Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбе облысында он күннен бері өзенде жүрген құтқарушылар қалай жұмыс істеп жатыр (фото)

Жарияланған күні:

Нұрбол Бозшин
Нұрбол Бозшин. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе облысы Ойыл ауданындағы су басқан ауыл тұрғындарына құтқарушылар күн-түн демей көмек көрсетіп жатыр. Су ортасында қалған аудан халқын қайықпен өзеннен өткізіп жүрген құтқарушы Нұрбол Бозшиннің үйіне бармағанына 10 күн болған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Нұрбол Бозшин – Ақтөбе облысы ТЖД-ға қарасты жедел құтқару бекетінің қызметкері. Ол 29 наурызда Ойыл ауданында төтенше жағдай жарияланғаннан бастап, өзенде жүр. Құтқарушы алғашында су басқан ауыл тұрғындарын эвакуациялау жұмысына қатысқан. Кейін оған су жайлаған ауданға гуманитарлық көмекті жеткізу, облыс орталығына баратын тұрғындарды өзеннен өткізіп жіберу міндеті жүктелді.

"29 наурыздан бастап Ойыл ауданында жүрмін. Күніне 100 рейс жасаймын. Қайықпен 480-490 адамды ары-бері өткіземін. Алғашқы күндері Қаратал ауылында адамдарды эвакуациялауға қатыстым. Оңай болған жоқ. Қаратал ауылына барғанда тасжол бойында ұйықтадық. Құтқарушыларға арналған арнайы қап жастық болды. Мектепке де баруға болатын еді. Бірақ онда адам көп, мазалағымыз келмеді. Алғашқы кездері ауыл ішін білмегендіктен бағамдау жұмыстары жүрді. Қай жерде су терең, қай маң ыңғайлы екені тексерілді. Ауыл мектептерінде қалған адамдарды қайықпен алып шығып, тікұшаққа жеткіздік. Қазіргі кезде жағдай қалыпқа түсе бастады, жұмыс жүйеленді", - деді Нұрбол Бозшин.

Нұрбол Бозшин
Нұрбол Бозшин. Фото: KAZ.NUR.KZ

Құтқарушының жұмысы таңертең сағат 7:00-де басталады. Ол кешкі сағат 20:00-ге дейін су бетінде. Кейде қажеттілікке байланысты кешкі сағат 22:00-ге дейін жүруге мәжбүр. Тұрғындардан бөлек қайықпен газ құбырын, электр желілерін жөндейтін мамандарды тасиды.

Қайыққа бір рейсте 5-6 адам отырады. Құтқарушылар науқас адамдарға, шұғыл медициналық көмекпен келіп тұрған тұрғындар мен үлкен кісілерге, арнайы мамандарға басымдық береді. Жағаға жеткізуге 5-10 минут уақыт жеткілікті.

"Бұл жұмыста жүргеніме – 17 жыл. Содан бері түрлі құтқару жұмысына қатыстым. Ал қайықты айдап жүргеніме 10 жылға жуық уақыт болды. Адамдарды құтқару, көмектесу парызымыз. Түрлі қиын жағдай болады. Ең бастысы – адам өмірін сақтау. Ол біздің жұмысымыз", - дейді құтқарушы.

Ойыл
Ойыл өзені. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ойыл өзенінің бойында Ақтөбе облыстық ТЖД-ның екі қайығы жұмыс істеп тұр. Адам легі әлі де бар.

Ойыл ауданы әкімдігінің мәліметінше, қазіргі жағдай тұрақты. Мұнда көктемгі су тасқыны кезінде екі ауылды су басқан. Олар – Ш.Берсиев атындағы ауылдық округіне қарасты Қаратал ауылы, Ойыл ауылдық округіне қарасты Екпетал ауылы.

Екпетал тұрғындарына жаңа баспаналар аудан орталығынан салынады. Тұрғын үй салуға арналған аумақта инфрақұрылым, яғни газ, су толық жүргізілген. Болашақта 1500 балаға арналған мектеп құрылысы мен 90 орындық балабақша салынады.

Еске салсақ, осыған дейін Ойылда әскери жылжымалы көпір қойылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2081663-aqtobe-oblysynda-on-kunnen-beri-ozende-zurgen-qutqarusylar-qalai-zumys-istep-zatyr-foto/