Алматыдағы автобус апаты: жүргізушіні соққыға жыққан жолаушыға қатысты сот басталды
Жарияланған күні:
Алматыда үш адамның өліміне әкеп соққан автобус апатына байланысты сот басталды. Бұл оқиға кезінде жолаушы автобус жүргізушісін соққыға жыққан болатын. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Жоғарғы соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
"Бүгін, 2024 жылдың 3 сәуірінде Алматы қаласының Алатау аудандық сотында сотталушы А.-ға қатысты бұзақылық жасау, сондай-ақ екі және одан да көп адамның абайсызда өліміне әкеп соққан көліктің қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ететін ережелерін бұзу туралы (ҚК-нің 293-бабының, 1-бөлігі, 351-бабының 3-бөлігі) қылмыстық іс бойынша сот отырысы өтуде", - делінген хабарда.
Алматыдағы автобус апаты
Еске салайық, 22 желтоқсанда Алматыда №7 аурухана маңында автобус аялдамада тұрған бір топ адамды қағып өткені хабарланған еді. Кейін қалалық ПД өкілдері оқиғаның жай-жапсарын айтты.
Оқиғадан 7 адам зардап шекті, олардың үшеуі жедел жәрдем келгенше оқиға орнында қаза болды. Төрт адам ауруханаға жатқызылды. Олардың ішінде 15 жастағы бала бар.
Бұл оқиғадан соң шабуыл жасады деген күдікті ұсталып, кейін 2 айға қамауға алынды.
Жақында үш пациент қажетті емдеу курсынан өтіп, ауруханадан шыққаны белгілі болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2078315-almatydagy-avtobus-apaty-zurgizusini-soqqyga-zyqqan-zolausyga-qatysty-sot-bastaldy/