Қазақстанда суды есепке алуды автоматтандыруға бөлінген 400 млн теңге қайда кетті: министр жауап берді
Жарияланған күні:
Мәжілістің жалпы отырысында бүгін су мәселесі сөз болды. Депутаттар тарапынан сала басшысы Нұржан Нұржігітовке бірнеше сұрақ қойылды. Солардың ішінде Екатерина Смышляеваның суды есепке алуды автоматтандыру немесе цифрландыру туралы сауалы өзекті болды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Депутатты осы істі жүзеге асыруға бюджеттен бөлінген 400 млн теңгенің қайда кеткені қызықтырды. Себебі, оның сөзінше, әзірге су саласында құжат айналымы қағаз түрінде жүргізіліп келеді.
"Біз жоғары технологиялар заманында өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан су шығындары, суды тұтыну, ұтымды пайдалану, су тапшылығы бойынша басқарушылық шешімдер үлкен мәліметтер базасы мен ақпараттық жүйелерге негізделіп, тіпті жасанды интеллект элементтерін қолдана отырып қабылданғаны жөн. Бұл су жетіспеушігі жағдайында өте маңызды. Сонымен бірге су саласы қағазбастылықтан арыла алмай келе жатқан салалардың бірі болып қала береді. Жоғары аудиторлық палата есебінде де суды автоматтандыру нәтижесіз болып жатқаны айтылды. Автоматтандырылған нысандар 1 пайыздан да кем, ескірген ақпараттық жүйелер және т.б.. Осыған байланысты менің екі сұрағым бар. Біріншіден, егер ақпараттық жүйе жасақталмаса, бүгінде су ресурстары қай алаңда немесе қай платформада есепке алынуда? Сондай-ақ осы платформалар үшін деректер қалай жиналады? Екінші сұрақ - егер жоба әлі өнеркәсіптік пайдалануға берілмесе, 400 млн-нан астам теңге нақты қалай жұмсалды? Бюджет қаражаты былайша тиімсіз пайдаланылғаны үшін кім жауап береді? ", - деген сұрақ қойды депутат Екатерина Смышляева министрге.
Нұржан Нұржігітов 2019 жылы осы мақсатқа 422 млн теңге бөлінгенін айта келе, оған қандай іс тындырылғанын мәлім етті.
"Иә, 422 млн теңге бөлінді, бүгінгі таңда су ресурстарын басқару бойынша ақпараттық жүйе тәжірибелік түрде пайлануға берілді, өнеркәсіптік пайдалануға берілген жоқ. Енді биылдан бастап осы ақпараттық жүйенің негізінде "Ғарыш сапары" АҚ -мен бірігіп, біз Гидроgov.kz бағдарламасын жасақтап жатырмыз. Оны тәжірбелік пайданалуға 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында беруді жоспарлап отырмыз, ал өнеркәсіптік пайдалануға 2024 жылдың соңында беріледі", - дейді министр.
Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, бұл бүкіл ел бойынша су тұтынуды бақылауға, тіпті ең соңғы су тұтынушыны білуге мүмкіндік береді. Алайда министр бұл жүйе дұрыс жұмыс істеуі үшін алдымен 3,5 мың км болатын суару жүйесін жаңарту кешенді жоспарын іске асыру керек екенін айтады.
"Оны біз алдағы үш жылда қалпына келтіруіміз қажет. Ол жерде цифрландырудың элементтері болады. Ол өз кезегінде Гидроgov.kz бағдарламасымен кіріктіріледі. Содан кейін суару жүйесін жөндеудің аяқ алысына қарай гидротехникалық құрылғылар осы жүйемен байланыстырылады. Бұл алдағы 5-7 жылдық жұмыс", - деді министр.
Нұржан Нұржігітов осы жылдар арасында елде су жүйесі 100 пайыз автоматтандырылмаса да, жақсы нәтижеге жететініне уәде берді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2051666-qazaqstanda-sudy-esepke-aludy-avtomattandyruga-bolingen-400-mln-tenge-qaida-ketti-ministr-zauap-berdi/