Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Көргенде жылап жібердім": бәйгеде аты өлсе де мәреге жүгіріп жеткен шабандоз бала ел ықыласына бөленді

Жарияланған күні:

instagram.com/batyr_bloger
Бәйгеде жаяу жіүгіріп келе жатқан шабандоз. Видеодан кадр: отбасының жеке мұрағатынан

Қарағанды облысында өткен бәйгеде мәреге үшінші болып келе жатқан ат сүрініп, мерт болған. 11 жастағы жамбылдық жас шабандоз саспай, атының жүгенін шешіп алып, мәре сызығын жаяу кесіп өтті. Бұл сәт бейнекамераға түсіп қалып, видеосы желіде лезде тарады. Астындағы аты өлсе де, жігері мұқалмаған жас шабандоз бен әкесі KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат беріп, оқиғаның қалай болғанын айтты.

Жамбыл облысы Байзақ ауданынан шыққан Тәуекел есімді сәйгүлік Қарағандыда болған бәйгеде 35 км шапқан. Мәреге жақын қалғанда 11 жастағы Мейірдің аты сүрініп, мерт болған. Тұлпарынан айырылса да жеңіске ұмтылған жас шабандоздың ерік-жігеріне ондағы қалың көрерменмен бірге желі қолданушылары да таңқалған.

Мейір Дәулетбай
Мейір Дәулетбай. Фото: отбасының жеке мұрағатынан

"Жүрегім-ау, жүрегім. Жылқымен жарысқан сені бірінші рет көрдім. Атың құласа да, намысың құламасын, ботам! Қазақтың азаматтары сенен үлгі алсын! Қайта-қайта қарап, мына жігітке қосылып айғайлағым келді. Жарайсың, талай жеңістерді бағындырасың", "Мен көргенде жылап жібердім, керемет көрініс, қолдау берген жандарға рақмет! Балапан, жолың ашық болсын", " Жаным-ау, аты омақан асып құлап қалды. Анада бір көріп жылап едім. Тағы да жылап отырмын", " Намысты, жігерлі бала екен, нағыз ауылдың баласы", - деп пікір білдірген видеоға желі қолданушылары.

Мейір Дәулетбай
Мейір Дәулетбай. Фото: отбасының жеке мұрағатынан

Осылайша Мейір Дәулетбай мәреге бесінші болып жеткен.

"Астымдағы атым шаршаған жоқ сияқты еді. Шауып бара жатып құлады. Сол арада жаттықтырушым жүгенін шешіп беріп, қолыма ұстатты. Мәреге 500 метр қалған. Жүгенді ұстап жүгірдім. Үшінші болып келе жатыр ем, мәрені бесінші болып кестім", - дейді Мейір.

Мейірдің әкесі Мақсат Кәкімбетовтың кәсібі де ұлттық ат спортының ауылынан алыс емес. Ол - Байзақ ауданында көкпардан бас төреші. Айтуынша, Мейірдің астындағы сәйгүлік негізі 21 км-ға дайындалған ат.

"Аттың иесі Қарағандыға топ бәйге, тай жарыс, аламан бәйгеге деп үш ат апарды. Тәуекел бастапқыда тай жарысқа шапқан, ол жарыстан түсе салып, аламанға шапқан. Талай жүлделі боп жүрген ат еді, жасы алтыда болатын. Пәлен миллионға сұрап келгенде сатылмап еді", - дейді Мақсат Кәкімбетов.

Мәрені жаяу кесіп өткен Мейірдің әрекетіне сүйсінген сол жерде жиналған ер азаматтар оның еңбегін жоғары бағалап, ақша берген.

"Аты өлсе де, қанында қайсарлық бар екен деп 650 мың теңге берілді. Ол өзара ат иесіне, жаттықтырушы және шабандозға деп үшке бөлінді. Қанша адамның ыстық ықыласына бөленіп, ұлымды жан-жақтан көтермелеп жатыр", - дейді Мақсат.

Айта кетерлігі, Мейір Дәулетбайдың бәйгеге шауып жүргеніне небәрі үш ай болыпты. Негізінен дзюдомен айналысады.

Мейір Дәулетбай
Мейір Дәулетбай. Фото: отбасының жеке мұрағатынан

"Мейір - Жамбыл облысының дзюдодан чемпионы. 20-дан астам медалі бар. Осы Байзақ ауылының ат шаптыратын азаматтары келіп, баламды бәйгеге шабуға сұрады. Сонымен жақсы нәтиже көрсетті. Алғашқы бәйгесінен 100 мың теңге, одан кейін түйе ұтты, қанша тана, олардың есебі жоқ", - дейді шабандоздың әкесі.

Мейір Дәулетбай - егіздің сыңары, Шапағат деген қарындасы, бір ағасы бар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2038023-korgende-zylap-ziberdim-baigede-aty-olse-de-marege-zugirip-zetken-sabandoz-bala-el-yqylasyna-bolendi/