Ақтөбеде құтқару қызметіне хабарласқан жасөспірімнің қоңырауына бірден жауап бермеген ТЖД қызметкері сот алдына келді
Жарияланған күні:
Биыл наурыз айында өз үйінде шырт ұйқыда жатып кісі қолынан қаза тапқан ақтөбелік әйел мен оның ұлының өліміне қатысты тағы бір іс сотқа жетті. Оқиға орнында ауыр жарақат алған үшінші адам - жасөспірім қыз құтқару қызметіне хабарласып, шұғыл көмек сұраған. Алайда ТЖД қызметкері қоңырауға салғырт қарап, қызмет көрсетуге асықпады деген күдікке ілінді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ақтөбе қалалық сотында Ақтөбе облыстық ТЖД қызметкеріне қатысты іс қарала бастады. Қызметкерге қоңырауға жауап бермеді, көмек көрсетуге асықпады деген айып тағылды. Іс материалына сүйенсек, оқиға орнында қансырап жатқан жасөспірім бір сағатқа жуық уақыттың ішінде шұғыл көмек сұрап, құтқару қызметіне үш рет қоңырау шалған.
"2023 жылы 29 наурызда кәмелет жасқа толмаған жәбірленуші пышақ жарақатын алған соң бірнеше рет құтқару қызметіне телефон шалған. Ал облыстық ТЖД қызметкері Б. қоңырауға дұрыс жауап бермеді, көмек көрсетуге асықпады. Тек үшінші рет хабарласқанда ғана жедел жәрдем жіберілді. Ол қызметін дұрыс атқармаған. Қылмыстық кодекстің 371-бабы 1-бөлігімен сотқа арыз берілді. Ол кінәсін мойындамай отыр. Кәмелет жасқа толмаған бала 3:35-тен 4:25-ке дейін хабарласқан. Ол баланың ойыны деп ойлаған", - деді облыс прокурорының аға көмекшісі Асел Таналиева.
Сотқа жасөспірімнің туысы арыз түсірген. Жәбірленуші тарап ТЖД қызметкерінен 5 млн теңге моральдық шығын талап етті.
"Ол құтқару қызметін телефон шалғанда әзілдеп тұр деп ойлап, сенбеген. Ол қайта-қайта хабарласқанының арқасында тірі қалды деп ойлаймын. Ол үш рет телефон шалған екен. Үшінші рет хабарласқанда ғана көмек келді. Құтқару қызметі ісіне салғырт қарағаны үшін қатаң жауапқа тартылуы керек деп есептеймін. Оны сот шешеді. Біз 5 млн теңге моральдық шығын сұрап отырмыз", - деді жәбірленуші Евгения Кайрис.
Аталмыш істе ТЖД қызметкері өзіне тағылған айыппен танысу үшін уақыт сұрады. Соттың келесі отырысы 5 қаңтарға белгіленді.
Еске салсақ, қайғылы оқиға 2023 жылдың 29 наурыз күні болды. Үйге кірген белгісіз адам шырт ұйқыда жатқан әйел мен ұлын өлтіріп, оқиға кезінде оянып кеткен жасөспірімге де бірнеше жерден пышақ жарақатын салды. Кейін күдікті ұсталды, алайда тергеу изоляторында қайтыс болды. Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қайғылы оқиғаға қатысты іс қаралуда.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2051836-aqtobede-qutqaru-qyzmetine-xabarlasqan-zasospirimnin-qonyrauyna-birden-zauap-bermegen-tzd-qyzmetkeri-sot-aldyna-keldi/