. Оның сөзінше, Қазақстанда миллионға жуық ойыншы болса, олардың қатарында әскерилер де бар көрінеді. Мәжіліс депутаты бұл туралы Сұрауы бар Youtube арнасына берген сұхбатында айтты.
Құмар ойынын реттеу мәселесі бұған дейін бірнеше жыл қатарынан депутаттар талқысына түскен, алайда шешімі табылмаған. Депутат оның себебін айтты.
"Біз бұл мәселені шешкіміз келсе бір-ақ айда шеше аламыз. Бұл мәселені депутаттар 2016 жылы, 2017 жылы, 2019-2020 жылдары көтерген, ешқандай шешімі жоқ. Себебі - лобби. Менен көп адам аттарын сұрайды. Ашығын айтсам, ол адамдармен соғысып жатқан жоқпын. Маған олардың аты маңызды емес, маған болып жатқан жүйені жөндеу маңызды. Мысалы, кеше әскери кісілермен отырдым, олар маған өздері хабарласты. Олардың сөзінше, соңғы уақытта үш адам осындай ойынның құрбаны болған. Әскери, бізді қорғайтын адамдар осы құмар ойындарына кіріп кеткен", - дейді ол.
Бұл ретте Руслан Берденов аталған бизнесте айналымда ресми 1 трлн теңге жүргенін айтады.
"Бейресми 3 трлн теңге жүр, тек кана кіріс, шығыс жоқ. Сол үшін бұл бизнестен ешкім арылғысы келмейді. Менің шырылдап жүргенім осы", - дейді ол.
Депутаттың айтуынша, елде түрмеде отырғандардың 30 пайызы осы құмар ойындары үшін сотталған.
"Бұл ресми статистика. Олар біздің салығымыз арқылы қамтамасыз етіледі. Жылына олар үшін 76-77 млрд теңге кетіп жатыр. Екіншіден, қазіргі таңда миллионға жуық ойыншы бар. Бұл біздің сараптама, одан да көп болуы мүмкін. Сол миллионның 300 мыңын емдейтін болсақ 1 трлн теңге кетеді екен. Оларды бәрібір емдеуіміз керек. Емдеу курсы кем дегенде - 6 ай. Емдейміз көреміз. Алкоголь, есірткі - химиялық нәрсе, ал лудоманияны дәрімен емдей алмаймыз. Ажырасып жатқан 10 отбасының жетеуіне осы құмар ойындары себеп. Президенттің өзі жастарымызды құмар ойындары, вейп, синтетикалық есірткі құртып жатыр деп айтқан болатын", - дейді ол.
Депутат бұл кәсіпке тыйым салынбаса да бақылауға алуды ұсынады.
"Бақылауға алайық. Мысалы, ойнағыңыз келе ме - ол сіздің құқығыңыз, қарсылық жоқ. Бірақ лимит қояйық. Біздің ұсынымыз - кімнің зейнетақы жинағы бар, қордағы жинағына қарап лимит қояйық. Зейнетақы жинағы бар ойыншыда ID нөмір болсын, ойнағысы келсе ойнайды, бірақ шектеу болады. Ол барып кредит ала алмайды, біреуден ұрлай алмайды, әке-шешесін, әйелін алдай алмайды. ID ашу үшін екі жақын адамынан рұқсат алу керек. Одан кейін лудоманның нөмірі болса, жұмыс беруші ол адамды жұмысқа алу-алмау туралы ойланады", - дейді Руслан Берденов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2027157-mazilis-deputaty-bizdi-qorgaityn-adamdar-da-qumar-oiyndaryna-kirip-ketken/