Қазақтың ақбас сиырын өсіруді қолға алған 20 жастағы Арыс тұрғыны кәсібі туралы айтты
Жарияланған күні:
Түркістан облысы Арыс қаласының 20 жастағы тұрғыны Алексей Радивил қазақтың ақбас сиырын өсіруді қолға алып отыр. Мал шаруашылығына бет бұрып, берекені еңбектен іздеген жас фермер KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берді.
Түркістан облысы Арыс қаласының тұрғыны Алексей Радивил - отбасының тұңғыш перзенті. Отан алдындағы әскери борышын өтеп келе салысымен Алексей мал шаруашылығымен айналысуды ойға алған. Ең алдымен жергілікті халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, мемлекеттік бағдарламамен білім алады. Ары қарай мақсатына жету үшін үздіксіз ізденген жігіттің айтуынша, "Ет бағытында бордақылау кәсібі" ісі бойынша бизнес жоспар құрған.
"Әкем бала кезімде мал бордақылаумен айналысты. Ғаламторды ақтарып, мүйізді ірі қараның толайым табысқа жетелейтініне көзім жетті. Қалалық Жұмыспен қамту бөліміне құжат өткізіп, грант жеңіп алдым. Алдағы уақытта ірі кәсіпкерлердің тыныс-тіршілігінен көріп-білгенімді өз кәсібімде қайталап көрмек ойым бар", – дейді 20 жастағы Алексей Радивил.
Жас фермердің айтуынша қара малдың ішінде оңдысы да, қоңдысы да қазақтың төл малы – ақбас сиыр. Айтуынша, бір жастан асқан бұқа 200-215 кг ет береді екен. Қазақ тіліне судай Алексей тілді бала кезден жерлестерінен меңгеріп алғанын айтады.
"Жасым жиырмадан асты. Отбасында екі ұл баламыз. Үйде орыс тілінде сөйлесеміз. Әскерден келген соң мал шаруашылығына қызығып, қолға алдым. Болашақта үлкен көлемде несие алып ары қарай осы кәсібімді өркендеткім келеді", - дейді Алексей.
Алексей анасы мен інісінің қолдауымен отбасылық кәсіпті жандандырып, алдағы уақытта сүт өндірісі бағытында да шаруашылықты дамытуды жоспарлап отыр.
"Биыл Арыс қаласында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 6135-ке жетіп отыр. Олардың ішінде мемлекет қолдауына ие болып, қайтарымсыз грант арқылы кәсібін дөңгелетіп отқандар саны жыл санап көбеюде.
Соның бірі – Арыс қаласының тұрғыны Алексей Радивил. Ол өткен жылы Арыс қаласы әкімдігі "Халықты жұмыспен қамту" орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, "Бизнес бастау" курсын оқып, мемлекеттік грантқа қатысу үшін "Ет бағытында бордақылау кәсібі" ісі бойынша бизнес жоспарын ұсынып, жобаны комиссия мүшелерінің алдында сәтті қорғап шыққан.
Нәтижесінде 400 АЕК (1 225 200) көлемінде грантқа қол жеткізіп, қаражатқа төрт бас ірі қара сатып алған. Оның үшеуі қазақтың етті ақбас сиыры", - дейді Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2029220-qazaqtyn-aqbas-siyryn-osirudi-qolga-algan-20-zastagy-arys-turgyny-kasibi-turaly-aitty/