"Марқұмның ЭЦҚ-сы қолданылған": Ақтөбе облысында қайтыс болған шаруа қожалығының иесіне субсидия берілген
Жарияланған күні:
Ақтөбе облысында өмірде жоқ адамға берілген субсидияға қатысты тексеріс жүріп жатыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы қайтыс болған адамның атынан түскен 3,7 млн теңге субсидия алу туралы өтінішті қанағаттандырған. Бұл туралы Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінде айтылды, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Сәкен Қасымов марқұм болған жандарға берілген "мемлекеттік қолдау" туралы айтып берді.
"Жеке тұлғадан түскен шағым бойынша тексеріс болды. Қайтыс болған адамның атына субсидия берілгені анықталды. Тексеріс кеше бітті. Ол адам өмірде болған кезде өтінім берілсе, заңсыздық болмас еді. Өтінім ол кісі өмірде жоқ кезде түскен. Өлген адамның ЭЦҚ пайдаланылған. Ақша шаруа қожалығының шотына түскен. Заңсыздықтар бойынша жауапты орындарға хабарланды. Президент тапсырмасына сәйкес қалпына келтіруге мүмкіндік беріледі. Егер қалпына келтірілмесе, тиісті процессуалды шешім қабылдауға жіберіледі", - деді Сәкен Қасымов.
Департамент мәліметіне сүйенсек, оқиға 2022 жылы болған. Марқұм 1946 жылы туған. 2022 жылдың 14 қарашада қайтыс болған, 2022 жылдың 23 желтоқсанында ауыл шаруашылық жануарларының аналық басына жеп-шөп шығындарының құнын арзандату бағыты бойынша субсидия бөлуге өтініш берілген. Ақша шаруа қожалығына есепшотына түскен. Жалпы сомасы - 3 млн 710 мың теңге.
"Өкінішке қарай, бізде ондай жағдай болды. Біздің жүйеде ол адамның қайтыс болғаны туралы ақпарат жоқ. Оны көре алмаймыз. Бұл жерде қайтқан кісінің қызы мен күйеу баласы берген. Оқиға 2022 жылы болды. Қазір тексеріс жүріп жатыр. Олардың өмірде жоқ адамның атынан сұраныс беруге құқығы жоқ. Алты айдан кейін мұрагер ретінде танылған адам беруі керек еді",- дейді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсенбай.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2052687-marqumnyn-ecq-sy-qoldanylgan-aqtobe-oblysynda-qaitys-bolgan-sarua-qozalygynyn-iesine-subsidiya-berilgen/