Көрін өзіне қаздырған: Алаш әскерін құруға атсалысқан Хамит Тоқтамысов туралы не білеміз
Жарияланған күні:
Алғаш құрылған Алаш әскерін даярлау және жасақтау ісіне зор үлес қосқан, Семейде қазақтың І атты әскер полкын құрған Алаш арысы Хамит Тоқтамысов туралы тарих не дейді? Материалымыздан оқыңыз.
Хамит Тоқтамысов: туған жері, білімі, әскери шені
Ашық дерекөзде Хамит Тоқтамысовтың (құжаттарда Тохтамышев деп көрсетіледі) 1890 жылы (кей деректерде 1885 жылы) 14 қазанда дүние келгені жазылған.
Туған жеріне қатысты тарихшылар әртүрлі деректер келтіреді. Берік Әбдіғалиұлының "Алаш әскері" еңбегінде Семей облысының тумасы екені айтылған.
Ал журналист Олжас Қасымның "Өз көрін өзі қазған Алаш арысы" мақаласында өлкетанушы Қайрат Тұрахановтың мына бір тұжырымы келтірілген:
"Тарихшылар мен алашордашылар Хамит Тоқтамышевтың Омбы уезі Омбы болыстығының №1, бұрынғы Баба Бағыш ауылында дүниеге келгенін айқындады. Омбы кадет корпусының ұсынған ақпаратына сәйкес, Хамит 1885 жылы туған. Руы Атығай. Капитан Хамит Тоқтамышевтың бабаларының бірі – Тоқтамыс Жанұзақов 1826-1828 жылдары Көкшетау сыртқы округінің үшінші аға сұлтаны. Оның ұлы Маңдай батыр, Маңдайдың ұлы Әбдіғаппар Көкшетау округының аға сұлтаны болған".
Тоқтамысов 1908 жылы Сібір кадет корпусын бітірген соң Константинов артиллерия училищесінде оқыған. Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан.
- 1909 жылдан 8-Сібір артиллериялық атқыштар бригадасының подпоручигі болған.
- 1916 жылдан капитан.
- 1918 жылдан бастап әскери бөлім басшысы, Алаш Орда үкіметінің әскери министрі міндетін атқарушы.
- 1918 жылдың маусымынан І Алаш дала-атты полкінің командирі.
- 1918 жылдың маусымынан 1919 жылға дейін І Партизан қазақ-атты полкінің командирі.
- 1919 маусымынан Жеке қырғыз-атты бригадасының командирі.
- 1919 жылғы тамызда полковник шенін алған.
Алаш әскерінің құрылуы, әскери жорықтар
1918 жылдың 11 маусымында Алашорда үкіметінің қаулысымен Әскери министрлік құрылды. Бұл министрліктің функциялары Әскери кеңеске жүктелген.
"Алаш әскері" еңбегінде келтірілген деректер бойынша, Әскери кеңестің жұмыс органы саналатын әскери бөлім құрылған. Бөлімнің басшысы қызметіне артиллерияның кадрлық капитаны Хамит Тоқтамысов шақырылған, ол Алашорда үкіметінің әскери министр қызметін атқарып, қазақтар арасынан Алаш әскерін құрумен тікелей айналысты. Аталған қаулы Әскери кеңеске "большевиктермен күреске жігіттерді жұмылдыруға шақыру міндеті" жүктелді.
1918 жылдың 12 маусымында Алашорданың арнайы "Алаш әскерін" құру туралы қаулысы қабылданды.
Семейде большевиктер биліктен кеткен соң, қырдағы 500 Алаш әскері 5/18 маусым күні түске қарай Алаш қаласына кіреді. Оларды Алашорда төрағасы Әлихан Бөкейхан өзі бастап кірген. Ертесі сәрсенбі, яғни 1918 жылдың 6/19 маусым күні кешкі сағат 6-да Николь шіркеуі алаңында қазақ әскерін қарсы алу салтанатты шарасы ұйымдастырылады. Полк штабы басқарушысының көмекшісі Папин, капитан-адъютант Виноградов, Уақытша Сібір үкіметінің өкілі Давыдов құттықтап сөз сөйлейді. Қарсы алу салтанатына танымал ұлт қайраткері Әлихан Бөкейхан келеді. Оның құрметіне орай полковник Тоқтамысовтың бұйрығымен салт аттылар "Алла" деп ұран салады. Осы салтанатты ресми шарада "Ақ түсті туларда қырғыз (қазақ) тілінде "Жалпыресейлік және Сібірлік Құрылтай жиналыстары жасасын!", "Отанның адал ұлдары жасасын!" деген ұрандар кестеленген, деп жазады Абай Мырзағали.
"Алашорда үкіметі барлық күшімен өз автономиясын қорғап қалуға тырысты. Олар автономия, ұлттық үкімет, ұлттық сот пен милиция елдің азаттығына деген алғашқы қадамдардың бірі екенін түсінді. Оның үстіне жауынгерлік іс-қимылдар майданы Қазақстан аймағында өтіп жатты. Көп жағдайларда қазақ ауылдары қорғансыз қалып, ұрлық пен зорлық-зомбылыққа жиі ұшырап жатты. Бұл тұрғыда Алаштың құрған әскери бөлімдері қазақтың бейбіт елдімекендерін қызылдардан да, ақтардан да қорғауға тиіс еді", - делінген Берік Әбіғалиұлының зерттеу еңбегінде.
