Қазақстандағы су тасқыны: Бектенов министрліктер мен әкімдіктерге тапсырма берді
Жарияланған күні:
Атырауда премьер-министр Олжас Бектенов ауыз судың сапасы мен эпизоотиялық жағдайға бақылауды күшейтуді тапсырды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі үкімет сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Су тасқыны жағдайы тұрақталғанша өңірлерге жіберілген вице-премьерлердің су тасқынына байланысты қазіргі ахуал туралы баяндамалары тыңдалды.
Бүгінгі таңда 10 облыста: Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, сондай-ақ Абай және Ұлытау облыстарында ТЖ режимі сақталып отыр.
- Қазір жалпы еліміз бойынша 15 пайыз, солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде шамамен 40 пайыз аумақты қар басып жатыр.
- Авариялық-құтқару жұмыстарына 12 мыңнан астам адам, 800-ден астам техника, 400-ге жуық су айдау және жүзу құралы жұмылдырылды.
- ТЖ аймақтарынан 70 мыңнан астам адам эвакуацияланды.
Сонымен қатар отырыста Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараты тыңдалды.
- Қабылданған шаралардың нәтижесінде су басқан өңірлерде 60 мыңнан астам мал басы қауіпсіз учаскелерге көшірілді.
- Оған қоса су басқан аймақтарда эпизоотиялық жағдайдың нашарлауына жол бермеу үшін министрліктің Республикалық эпизоотияға қарсы жасағы облыс әкімдіктерімен бірлесіп, жануарлардың өлекселерін жинау және жою жұмыстарын жүргізіп жатыр.
- Бүгінгі таңда 1013 бас, оның ішінде 133 ІҚМ, 809 ұсақ мал басы, 64 жылқының өлексесі жойылды.
"Су тасқынына қатысты жағдай өте күрделі. Президент су басқан аумақтарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету міндетін қойды. Қалалар мен ауылдардың тыныс-тіршілігін тиісті деңгейде қамтамасыз ету қажет. Тұрғындарды керекті нәрселердің барлығымен қамту керек. Бақылауды күшейтіп, азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуді тапсырамын. Ондай фактілердің жолын кесу керек. Қазір бірқатар өңірде залалды өтеу және өтемақы төлеу жұмыстары басталды.
Бұл жұмысты бюрократияға салмай, жедел түрде мүмкіндігінше ашық жүргізу керек. Ешкім көмексіз қалмауы керек. Әкімдер жағдайды ерекше бақылауда ұстасын. Коммуналдық кәсіпорындар мен санитариялық-эпидемиологиялық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді. Халыққа барлық қажетті қызметтерді сапалы және үздіксіз негізде көрсету қажет", - деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр, штаб жетекшісі Олжас Бектенов мынадай тапсырмалар берді:
- Денсаулық сақтау министрлігі су басқан аймақтардағы санитариялық-эпидемиологиялық жағдайды, атап айтқанда, ауыз судың сапасын бақылауды күшейтуі керек;
- Ауыл шаруашылығы министрлігі эпизоотиялық жағдайдың нашарлауына жол бермей, үй және жабайы жануарларға қажетті ветеринариялық бақылауды қамтамасыз етуге тиіс;
- Ішкі істер министрлігі эвакуацияланған халықтың мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауы қажет;
- әкімдіктер эвакуациялық пункттердегі халықты қажетті заттардың барлығымен қамтамасыз етіп, сондай-ақ қалпына келтіру жұмыстары кезеңінде оларды уақытша орналастыру мәселесін пысықтауы қажет.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2080382-qazaqstandagy-su-tasqyny-bektenov-ministrlikter-men-akimdikterge-tapsyrma-berdi/