"Көпке дейін көз алдымнан кетпей жүрді": Назарбаев өзін ғашық еткен екінші әйелі мен ұлдары туралы ашық айтты
Жарияланған күні:
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің екінші отбасы – әйелі Әсел және екі ұлы – Тауман мен Байкен туралы алғаш рет өзінің "Менің өмірім. Бодандықтан - бостандыққа" атты кітабында жазды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Нұрсұлтан Назарбаевтың кітабы бүгін сатылымға шықты. Кітапта Назарбаев өзінің өмір жолы, елдің қалыптасу және даму кезеңдері туралы баяндайды. Естелік Тұңғыш президенттің алғаш рет өзінің отбасы туралы ашық айтуымен және қаңтар оқиғасына қатысты көзқарасын ашық айтуымен ерекшеленген.
"Бір жолы Талдықорғанға бардым. Өңірлерге ондай сапарларда мемлекет басшысы траптан түскенде гүл шоғымен қарсы алатын. Ондай рәсімге сол өңірдің көз тартар көрікті бойжеткендерін тандайтыны белгілі ғой. Көзіміз де, көңіліміз де үйренген. Көз суарып, көңіл бітеумен тынасың. Әйтсе де сол жолғы әсерім бөлекше. Әуежайда гүл шоғын ұсынған бойжеткен аса әдемі еді. Оттай жанған жанары да, аппақ жүзі де, талшыбықтай мүсіні де көпке дейін көз алдымнан кетпей жүрді.
Сондайда, ақын Қадырдың сөзімен айтқанда, "жүректі жетпісте де қартайтпаған, сезімді сексенде де ортайтпаған" сері Ғабеңді және де мұндай жағдайды басынан кешкен басқа да белгілі тұлғаларды қалай еске алмассың? Ұлы Гете жетпістің екеуіне келгенде он сегіз жастағы Ульрикаға ғашық болған жоқ па еді? Ульрика да ақынның сол уыз сезімін өмір бойы (ол өзі 96 жас жасапты) жүрегінің терең түкпірінде аялап, тек сол адамды сүюмен, сағынумен өткен жоқ па еді? Адамзатқа Гетенің ақырғы махаббатынан туған ғажайып ғазалдар қалды. Мұндай мысалдар жеткілікті. Өмірде де, өнерде де. Өзгелерде де, өзімізде де", - деп жазған Назарбаев кітабында.
Тұңғыш президенттің жазуынша, өзін баурап алған бойжеткенді табудың сәті түскен.
"Арада біраз уақыт өтті. Мені Талдықорған әуежайында қарсы алған әдемі қыз ойыма орала берді. Күндердің күнінде оны табудың сәті аяқастынан түсе кетті. Газеттегі бір фото көзіме оттай басылды: Астанада "Қазақстан аруы" конкурсы өтіп, бас жүлде – Гран-приді сол қыз (есімі Әсел екен) жеңіп алыпты... Енді оны іздеу қиынға түскен жоқ. Таныстығымыз жарастыққа, жарастығымыз жақындыққа ұласты. Бара-бара жүйелі түрде жолығуға айналдық. Әселдің бойынан да, ойынан да өзім іздеген көп қасиет таптым. Ең бастысы – жылдар бойғы жан жалғыздығынан арылдым", - деген экс-президент кітабында.
Нұрсұлтан Назарбаев кітабында екі баласына да тоқталады.
"Әңгімені ұзарта беріп қайтейін. Мұсылман жолымен некемізді қидырдық. Әсел маған екі перзент – алтын асықтай екі ұл сыйлады. 2005 жылы Тауман, 2008 жылы Бәйкен дүниеге келді. Жасым алпыстың бел ортасына келгенде әке болу қуанышы, перзент сүю бақыты басыма қайта қонды. Балаларымның тәй-тәй басқаны, тілі шыққаны мен ойнағаны, екеуінің былдырлап сөйлегені, ойыншықтарымен алып, көтеріп жүретінім, мектепке барғанын, әріптерді танығанын қызықтағанымыз, жұмыстан келгенімде алдымнан жүгіре шығатындары... Мұның бәрі жаңа астана салудың қиын-қыстау кезеңін жеңілдеткендей де еді. Осыларды ойласам, ет жүрегім елжіреп сала береді. Тегінде, адам баласына ең басты бақытты, ең баянды бақытты бала ғана, перзент қана бере алатын болса керек.
Үш перзентімді, үкілеген үш қызымды – Дариғаны, Динараны, Әлияны дүниеге әкелген, жас шағымнан жаныма жалау болған, небір сын сағатта қасымнан табылған Сараға бар ғұмырымда ризамын және қамқоршымын. Сол қилы кезенде де мені түсінгенін, кешіргенін мына өмірдегі бір жұбанышым көремін. Тауман туғанда Алматыға, алдына барып, бар жайды ақтарып, айыбымды айтқанымда тектілігін тағы да танытып еді айтулы әулеттің перзенті. "Бала – періште. Бала бақытты болып өссін" деді сонда Сара. Қыздарым да мені дұрыс ұқты.
Сара Алпысқызының қай әйел үшін де қиын сынақта танытқан кендігінің бір себебін іштей сезетін де сияқтымын. Атасы Арқадағы атақты Қонақай бай екенін жаздым ғой. Сол кісіде ұл болмапты. Ақыры алпыстан асқан жасында бәйбішесі өзі айттырып, жас қызға үйлендірген екен. Ойлағанындай ұл туып, атын Алпыс қойыпты. Кім біледі, бабадан тамыр тартқан сол дәстүр есіне түсіп, болған іске кеңшілік көрсетті ме екен? Әйтеуір, онсыз да қиналған жанымды қажай берген жоқ, сағымды сындырмады.
Мен өзім баланы ұл деп, қыз деп бөлетіндерден емеспін. Үш қызымды да жанымдай жақсы көремін. Олардан туған немерелерді де жиен деп жатпаймын. Ұл бала – шаңырақты ұстайтын ие, әулет жалғастырар кие. Демек, ендігі жерде менің ұрпақтарым да ата тегін "Қарасай - Көшек - Айдар - Мырзатай - Кенбаба - Еділ - Сапақбай - Назарбай - Әбіш - Нұрсұлтан - Тауман, Бәйкен" деп әрі қарай жалғап кете беретін болады. Бұл да дәтке қуат. Ұрпағыңның үзілмегені – үмітіңнің үзілмегені. Қазір екі ұлым да ержетіп қалды. Көзқуанышымыз болып, жақсы өсіп келе жатыр. Адам балаларына айналу арқылы өз өмірін жалғайды. Міне, солай, ағайын. Жан сырымды жайып салдым алдыңызға. Қалай десеңіз де, өзіңіз білесіз. Бұл – өмір. Бір анық нәрсе бар. Жүрекке әмір жүрмейді", - делінген кітапта.
Айта кетейік, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа кітабы бүгін, 1 желтоқсанда шықты. Бұл туралы Х желісінде оның баспасөз хатшысы Айдос Үкібай жазды.
Кітап дүкеніне де барып, сатылым туралы ақпар берген едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2048641-zurekke-amir-zurmeidi-nursultan-nazarbaev-kitabynda-ekinsi-aieli-uldary-turaly-aitty/