"Ешкім хабарласқан жоқ": автобус апатында қаза тапқандардың туыстары оқиғаның мән-жайын айтты
Жарияланған күні:
Алматыда автобустың қатысуымен болған жол апаты нәтижесінде үш адам қаза тапты. Олардың екеуі төрт перзентті тәрбиелеп отырған ерлі-зайыпты болып шықты. Марқұмдардың туыстары қайғылы жағдай жөнінде оларға ешкім хабар бермегенін айтты, деп хабарлайды КТК арнасы.
Телеарнаның хабарлауынша, 22 желтоқсанда орын алған автобус апаты салдарынан үйіне қайтып бара жатқан ерлі-зайыпты қаза тапты. Талап Қосымов пен Гүлжахан Ырсымбаева төрт баланы тәрбиелеп отырған. Кенжесі - бес жаста.
Қаза болған жұптың туыстары орын алған жағдайға байланысты ешкім хабар бермегенін айтты.
"Артында балалары қалды ғой. Кішкентай баласының өзі 5-6 жаста. Ол күнде мамасын сұрап отыр. "Неге мектептен қайтпайды" дейді. "Мамам қашан келеді" деп отыр. Барынша өзінің жазасын алсын. Ол қылмыс қой барып тұрған! Бір адамды емес, бірнеше адамды басып өткен. Келіп, тіпті кешірім сұрамаған адамдарға не деп айтамыз? Автобус паркінен де келмеді ғой, ешкім.
Үнемі екеуі бірге жүретін еді, сол күні де екеуі ойында ештеңе жоқ, балалары үйде күтіп отырғанын біледі, асығып келе жатқан ғой. Жолда көлік тоқтатып тұрды. Тура қосақтасып екеуі. Балалары түсінбейді әлі, олар біз келгенімізге қонақ деп, жүгіріп ойнап жүр, ертен мына адамның бәрі кеткеннен соң, не деп жауап береміз? Мамасын сұраса, папасын сұраса, не деп айтамыз", - деді Сүйінбай Оңғарбеков.
Қайғылы жағдай орын алған күні ерлі-зайыпты үйіне оралмаған. Үлкен қызы бір жайтты сезгендей аурухана мен полиция бөлімшелеріне қоңырау шалып, ата-анасын іздей бастаған. Сол кезде ата-анасының денесі мәйітханада екенін білген.
"Қатты жылдамдықпен келді деді ғой, қашқан адамдарды көрдім. Қашып құтылғандар бар. Құтыла алмай қалған ғой, біздің балалар. Полиция қызметкерлері куәлігін алған да, тыныш отыра берген. ЖСН, басқасы бар, қазір дамыған кез ғой, бірден түнде хабарламай ма?! Автобус бауырымыз бен келінімізді басып өткен. Неге күдікті "Бұзақылық" бойынша тергеліп жатыр? Адамдар қаза тапты ғой. Жүргізуші мен жолаушы арасында жанжал болғанын естідік", - деді Абдулла Құрбанов.
Телеарнаның ақпаратынша, 45 жастағы ерлі-зайыпты оқуға бірге түсіп, бірге аяқтаған. Жұмысқа да бірге орналасқан екен. Екеуі қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі болып қызмет еткен. Сол күні мектептен шығып үйге қарай беттеген.
Қара жамылған отбасы бүгінде автобус паркінен өтемақы төлеуді де талап етеді.
Дереккөз: КТК
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2052799-eskim-xabarlasqan-zoq-avtobuspen-zol-apatynda-qaza-tapqandardyn-tuystary-oqiganyg-man-zaiyn-aitty/