"Мамандардың өміріне үлкен қауіп төндіреді": ТЖМ "Майқайыңалтын" аумағындағы жұмыстар жайлы есеп берді
Жарияланған күні:
"Майқайыңалтын" АҚ аумағында барлық қауіпсіздік шаралары сақтала отырып жұмыстар жүргізіліп жатыр. ТЖМ өкілдері іздеу-құтқару жұмыстары барлық маман үшін үлкен қауіп төндіретінін айтты, деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігі ресми сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ведомство ақпараты бойынша, ауыр техникамен шұңқырдың шетіне аппарель төселді және сақтандыру кабелі бойынша шағын габаритті экскаватор түсірілді.
Автобустың болжамды орналасқан жерінде қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазба жұмыстары барысында автобустың сынған бөлшектері, оттегі баллоны, тыныс алу аппараты және құтқарушының сөмкесі табылған.
ТЖМ өкілдерінің айтуынша, тау жыныстарының тұрақсыздығына әрі пайда болған шұңқырдың астындағы бос орындарға байланысты топырақтың үнемі қозғалуы мен сырғуы салдарынан қазба жұмыстары қиындап жатыр.
"Құтқарушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құтқарушылар шұңқырға түсуді жүргізетін, сондай-ақ экскаватор машинисін сақтандыратын арқан тартылады. Жұмыстарды жүргізу үшін шамамен 4 шақырым альпинистік арқан, альпинистік жабдық, кинологиялық есептеулер қолданылды", – делінген хабарламада.
Төтенше жағдай министрлігі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жұмыстар қиын жағдайда жүргізіліп жатыр. Қатысқан барлық маманның өміріне үлкен қауіп төндіреді. Автобустың болжамды орналасқан жерінде бос орындары болуы мүмкін, салдарынан іздеу жұмыстарын жүргізу кезінде қайта құлау қаупі бар.
Ведомство дерегінше, нақты уақыт режимінде топырақ қозғалысын бақылауға арналған құрылғы орнатылған.
"Жазатайым оқиғаны тергеу үшін ТЖМ өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Мұса Танабаевтың төрағалығымен комиссия жұмыс істейді. Комиссия төрағасының өкімімен "Майқайыңалтын" АҚ жерасты кенішінің жұмысы тоқтатылып, 5 шағын комиссия құрылды. Объективті тергеу және жазатайым оқиғаның себептерін анықтау үшін 4 сараптамалық ұйым тартылды.
Жазатайым оқиға салдарын жою бойынша іс-шараларды тиімді жүргізіп, қайта құлау ықтималдығына байланысты талдау жасап әрі тау-кен жұмыстарын қайта бастау мерзімдерін қысқарту үшін ТЖМ мамандары халықаралық тәжірибені зерделеді. Таяу елдердің мамандарымен, сондай-ақ Қазақстан ТЖМ ардагерлерімен, оның ішінде өнеркәсіптік қауіпсіздікпен кеңестер өткізілді.
Зерттелген халықаралық тәжірибе іздеу-құтқару жұмыстары кезінде қолданылып, жүргізіліп жатыр", – деп жазады ТЖМ баспасөз қызметінің өкілдері.
Карьерге құлаған автобус оқиғасы
Еске салайық, Павлодар облысында 4 қаңтарға қараған түні Майқайың кеніші шахтасының жанында автобус карьерге құлап кетіп, екі адам қаза тапқан еді. Олардың денесі жер бетіне шығарылды.
Облыс әкімі Асайын Байхановтың айтуынша, автобуста 4 адам болған - Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабының Павлодар филиалының 3 қызметкері мен автобус жүргізушісі.
5 қаңтарда Асайын Байханов оқиға орнынан видео жариялады.
Павлодар облыстық полициясы "Майқайыңалтын" АҚ аумағындағы апатқа қатысты тергеуді бастады. Кейін Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті автобус құлап кеткен "Майқайыңналтын" АҚ аумағында жүргізіліп жатқан іздеу-құтқару жұмыстарының барысы туралы баяндады.
Кейін Павлодар облысындағы автобус құлап кеткен "Майқайыңалтын" АҚ аумағына қазуға арналған техника жеткізілгенін жазған едік.
Ал қаңтардың 15-і Павлодар облысында адамдар мінген автобустың жер астына құлаған сәті түсірілген видео пайда болды.
Сондай-ақ қаңтардың 17-сі мәжілістің жалпы отырысында AMANAT фракциясының депутаты Амантай Жарқынбек "Майқайыңалтын" АҚ-ға қарасты шахтада болған апатқа қатысты мәселе көтерген болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2056076-mamandardyn-omirine-ulken-qauip-tondiredi-tzm-maiqaiynaltyn-aumagyndagy-zumystar-zaily-esep-berdi/