Көкөніс дүкендерінде аударыммен төлеуге тыйым салынды: министрлік жаңа заң туралы түсініктеме берді
Жарияланған күні:
Читать на русскомБүгін министрлер кабинетінің кулуарында қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мобильді аударымдар туралы жаңа заңға қатысты пікір білдіріп, құзырлы органдар тәртіп бұзушыларға қашан айыппұл сала бастайтынын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ерұлан Жамаубаев Қазақстанда мобильді аударымдар туралы заң қабылданғанын еске салды. Аталған заң аударымды жіберушілер мен қабылдаушыларға бөлінеді.
"Егер бұл жеке тұлғалар ішіндегі туыстар арасындағы аударым болса, онда оларға салық салынбайды. Ал егер оларды кәсіпкерлер пайдаланатын болса, онда салық салынуы керек. Егер жеке тұлға кәсіпкерлік қызметпен айналысатын болса, онда оның бұл мобильді аударымдар үшін жеке шоты болуы керек. Бұл қайсы жеке мақсатқа, қайсысы кәсіпкерлікке аударылатынын ажырату үшін қажет. Кәсіпкерлерге екі есепшот ашуға үйреніңдер дейміз. Бұл мүмкіндікті дер кезінде қолданған адамға ешқандай сұрақ болмайды", – деді ол.
Оның айтуынша, алдағы уақытта заңның бұл талабын елемеушілерге құзырлы органдар тарапынан сұрақ туындайтын болады.
"Ауыстырмағандар үшін (екі есепшот ашпағандарға - ред.) біраз уақыттан кейін 2025 жылға қарай неге екі есепшот ашпағаны туралы сұрау болады. Әзірге ешқандай айыппұлдар салынбайды, бірақ заң бойынша әрбір кәсіпкер салық төлеуі керек деп жазылған. Мемлекеттік кірістер комитеті алғашында мемлекеттік қызметкерлер туралы, кейін кәсіпкерлер жайлы барлық ақпаратты жинайды. 2025 жылы мәліметтерді көрген кезде сұрақ туындайды және салық төлемегендерге айыппұл саламыз", – деп толықтырды министр.
Сондай-ақ ол базарлар мен көкөніс сататын дүкендер неліктен тексерілмейтінін айтты.
"Мемлекеттік кірістер комитетімен жиналыс өткіземін, алдын алу шараларын жүргізу туралы ескерту жасаймын. Көптеген кәсіпкер мәселенің маңыздылығын түсінбейді. Біз әрқайсысын тексеріп жүре алмаймыз, қызметкерлер аз", – деді Қаржы министрлігінің басшысы.
Еске салсақ, шілде айының соңында интернетте тауарлар мен қызметтерді мобильді аударым арқылы төлеуге тыйым салынғаны туралы ақпарат тарап, ел тұрғындары арасында шу шығарған болатын.
Одан кейін мобильді аударым арқылы төлеудің негізгі мәселесі – сатушы сатып алушыға фискалдық чек бермей, транзакцияны бақылау-касса машинасы (БКМ) арқылы жүргізбейтіні атап өтілген.
Осылайша мұндай жолмен алынған табысқа салық салынбайды және ел бюджетіне шығын келтіріледі – әлеуметтік қызметтер мен инфрақұрылымды жақсарту бойынша түрлі бағдарламаларды қаржыландыру мөлшері азаяды.
Сондай-ақ кеше Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері банк ұйымдары 2024 жылдан бастап банктер жеке кәсіпкерлердің мобильді аударымдары туралы мәліметті Мемлекеттік кірістер комитетіне жіберетінін түсіндірді. Күнтізбелік үш ай қатарынан ай сайын 100 түрлі адамнан мобильді аударым алған азаматтар бақылауға алынады.
"Жоғарыда аталған өзгерістер адал салық төлеушілерге әсер етпейтінін және тек заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталғанын ескертеміз. Яғни, жеке тұлғалар бұрынғыша өздерінің жеке мақсаты үшін – туыстарына, достарына, ата-ана мен балаларға және т.б. өмірлік жағдайларда мобильді аударымдарды жасауға құқылы", – деп атап өтті ведомство өкілдері.
Сонымен қатар бұған дейін 2023 жылдан бастап қазақстандық банктер мобильді аударымдар туралы ақпаратты мемлекеттік органдармен бөлісуге міндетті. Осы орайда биыл кімнің ақша аударымдары тексеріле бастайтыны туралы жазған болатынбыз.
Кейін осыған байланысты журналистер қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтан мобильді аударымдар саны бойынша жеке кәсіпкерлерді тексеру мәселесін түсіндіруін сұраған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2030838-kokonis-dukenderinde-audarymmen-toleuge-tyiym-salyndy-ministrlik-zana-zan-turaly-tusinikteme-berdi/