"Жаңа жылдан бері жарық 40 рет өшті": Қарағанды облысында боранда отызға жуық елді мекен жарықсыз қалды
Жарияланған күні:
Қарағанды облысы Осакаровка ауданында 28 елді мекен боранда жарықсыз қалған. Ауыл тұрғындары электр желілерінің тозығы жеткенін айтады. Олардың сөзінше, мәселені мемлекет қолға алуға тиіс, деп хабарлайды КТК арнасы.
Телеарна мәліметінше, желіні ұстап отырған жеке компания 80 пайызға тозған құрылғыларды жаңартуға шамамыз жетпейді, дейді. Жылдар бойы жарыққа жарымаған Осакаровка ауданы тұрғындары "мұның зардабын әбден тарттық" деп отыр. Олардың айтуынша, өңірде күнде жарық өшеді екен. Оның артынан су да, интернет желісі де жоғалады.
"Жарық жоқ болды. Үй өртенді. Өртсөндірушілер жете алмай қалды. Ешкім хабарласа алмады. Өйткені желі болмады. Өшіретін су болмай, халық қармен өртті өшіріп алды. Осындай жағдайға жеттік! Осакаровка ауданының музейінде боранда бір кісі иіс тиіп қайтыс болды. Себебі жарық болмаған", - деді Нукагүл Фарус.
Аудандағы жарық желілері кейінгі он жылда жаңармаған. Алайда халық тарифтің құны өзге өңірлерге қарағанда анағұрлым қымбат, дейді. Бұл мәселені тұрғындар аудан билігіне де жеткізген. Бірақ ондағылар жарық мәселесін шешу қолынан келмейтінін айтады.
"Тоқсаныншы жылдары сатып алған. Сондықтан бұл мәселені тек республика шешеді деп ойлаймын. Бұл енді біздің қолымыздан келмейді. Облыстың қолынан келмейді. Бұл - жеке компаниямыз. Мемлекет, жалпы, оның бәрін сатып алуы керек", - дейді Осакаровка ауданы әкімінің орынбасары Ержан Теміров.
Меншік иесі бұл мәселені біледі. Олардың айтуынша, желі 80 пайызға ескірген. Оған былтырдан қаражат бөліне бастапты. Биыл ақша бөлу жағы әлі мақұлданбаған. Дегенмен жөндеу жүргізіледі деп отыр.
"Желілер әбден ескірген. Соның салдарынан жаңа жылдан бері 40 рет жарық өшті. Оны анықтау үшін жеті рет айдалаға шықтық. Сондай-ақ бізде кадр жетіспеушілігі бар. Аудан бойынша 30 маман керек. Жас мамандар аудан басына жұмыс істеуге келмейді. Бұл да қиындық тудырып отыр. Соған қарамастан жөндеу жұмысы биыл да жүргізіледі", - деді "КРЭК" ЖШС орталық аймақ директоры Сергей Горицкий.
Осакаровка ауданының тұрғындары мәселе "мемлекет деңгейінде бақылауға алынса екен" дейді.
Дереккөз: КТК
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2055878-zana-zyldan-beri-zaryq-40-ret-osti-qaragandy-oblysynda-boranda-otyzga-zuyq-eldi-meken-zaryqsyz-qaldy/