Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбедегі әйгілі Ақтолағай үстірті аумағында мұнай барлау жұмысы жүргізіледі

Жарияланған күні:

Ақтолағай үстірті
Ақтолағай үстірті. Фото: Еркебұлан Аймұратұлының жеке мұрағатынан

Қазақстанда ерекше қорғалатын табиғи аумақтар тізіміне енген Ақтолағай үстіртіне жақын маңда мұнай компаниясының өндіріс аумағы анықталып жатыр. Жұмыс бағдарламасына сәйкес сейсмикалық барлау және 2 ұңғыманы бұрғылау көзделген. Мұнай компаниясы 3 мың шаршы км астам жерге барлау жүргізу үшін лицензия алған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбе облысындағы ерекше табиғатымен туристерді қызықтырған үстірт маңында мұнай барлау жұмыстарын жүргізу туралы ақпарат қоғамда үлкен шу туғызған еді. Экобелсенділер талабынан кейін мұнай компаниясының жұмысы уақытша тоқтатылған болатын. Ақтөбе облыстық экология департаменті мұнай компаниясы қызыққан үстірт аумағына қатысты бүгінгі шешімімен таныстырды.

""West Precaspian Company" мұнай компаниясы Байғанин ауданында ерекше қорғалатын Ақтолағайға жақын жерден сейсмобарлау жұмыстарына қатысты келісім алған. Жұмысты бастау үшін экологиялық сараптама алуы керек. 13 шілдеде Экология департаменті экологиялық әсер етуін бағалаудың қажеті жоқ деген шешім қабылдады. Кейін 25 шілде күні экологиялық рұқсат алу үшін департаментке өтініш түсірді. Өтініш түскен соң Экология кодексіне сәйкес қоғамдық тыңдау өткізуге тиіс. Жергілікті халықтың көзқарасын білу маңызды. 11 тамыз күні қоғамдық тыңдау өтті, тұрғындар сейсмобарлауға қарсы болмаған. Дегенмен экобелсенділердің әрекетінен кейін қайта қаралды. Барлауда Ақтолағай ерекше қорғалатын аумаққа кіретіні айтылған. Келісімшарт аумағына кіргені анықталды", - дейді Ақтөбе облысы экология департаментінің басшысы Ербол Қуанов.

Облыстағы бас экологтың айтуынша, Ақтолағай үстірті 2006 жылдан бері ерекше қорғалатын аумақтар тізіміне кірген. Бірақ бүгінге дейін паспорты жоқ. Шекарасы бекітілмеген.

"Экология департаменті барлау жүретін жер нақты үстірт аумағына енетінін немесе енбейтінін анықтау туралы талап қойды. Ақтолағайдан 5-10 шақырым аумақта пасторт болмаған соң келісімшартта бекітілген аумақтан алып тастауды сұраймыз деген. Шешімді 29 қыркүйекке дейін қабылдауымыз керек. Үстірттің республикалық немесе облыстық маңыздылығы анықталуы қажет. Ғылыми негіздемесі болуға тиіс. Қандай аң-құс мекендейді, өсімдіктері туралы дерек жиналып, техникалық-экономикалық негіздеме жасалуы керек", - деді Ербол Қуанов.

Байғанин ауданының әкімдігі мұнай компаниясы барлау жұмыстарын Миялы ауылдық округіне қарай жүргізетінін айтты.

"Барлау жұмыстарын таудың баурайында жасай алмайды. Тек жалпы картаға кіріп кетіп тұр. Әзір жерді бермей отырмыз. "West Precaspian Company" барлаушы компаниясы министрліктен 3066 шаршы шақырым жерге барлау жүргізу үшін лицензия алған. Ол кезде барлау жұмыстары Ақтолағай шатқалынан 2 км қашықтықта еді. Біз арызын кейін қайтарғаннан кейін қазір министрлікпен жұмыс істеп жатыр. Жер көлемін 1116 шаршы шақырым деп алып, Ақтолағайдан 9 шақырым қашықта болады", - дейді Байғанин ауданының әкімі Қайрат Отаров.

Энергетика министрлігі де Ақтолағай аумағында мұнай барлауға қатысты тілші сауалын жауапсыз қалдырмады.

"Бүгінгі таңда "Оңтүстік Ақтолағай" үстіртіне түсетін келісімшарттық аумақтың мұнай мен газды табуға мүдделі емес бөлігін қайтару бойынша жұмыс жүргізілуде. Жұмыс бағдарламасына сәйкес сейсмикалық барлау жүргізу және 2 ұңғыманы бұрғылау көзделген" , - деді Жер қойнауын пайдалану департаментінің директоры Шафкат Құдабаев.

Автор: Ардақ Ерубаева, Эльмира Асқарқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2038189-aqtobedegi-aigili-aqtolagai-ustirti-aumagynda-munai-barlau-zumysy-zurgiziledi/