"Ұрған, лақтырған": ақтөбелік келіншек тәрбиешіні тілі шықпаған балаға қол көтерді деп айыптады
Жарияланған күні:
Ақтөбеде жекеменшік балабақшаға баратын бір жастағы бүлдіршіннің анасы тәрбиешінің үстінен полицияға шағымданды. Оның сөзінше, әлі тілі шықпаған баласын балабақшада ұрып-соққан, оны келіншек сол балабақшаның басқа тәрбиешісінен естіген. Салдарынан баланың миы шайқалғаны белгілі болған, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ақтөбелік Назира Нәдірбай 1 жас 3 айға толған қызын қыркүйек айынан бастап қаладағы жеке балабақшалардың біріне берген. Жас отбасы қызын беретін балабақшаны аралап жүріп таңдағандарын айтады.
"5 қыркүйек күні балабақшаға бардық. Екі күн бақылау жүріп, түсте баламды алып кеттім. Үйренісіп кету қиын екенін білеміз. Қызым балабақшаға барған күннен бастап түнде шошынып оянады. Шыңғырады. Сосын отырып, құсады. Анама хабарласып сұрадым. Үйренеді деген соң мән бермедім. Бір күні баланы суға шомылдырып жатқанда қабырғасынан қызыл дақ байқадым. Тәрбиешісінен сұрағанымда балалармен ойнап жүріп, құлап қалғанын айтты. Түсіністікпен қарадым. 16 қыркүйек күні балаға киім алу үшін сауда орталығына бардым. Сол жерде бір келіншек келіп, біздің балабақшаның атын айтып тұрып "Онда балаңызды бермей-ақ қойыңызшы" деген соң себебін сұрадым. Ол сол жерде 3 күн тәрбиеші болып жұмыс істеп көрген екен. Қызымды таныпты. Қызымның ол жерде "таяқ жегенін" айтты. "Ұрды, лақтырды, әжетханаға апарып ұрды" деп тұр. Естігенде аяқ-қолым дірілдеп кетті", - дейді келіншек.
Тұрғын сол жерде тұрып 102 нөміріне хабар береді. Жантүршігерлік жағдайды айтқан тәрбиеші куәгер болуға да келіседі. Әрі қарай куәгермен бірге полицияға арыз түсірген. Полиция қызметкерінің қатысуымен балабақша ішіндегі камераны да қараған.
"Камерадан қарағанда ұрғаны көрініп тұр. Түс уақыты сияқты. Себебі балалар ұйықтап жатыр. Бала кереуетте отырғанда басынан ұрған. Әрі қарай көре алмадым. Апайы жылап, кешірім сұрады. Неге ұрғанын сұрағанымда "Стресс болды, ажырастым" деді. Бізге оның қандай қатысы бар?! Балам жарқын еді. Қазір әр жерге отырып қалады. Адамдардан қорқады. Қызымды дәрігерге тексерттім. Бас-ми жарақатын алғаны белгілі болды. Дәрігер анықтамасы бар", - дейді келіншек.
Істі соңына дейін апаруға бекінген ол балабақшаға қатысты тексеру жүргізуді сұраған.
"Полицияға арыз тіркеттім. Заңды түрде жауапқа тартылсын. Балабақшаға қатысты тексеріс жасалу керек. 20-25 баланы бір ғана тәрбиеші қарайды. Мен олардан моральдық шығынды да сұраймын", - деді ол.
Жағдайға байланысты Ақтөбе қалалық білім бөлімі өкілдері пікір білдірді. Жекеменшік балабақшаны тексеру бойынша комиссия құрылған.
"Бірінші ол балабақшада зерделеу жұмыстары жүреді. Бізге полициядан ақпарат түсті. Мемлекеттік тапсырыстың орындалуы, оқу процесінің жүргізілуі зерделенеді", - деді қалалық білім бөлімінің басшысы Метгүл Қосымбаева.
Осы жағдайға қатысты облыстық полиция департаменті шағым түскенін растады.
"Шағым түсті, барлық деректер қалалық білім бөліміне тапсырылды", - деді облыстық ПД-нің баспасөз хатшысы.
P.S. Ақтөбедегі балабақшада болған оқиға туралы материал дайындалып жатқанда екі тарап татуласқаны белгілі болды.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2037657-urgan-laqtyrgan-aqtobelik-kelinsek-tarbiesini-tili-syqpagan-balaga-qol-koterdi-dep-aiyptady/