Қазақстандағы су тасқыны: қанша адам үйлеріне оралды
Жарияланған күні:
Төтенше жағдайлар министрлігінІң өкілдері орталық коммуникациялар қызметінде (ОКҚ) өткен брифингте еліміздегі су тасқыны жағдайы қандай екенін айтты. Бұл туралы ТЖМ Telegram-дағы ресми арнасында хабарлады.
"Сағат 10.00-дегі жағдай бойынша Қазақстанда 35 122 азамат үйлеріне оралды. 8 520 адам эвакуациялау пункттерінде.
6082 тұрғын үй мен 2584 аула аумағынан су бұрылып, сорылған", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ ТЖМ ақпараты бойынша, Атырауда Жайық өзенінің бойында жағалауды нығайту жұмыстары үздіксіз жүргізіліп отыр.
Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі Асқар Шәріп ОКҚ-да өткен брифингте қазіргі таңда қорғаныс бөгеттерін нығайту жұмыстары жүргізілгенін айтты. Бөгеттердің ұзындығы – 240 км.
"Бұған дейін көмекке келген күштер мен құралдар учаскелерге бөлініп, қажетті жұмыстарды атқаруда", - деді спикер.
Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 25 мыңнан астам адам, 3 мың техника, 634 су сору құралы, 268 жүзу құралы, 14 әуе кемесі жұмылдырылған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2091635-qazaqstandagy-su-tasqyny-qansha-adam-uilerine-oraldy/