Хамит Тоқтамысов басқарған Алаштың атты әскері алғаш Алтай губерниясында Рубцовск майданына кірді. Большевиктерді қудалауға қатысқан жауынгерлердің жетекшілері Халел Ғаббасов, Биахмет Сәрсенов, Ике Әділов, Қаражан Үкібаевтар еді. Сарбаздардың шайқастағы көзсіз ерліктері туралы сол кезде "Сарыарқа" газетінде: "Даланың жаужүрек жастары саны көп большевиктермен бірнеше рет ұрысқа түсті. Большевиктер шабуыл екпініне шыдамай қашуға мәжбүр болды. Шайқас кезінде "Алаш" деген ұранды естігенде өлімнен де қорықпайтындығын көрсетті" деп жазылған.
Ал кейінгі жасақталған әскер тамыз айынан бастап Жетісуда қызу шайқас жүргізді. Олар "қызылдармен" Үржар, Андреевка, Лепсі ауылының түбіндегі Жаңа-Андреевка, Сарқанд және Покатиловск елдімекендерінде беттесті.
Алаш қаласында Тоқтамышев және ресейлік офицерлердің басшылығымен "Әскери медресе" деп аталатын прапорщиктерді даярлайтын әскери мектеп жұмыс істегені мәлім. Ол, сонымен қатар, Өскеменде Алаш автономиясының әскери оқу орнын ашуға мұрындық болды. Осы бағытта Уақытша Сібір үкіметімен және атаман Анненковпен тығыз байланыс орнатты.
Кешігіп жеткен телеграмма: Тоқтамысовтың қазасы
"Егемен Қазақстан" газетінде жарық көрген "Алаш әскері туралы не білеміз? " деген мақалада зерттеуші Қалихан Алтынбаевтың "Қалбатау" атты кітабында келтірілген мына бір деректен Хамит Тоқтамысовтың өмірінің соңғы сәттерінен хабардар бола аламыз:
"1920 жылдың жазында Көкпектінің қызыл партизандары бүгінгі Ақсуат ауданының Кіндікті жерінде Қытай шекарасына беттеп бара жатқан көп арбалы керуенді қолға түсіреді. Тоқтамысов пен оның семьясы солардың ішінде. Керуенде орысы, қазағы, татары, башқұрты, қытайы аралас.
Барлығын Көкпектіге әкеліп қамауда ұстайды. Партизан штабының тосқаны – Семейден жіберілген телеграмма. Бірақ қаланың жауабы бір жұмадай кешіккен. Қолға түскені 45 адам. Сонша топты ауқаттандыру да қиын, әрі оқыс әрекет жасай ма деп тұтқындардан қауіптенген. Сол себепті партизан штабы өздігінен үкім шығарып, 45 тұтқынды Көкпекті селосынан оңтүстік-батысқа қарай 3 шақырым Қара кезеңге апарып атып тастаған".
Зерттеуші дерегіне сүйенсек, алдымен тұтқындарға ұзынша етіп ор қаздырған. Қазып болған соң барлығын сол орға түсірген. Арасында Хамиттің жолдасы – орыс офицері де болған. Орға сол офицердің жары мен Хамиттің жары қызымен бірге түседі.
"Үкім оқылды. Енді соны орындайтын сәт туды. Партизандар әлгі екі әйелге кұйеулерімен қоштасудың уақыты біткенін хабарлады. Бірақ бейшара әйелдер күйеулерінің мойындарынан құшақтарын жазар емес. Көздерінен жас парлауда. Кенет, партизандар мылтықтарының шаппаларын сарт-сұрт еткізіп, үкімді орындауға кіріспек. Сүйген жар тәтті, шыбын жан тіпті тәтті. Хамиттың әйелі кішкентай қызымен ордың жиегіне секіріп шығады. Өкінішке орай үкім орындалған күннің ертеңінде Семейден телеграмма келген. Онда "Барлығын Семейге жөнелту керек" деп жазылыпты...", деп жазады Қалихан Алтынбаев.
Зерттеушінің "Көкпекті" атты зерттеу еңбегінде өліктерді көметін күні Көкпектідегі татардың бір топ беделді ақсақалы штабтан 6 мұсылманның мүрдесін сұрап алғаны, оларды өзен сыртындағы татарлар зиратына жерлегені жазылған.
Осы еңбектегі Хамит Тоқтамысов үстіндегі әскери киімімен Дәуіт хазіреттің аяқ жағына көміліпті деген дерек арқылы Тоқтамысвтың жерленген жері анықталып, атылып кеткеннен кейін ғасырға жуық уақыт өткенде ғана басына құлпытас қойылған.
Өкініштісі, Хамит Тоқтамысовтың суреті сақталмаған, жары мен қызының ары қарайғы тағдыры қалай өрбігені де белгісіз. Алаш туының астында жан беріп, жан алысқан асыл азаматтың өмірі мен ерлік істері әлі де терең зерттеуді, халыққа кеңінен насихаттауды қажет ететіні сөзсіз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2105412-korin-ozine-qazdyrgan-alash-askerin-quruga-atsalysqan-hamit-toqtamysov-turaly-ne-bilemiz/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.