Елімізде қала сыртындағы жолдарда жылдамдықты асырған көліктерді тіркейтін Zerek-2 жүйесі іске қосылады
Жарияланған күні:
Елімізде қала сыртындағы жолдарда жылдамдықты асырған автокөліктерді тіркейтін аппараттық жүйе жұмыс істейтін болады. Бұл туралы Polisia.kz ақпараттық медиа-порталы хабарлады.
Ведомство мәліметінше, ІІМ қала сыртындағы жолдарда белгіленген жылдамдық режимін асырған автокөліктерді тіркейтін аппараттық жүйені Автомобиль жолдары комитетімен және "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ-мен бірлесіп іске қосып отыр.
Бұл жүйені іске қосудағы мақсат — жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша бақылауды күшейту.
"33 ZEREK-2 бағдарламалық-аппараттық кешені әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізілімі жүйесімен интеграцияланған, яғни, нұсқамаларды құқық бұзушыларға жіберу автоматты режимде жүзеге асырылатын болады", - дейді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.
Оның сөзінше, бүгінде ZEREK-2 мынадай автожолдарда жұмыс істеуге дайын:
- Шымкент – Қызылорда;
- Шымкент – Өзбекстан шекарасы;
- Шымкент – Тараз;
- Тараз – Қайнар;
- Қонаев – Талдықорған;
- Астана – Павлодар.
"Осындай бағдарламалық кешен Көкшетау – Астана тасжолында бұрын іске қосылған болатын және жолдағы құқық бұзушылықтарды тіркеуде жақсы нәтижелер көрсетіп жатыр.
Жоғарыда аталған жолдарда 25 тамыз сағат 00:00-ден бастап ZEREK-2 кешені штаттық режимде жұмыс істейтін болады.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барлық жүргізушіден жылдамдық режимін және автокөліктер арасындағы қашықтықты сақтауды сұраймыз", – дейді Ақтоты Боранова.
ІІМ дерегінше, жеті айда еліміздің жолдарында жеті мыңға жуық жол-көлік оқиғасы тіркелген, салдарынан 1200-ден астам адам қаза тауып, 8500-ге жуық адам түрлі дәрежеде жарақат алған.
Жеті мыңға жуық жол-көлік оқиғасының ішінде 730 жол-көлік оқиғасы қала сыртындағы трассаларда жылдамдық режимін сақтамаудан болған. Салдарынан 300-ден астам адам қаза тауып, 1200-ден астам адам зардап шеккен.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2033671-qazaqstanda-qala-syrtynda-zyldamdyqty-asyrgan-avtokolikterdi-tirkeitin-zerek-2-zuiesi-iske-qosylmaq/