Төрт баласымен АҚШ азаматына тұрмысқа шыққан қазақстандық блогер қазіргі өмірі жайлы айтты
Жарияланған күні:
Қазақстанда қайырымдылық іс-шаралардың ұйымдастырушысы ретінде танылған блогер Айдын Тоқсанбаева биыл төрт баласымен мұхит асып, шетелге қоныс аударды. АҚШ азаматымен бас қосқан қазақ қызы сол елдегі отбасылық өмірі, шетелдік күйеуімен қарым-қатынасы туралы KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берді.
Instagram-да Жаным_баклажаным есімімен таныс блогерді төрт баласымен Қазақстаннан Чикагоға көшіріп алған жігіт – Майкл. Ұлты филиппин АҚШ азаматы.
"Түрі қазаққа ұқсағанымен қазақ тілінде тек "сәлем, болмайды, жоқ" деген сөздерді ғана біледі. "Сәлем" деген сөзді өзім үйреттім, ал "жоқ, болмайды" дегенді балаларыма жиі айтатын болғандықтан жаттап алған. АҚШ азаматы, осында 5 жасында ата-анасымен көшіп келген. Жасы менен әжептәуір үлкен", - дейді жұбайын таныстырған блогер.
Желі қолданушылары бар өмірін бүкпесіз көрсететін блогердің шетел азаматымен бас қосу туралы шешімді аз уақытта қабылдап, бір апта ішінде Қазақстаннан көшкенін біледі. Осы ретте Айдын Майклмен қалай танысып, шаңырақ көтергені жайлы айтып берді.
"Біз былтыр қазан айында Нью-Йорк қаласында мен жұмыс істеп жүрген мейрамханада таныстық, бірақ ол мені сыртымнан бұрыннан көріп жүрген екен. Екі ай сөйлесіп, соңғы екі аптасында қыз-жігіт болып жүрдік. Кейін мен Қазақстанға, балаларыма кеттім, екі айдан кейін ол мені кездесуге Дубайға шақырды. Сол жақта сырға салып, ұсыныс жасады. Ал ақпан айында төрт балам, анам және маған Қазақстаннан Чикагоға билет алып берді. Үйді жалға алып, тағдырымызды екі-үш күннің ішінде шешіп тастадық", - дейді блогер.
Айдынның сөзінше, ол Майклдың бойындағы әйелге деген сыйластығын жоғары бағалайды. Ол әлі де өзінің айналасында болып жатқан оқиғаларды ертегі сияқты көретінін жасырмайды.
"Негізі балаларымды шетелде оқытамын деген мақсатым болған, бірақ 16 жастарында апарамын деп дайындалып жүргенмін. Алла біз жоспарлағаннан да кереметін берді ғой. Ол мені жақсы көргені соншалық, тіпті өзі әлі көрмеген 4 баламды да жақсы көретінін айтты.
Ең алдымен болып жатқан жағдайға сену өзіме қиын болды. Тура ертегідей", - дейді ол.
Айдынның отбасы да шетелде төрт баламен екеуінің отбасы болып кететініне сенбеген.
"Өзім де қорықтым, әрине. Менің ғана өмірім емес 4 бірдей балапанның тағдыры шешіліп жатты. Анама, әпкеме айтқанымда оларға да сену қиын болды. Бірақ мен қанша қорықсам да, жаным тыныш болды. Алла жүрегіме сол адаммен тыныштық сыйлайтындай, ештеңені уайымдамай жүре бердім.
Бұған дейін Қазақстанда ата-анама арқа сүйедім. Бірақ Америкада тұратын әпкем қандай жағдай болмасын, мені қолдайтынын айтты. Балалармен далада қалмайтынымды білдім", - дейді ол.
Айдынның сөзінше, ата-анасы шетелге балаларды жібергісі келмеген. Бірақ блогер оларды тастамайтынын айтып, өзімен алып кеткен.
"Мен қандай жағдайда қалсам да балаларыма жақсы өмір сыйлайтынымды, аш қалдырмайтынымды білемін. Сондықтан бір Аллаға сеніп, небәрі екі ай танитын жігітпен бас қостым", - дейді Айдын.
Блогер желіде өзге ұлт азаматымен бас қосқаны үшін көп сөз еститінін айтады. Алайда оның сөзінше, Майктың қарым-қатынасы өзін бағалай білуді, жақсы көруді үйретіп, ер адамның әйел үшін көп дүние жасай алатынын дәлелдеуде.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2037358-tort-balasymen-aqs-azamatyna-turmysqa-syqqan-qazaqstandyq-bloger-qazirgi-omiri-zaily-aitty/