Атырауда спорт мектебінде оқитын жасөспірімдер тергеуге алынды
Жарияланған күні:
Атыраулық екі тұрғын кәмелетке толмаған балаларын спорт мектебінде оқитын жасөспірімдер соққыға жыққанын айтты. Ата-аналардың айтуынша, балаларды 15 шақты жасөспірім жабылып ұрған. Полиция өкілдері осы фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Оқиға 2023 жылы қазан айында вокзал маңындағы арбатта болған. Жәбірленушілердің ата-аналары төрт айдан бері сағызша созылып келе жатқан іс әділетсіз өтіп, кінәлілер жазасыз қала ма деп алаңдайды. Олар портал тілшісіне өз нұсқасын айтып берді. Аналардың бірінің сөзінше, екі үйдің ағалы-інілі 13-15 жастағы бес баласы серуендеп жүрген кезде белгісіз жасөсірімдер келіп ол жерде жүрмеуін талап еткен. Кейін олардың қасына арбат жанында орналасқан жасөспірімдерге арналған спорт мектебінен бір топ бала шығып, балаларды бір-бірден қоршап соққыға жыққан.
"Балалар олардан қашып құтылып, үйге әрең жетті. Түрлерін көрген кезде есімді жия алмай қалдым. Үсті-басынан тепкен, сыртқы киімдерінде аяқ-киім іздері бар. Беттері ісіп кеткен. Кәдімгідей тепкінің астына алған. Бірден медицина пунктіне барып, кейін полицияға арыз жаздық. Балаларымыздың айтуынша, оларға 15 шақты бала жабылған. Онымен қоса барлығы да кәсіби түрде спортпен айналысады екен", - дейді ата-аналардың бірі Елизавета Г.
Балалардың анасының айтуынша, арбаттың айналасында бейнебақылау камералары көп болса да, сол күнгі жазбалар жұмбақ жағдайда өшіп қалған. Ал істі тергеп жатқан мамандар тергеуді айдан-айға созып, түрлі сылтаулар айтып ақталуда дейді жәбірленушілердің анасы.
"Бұған дейін сол оқиғаның ішінде болған бір баланың ата-анасына әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері "кәмелеке толмаған балаларды ұрып-соқты" деп емес "топтық төбелес болды" деп істі жылы жапқысы келді. Бірақ біз мұндай жазамен келіспейтінімізді айтып, істі әділетті жүргізуін талап еттік. Өйткені ол жерде бір емес 15 шақты бала болды. Дәл қазір тергеу тоқтап тұр. "Әзірге аудармашы жоқ" деп сылтауратуда. Дегенмен біз соңына дейін барып, кінәлілер жазасын алмайынша тоқтамаймыз", - дейді балалардың анасы.
Д. Аннаның ұлы да осы оқиғада жәбір көргендердің бірі. Айтуынша, ұлының оң жақ көзі 10 пайызға ғана көреді екен. Соққы алған кезде линзасы ұшып кеткен, жағына да зақым келген.
"Балам үйге ауыр жағдайда келді. Сыртқы киімі жыртылған. Бет-аузының көретін жері жоқ, басынан да қатты соққы алған. Бұл оқиғадан кейін ұзақ уақыт өз-өзіне келе алмай жүрді. Сол жерде 13 жастағы кіші балаларымыз да болды. Олар сол күнді еске алса, әлі де тілі байланып, қорыққандарынан дым айта алмай қалады. Оқиғадан кейін біраз медициналық көмек алды. Бірақ сол жерде біздің балаларымызды соққыға жыққандар да, олардың ата-аналары да бізден ең болмаса кешірім сұрамады. Егер кінәлілер жазасыз қалса, ертең басқа біреулердің де балаларын соғып кетпейтініне кім кепіл?! Бәрі әділетті болғанын қалаймыз", - дейді Анна Д.
Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі бұл оқиға бойынша пікір білдірді.
"Аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 293-бабы 2-бөлігі 1-тармағы (Бұзақылық, оны алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобының жасауы) бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде", - деп жауап берді Атырау облыстық полиция департаментіндегілер.
Атырау облыстық білім басқармасы өкілдері істің әлі тергеліп жатқанын, одан басқа ешқандай мәлімет жариялай алмайтынын жеткізді.
Автор: Әйгерім Сайқын
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2063285-atyrauda-sport-mektebinde-oqityn-zasospirimder-tergeuge-alyndy/