"Құрылысшы қыздар терезеден секірді": Тараздағы мектепте жарылыс болып, 7 адам жапа шекті
Жарияланған күні:
Таразда жөндеу жұмысына жабылған №44 мектепте түнгі уақытта жарылыс болып, арты өртке ұласты. Оқыс оқиғадан 7 адам жапа шекті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Құрылысшылар маусым айынан бері білім ошағында әрлеу жұмыстарын жүргізіп жатқан. Оқыс жағдай 16 қыркүйек түнгі уақытта болған. Еден сырлайтын бояу құйылған құтыны ашқанда жарылыс болып, жалын лап ете қалған. Өрт бірден 50 шаршы метр аумақты алып кеткен. Бас сауғалағандар бөлмеден сыртқа шыға алмай, екі құрылысшы терезеден секіріп кеткен.
"Бояу банкасы шпательмен ашылады ғой. Сол кезде жалын шығып кеткендей болды. Тақ ете қалды. Болды. Түсінбей де қалдық. Жан-жаққа жүгіріп жатты. Екі қыз терезеден шығып кетті", - дейді оқиға куәгері Жадыра Әбдірахманова.
Үшінші қабаттан құлаған қос қыздың сүйегі сынып, жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер науқастардың жағдайы ауыр екенін айтады. Қазір оларға елордадан келген дәрігерлер көмек көрсетіп жатыр.
Ал ыстан уланған тағы екі науқас терапияға, бір адам күйік бөлімінде ем алуда. Айтуларынша, мерзімінен кешіккен мектепті тезірек тапсыру үшін жұмысшылар түнгі ауысымда жұмыс істеуге мәжбүр болған.
"Олардың түнгі уақытта жұмыс істегені дұрыс емес қой. Жұмыс деген кешкі сағат 6-да бітуі тиіс. Енді кінәлілер жазасын алсын!", - дейді зардап шеккендердің бірінің анасы Салима Нарымбетова.
Қала әкімі мамандарды түнгі жұмысқа тарту мердігер мен жұмысшылардың ортақ келісімімен болған дейді. Ал маусым айында басталған күрделі жөндеу жұмысы 6 қазанда аяқталуы тиіс болған.
"Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етпегендіктен осындай жағдай орын алды. Мердігер тарапынан барлық зардап шеккендердің шығындары өтеледі", - деді Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков.
Қазіргі таңда өрт оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Авторы: Ұлдана Жұбай
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2037460-qurylyssy-qyzdar-terezeden-sekirdi-tarazdagy-mektepte-zarylys-bolyp-7-adam-zapa-sekti/