"Қызымды асханада қамап ұстаған": балабақшаның бейнебақылау камерасын тексерген ата-аналар полицияға шағымданды
Жарияланған күні:
Әлеуметтік желіде бүлдіршіндердің Ақтөбедегі жеке балабақшаның еденінде ұйықтап жатқан сәтінен видео тарады. Денесі көгерген баласының суретін жарыса жариялаған ата-аналар құзырлы органдардан араша сұрап жүр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ақтөбе қаласындағы жеке балабақшалардың бірінде түсірілген бейнежазба Instagram-дағы пабликте пайда болды. Балабақша камерасынан алынған видеолар мен ата-аналардың өздері түсірген көріністер көпшіліктің ашуын туғызды. Видеода жерде шашылып жатқан сырт киімдер, кафельдің үстінде жатқан балалар мен "Балапан" тобындағы бөбектердің көгерген денесі көрсетілген.
"Бұл бірінші жағдай емес, қызымды уақытында алып кеткен екенмін", "Алла сақтасын. Жандарым-ау, балапандар не айта алмайды ғой", "Сөзім жоқ, шошып отырмын", - деп пікір қалдырған желі қолданушылары.
Мән-жайды портал тілшісіне Ақтөбе облысы білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментіне барған ата-аналар өз аузымен айтып берді.
"Бала соққы алған. Балабақша ішінде тазалық жоқ. Барлығы видеода бар. Бұл балабақшаға екі балам барады. Бізде басында күдік болған жоқ. Өткен аптада WhatsApp-чат арқылы бір ата-ана баласының соққы алған жерін суретке түсіріп салды. Кейін екінші ата-ана "жаңа ғана көрдім" деп баласының арқасындағы көгерген жерді көрсетті. Осылай үшінші, төртінші ата-ана салды. Осыдан кейін балабақшаға барып, видео камераға жазылған жағдайларды қарадым. Балабақшаға кіргенде өзім де телефоныма видео дәлелдемелер түсіріп алдым. Төрт-бес бала еденде ұйықтап жатты. Төсек-жаймалары лас. Ас бөлмесінде балалардың тамақ ішетін үстелдері жоқ. Балабақшаның камерасында түскен видео дәлелдемелер бар. Менің баламды 14 қараша күні ұрған. Екі қолын көтеріп кереуетте жатқанда қызымның қасына апайы келіп, сол қолынан шапшаң көтеріп қалады. Қызымның қолы шығып кетсе, кім жауап береді? Сондағы видеодан ұлымды да көрдім. Еден жуып жүрген тәрбиешінің көмекшісі ұлымды нұқып жіберді. Біз бұл жағдайды өкілетті органдар бақылауға алуын сұраймыз", - деді ата-ана Гүлжайна Жұлмағамбетова.
Ал балабақшадағы камера түсірген видеодан қызын таба алмаған келіншек 5-6 сағат ас бөлмесінен шықпаған баласының жағдайына күмән келтіреді.
"2023 жылдың қаңтар айынан бастап 2 жасар қызымды осы балабақшаға апардым. Басында балабақшада бәрі жақсы болды. Сондықтан күдік болған жоқ. 15 қараша күні балабақшадан келген қызымның қабағында жарақат бар. Киімін ауыстырып жатқанда арқасындағы көгерген жерді көрдім. Тәрбиешіге, директорға хабарласып, алмаған соң ата-аналар отырған балабақша чатына салдым. Кейін басқа ата-аналар балалардың денесінде көгерген жерлерді көрсетті. Келесі күні қызымды дәрігерге апардым. Бассүйегі сынбаған. Жеңіл жарақат алған. Қызымды қазір ол жерге апармаймын. 17 қараша күні балабақшадағы камераны қарауға бардым. Қызым күні бойы ойын бөлмесінде де, түскі ас ішкен балалар арасында да болған жоқ. Түстен кейін ұйықтаған балалардың арасында да қызым жоқ. Видеода бәрі анық көрініп тұр. 5-6 сағат бойы қызым балалармен бірге болған жоқ. Сағат 17:00 шамасында әкесі алып кетуге келгенде қызымның шыққанын көрдім. Тәрбиешілер "қызыңыз ойын бөлмесін жақсы көрмейді, ас бөлмесін жақсы көреді" деп түсіндірді. Баламның ойын бөлмесіне бармауы мүмкін емес, оған бәрі қызық. Қызымды 5-6 сағат бойы асханада қамап ұстаған болып тұр. Әйтпесе баланың бір бөлмеден шықпауы мүмкін емес", - деді бүлдіршіннің анасы Әсел Халидолла.
Ақтөбе облысы білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнәр Сәрсенғалиеваның есінін қаққан ата-аналар балабақшада жұмыс істейтін тәрбиешілердің біліктілігіне де күмән келтіріп отыр. Айтуынша, тәрбиешілердің кейбірі "Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту" дипломын жұмыс істеп жүрген кезінде алған. Олар "күндізгі бөлімде оқитын білім алушылар қалай тәрбиеші болады?" деген сауалдарын қойды.
"Бұл жағдайды Instagram желісінен көріп, қалалық білім бөліміне хабарластым. Осы оқиғаға қатысты білім бөлімінен мониторинг тобы шықты. Ол жерде біздің департамент қызметкерлері де бар. Түскен арыз негізінде тексеріс жүреді. Барлық дәлелдемелер сараланады", - деді Гүлнәр Сәрсенғалиева.
Ал Ақтөбе қалалық білім бөлімі болған жағдайға зерделеу жүріп жатқанын жеткізіп, жеке балабақша мемлекеттік тапсырыс негізінде қызмет көрсететінін хабарлады. Облыстың білім басқармасына 21 қараша күні жеке балабақшасының ата-анасынан арыз түскен. Нәтижесінде тексеру комиссиясы құрылған.
Оқиғаға қатысты облыстық полиция департаменті тексеру амалдары басталғанын хабарлады. "Ақтөбе қаласындағы мектепке дейінгі мекеме ата-аналарының өтініші бойынша №2 қалалық полиция бөлімімен Қылмыстық кодекстің 140-бабы 1-бөлігі бойынша "Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау" бойынша сотқа дейінгі тексеру басталды. Тексеру шеңберінде ата-аналардың барлық дәлелдері тексеріледі", - деп хабарлады облыстық ПД өкілдері.
Ата-аналар сондай-ақ прокуратураға, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне және облыстық білім басқармасына шағымданды.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2047191-qyzymdy-asxanada-qamap-ustagan-balabaqsanyn-beinebaqylau-kamerasyn-teksergen-ata-analar-policiyaga-sagymdandy/