Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазанда 7 өңір қарттарына 34500 теңге беріледі: неліктен басқа облыс зейнеткерлері қамтылмады

Жарияланған күні:

зейнеткер
Егде жастағы адам. Көрнекі фото: pixabay.com

Қазақстанда қазан айындағы мерекелерге орай аға буын өкілдеріне бір реттік 34500 теңге беріліп жатыр. Алайда бұл материалдық көмекке тек 7 өңірдің тұрғындары ие болмақ. Әлеуметтік желіде осы ақпарат тараған соң өзге облыс тұрғындары неге бұл ақшалай көмек Қазақстанның барлық аймағына бірдей берілмейтінін сұрауда. Бұған қатысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі жауап берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Әлеуметтік желіде 1 қазан Қарттар күні мен 25 қазан Республика күні мерекесіне орай берілетін біржолғы материалдық көмек қызу талқыланды. Онда желі қолданушылары мерекелік ақшалай аударымның кей өңірлерге беріліп, қалған облыс тұрғындары құр қалатынына келіспеушілігін жазған.

"Бір елде тұрып Атырауды неге қоспаған?", "Қазақстанның мерекесі халыққа ортақ емес пе, неге бірдей бәріне берілмейді? Еліне еңбегі сіңген зейнеткерлердің бәріне берілуі керек", "Қазақстанда тұрамыз, Қазақстанның мерекесі барлық халыққа ортақ емес пе?! Неге әр қаланы бөліп айтады, берсеңіз түгелдей барлық Қазақстанның халқына беріңіз", "Шымкент, Алматы, Ақтөбе жоқ , қаржы жоқ па, я өгей бала ма? Жылда қалып қояды", - деп жазды пікірге желі қолданушылары.

Бұл сұраққа қатысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінің өкілі жауап берді.

"Қарттар күніне орай әкімдіктер жергілікті бюджеттің есебінен бір реттік ақшалай жәрдемақылар берген. Басқа облыстар неге бермей жатыр деп сұраса, ол әкімдіктердің бюджетіне байланысты. Әр әкімдік бюджетіне қарай осы көмекті қарастырған", - деп түсіндірді жағдайды министрліктің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет.

Айта кетейік, өткен аптада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Светлана Жақыпова биыл бірқатар облыста алдағы екі мерекеге орай аға буын өкілдеріне біржолғы материалдық көмек берілетінін айтқан еді.

"Қарттар мерекесіне орай Астана, Қарағанды, Маңғыстау, Түркістан және Ұлытау облыстарында, сондай-ақ Республика күніне орай Ақмола мен Павлодар облыстарында 234 мыңнан астам аға буын өкіліне 2-10 АЕК (6 900 – 34 500 теңге) көлемінде біржолғы материалдық көмек көрсетіледі", - деді министр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2039095-qazanda-7-onirde-qarttarga-34500-tenge-beriledi-nelikten-basqa-oblys-turgyndary-qamtylmagany-belgili-boldy/