Ақтау тұрғындары жарықтың қайта өшуіне наразылығын білдіріп, жолды жаппақ болған
Жарияланған күні:
Читать на русскомАқтауда жексенбі, 10 қыркүйек күні көпқабатты үйдің тұрғындары көшеге шығып, жолды жаппақ болған. Бұл әрекетімен қала тұрғындары электр қуатына қатысты мәселеге назар аудартқысы келген, деп хабарлайды Lada.kz басылымына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Басылымның тұрғындардың сөзіне сүйеніп жазуынша, сенбі, 9 қыркүйек күні 33-ші ықшамаудандағы көпқабатты екі тұрғын үйде электр қуаты сөніп қалған.
"Бір тәуліктен бері жарық жоқ. Тағы да ішінара өшіретінді шығарған ба? Неге бәрі бұған немқұрайлы қарайды?" , – деп наразылығын білдірген қала тұрғындары.
Сағат 22:00-ге қарай сол ықшамаудандағы бір үйдің тұрғындары көшеге шығып, жолды жауып тастамақ болған. Оқиға орнына полиция қызметкерлері келіп жеткен.
Бұл жайтқа қатысты Ақтау қаласының әкімдігі пікір білдірді.
"9 қыркүйек күні кешке 33-ші ықшамаудандағы №6 және №7 үйлерде апат болды. Тексеріс нәтижесінде ТП 33-21, ТП 33-22 қосалқы станцияларынан шығатын басты кабельдерде алты ақау анықталды.
Түнгі уақытта мамандар ақау шыққан жерді табу, оны жөндеу жұмыстарымен айналысты. Ол үшін арнайы техникамен жерді қазып, кабельді тексеруге тура келді. Қазір бірнеше бригада қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олар екі ауысымда жұмыс істеуде.
Электрмен жабдықтауды қайта қалпына келтіру үшін 15 метрлік кабельді ауыстырып, сынақтан өткізу керек. Құрметті қала тұрғындары, сіздерден түсіністік танытып, сабыр сақтауды сұраймыз. Электрмен қамтамасыз етуді қалпына келтіру бойынша барлық қажетті жұмыс жүргізілуде", – делінген Ақтау әкімдігінің хабарламасында.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2036044-aqtau-turgyndary-zaryqtyn-qaita-oskenine-narazylygyn-bildirip-zoldy-zappaq-bolgan/