Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шахзада, Торғай, Мәмилә: репрессия жылдары ату жазасына кесілген қазақ қыздары туралы не білесіз

Жарияланған күні:

Шахзада Шонанова
Шахзада Шонанова. Фото: qazaqadebieti.kz

Хан тұқымы болғаны үшін ғана отбасымен қудалауға ұшырап, өмірі ойран болған, ақыры атылып кеткен қазақтың қайсар қызы Шахзада Шонанова туралы не білеміз? Сталиндік репрессия жылдары Қазақстанда жиырма бес мыңнан астам адам ату жазасына кесілген десек, солардың арасында Шахзада Шонанова, Торғай Сүлейменова, Мәмилә Таңатова сынды қазақ қыздары да болған. Сонымен 1937-1938 жылы жазықсыздан жазықсыз атылып кете барған қазақтың үш қызы туралы деректер не дейді? Материалымыздан оқыңыз.

34 жасында атылып кеткен Шахзада Шонановаға қандай айып тағылған?

Шонанова Шахзада Аронқызы 1903 жылы 5-сәуірде Батыс Қазақстан облысы Сырым (бұрынғы Жымпиты) ауданында дүниеге келген.

Әкесі – Әбілқайыр ханның ұрпағы, белгілі қоғам қайраткері, әскери комиссар, ХХ ғасырдың 20-жылдары "бай-жартылай фео­дал" деген айып тағылып, жер аударыл­ған қазақ зиялыларының бірі Арон Қаратаев. Ол белгілі қоғам қайраткері, Дума депутаты болған алғашқы заңгер Бақытжан Қаратаевтың туған інісі болған.

Арон Қаратаев 1874 жылы бай отбасында дүниеге келген. Патшалық Ресей тұсында Орын­бор гимназиясында білім алған. Ол қарапайым әскери қызметкерден бас­тап Орал қаласының полиция бастығы лауазымына дейін көтерілген. Патша құлаған соң қызметтен кетіп, жеке шаруашылықпен айналысқан.

1928 жылы атақты бай және бұрынғы патша қызметкері ретінде Жымпиты ауданы №24 ауылынан Алматы округінің Ащыбұлақ (қазіргі Алматы қаласы маңы) деген жеріне (кейбір деректе Еңбекшіқазақ ауданы Талды-бұлақ деген жерге) 1929 жылдың 2 ақпанынан бастап 5 жылға жер аударылған.

Оның кейінгі тағдыры, қай жерде қашан қайтыс болғаны белгісіз. 1993 жылы 14 сәуірде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы жарлыққа сәйкес ақталған.

Ал Шахзаданың анасы Хұсни-Жамал Зұл­қайнарқызы Нұралыханова қаншама қазақ қызына үлгі болатын, ұлтымыздың мақтанышы ретінде әспеттейтін тұлға болған десек қателеспейміз. Жәңгір ханның немересі Хұсни-Жамал Зұл­қайнарқызы Астрахань губернаторымен таласып, тартысып жүріп, 1894 жылы Бөкей Ордасында қазақ қыздарына арналған мектеп ашқан, талантты шәкірт тәрбиелеген алғашқы ағартушылардың бірі атанған.

"Ауыр айыптан айыға алмай кеткен отбасылар" деген мақалада Хұсни-Жамал Зұл­қайнарқызының Батыс Алашорда қайраткерлері Елеусін Бұйрин, Ғұмар Қараш, Бақытжан Қаратаев шығарған "Қазақстан" газетін қолжазба күйінде Оралдан жасырып алып келіп, Астраханьда тұратын туған ағасының үйіне тығып, бастырып шығарғаны айтылады.

Арон Қаратаев, зайыбы Хұсни-Жамал Нұралыханова, қызы Шахзада мен кішкентай ұлы
Арон Қаратаевтың отбасы. Фото: batysmura.kz

Шахзада Аронқызы 1920 жылы Орта Азия мемлекеттік университетінің (Ташкент) медицина факультетіне түскен. Алайда оған "үстем тап өкілінің қызы" деген айып тағылып, 2-курсында оқудан шығарылған.

Оқудан шығарылған соң Оралда губерниялық атқару комитетінде іс жүргізуші, Сырдария губерниялық партия комитетінде нұсқаушы болған.

1922 жылы Шазхада мемлекет қайраткері Ыдырыс Мұстамбаевқа тұрмысқа шығады.

"Ыдырыс Мұстамбаев пен Шахзада Аронқызының ша­ңы­рақ көтерген кезінде совет­тік құрылыстың басты идеология­сы "тап жауларына" қарсы күрес­ті күшейту ұранының күшейіп тұрған кезі болды. Бірі советтік органның жауапты қызметкері, екіншісі кешегі хан әулетінен шыққан "тап жауының" қызы. Осы ілікті "ұтымды пайдалан­ған" Ыды­рыс Мұстамбаевтың қарсылас­тары өзі партия мүшесі, жауапты советтік қызметте, заң­дық талаптардың орындалуын қадағалайтын органда жұ­мыс істей отырып, "байшылдықпен байланысты", "тап жауымен" туыстасты деген сықылды айып­тауларды қарша боратып, өлкелік комитетке оның үстінен үсті-үстіне арыздар жазумен болды.

Осының салдарынан Ыдырыс Мұстамбаев Орал губерниясынан Ақмола губерниясына ауыстырылады", - деп жазада Айнұр Жұмағазина "Атасы үшін азап шеккен" атты зерттеу мақаласында.

Ыдырыс Мұстамбаев
Ыдырыс Мұстамбаев. Фото: jasqazaq.kz

"Тап жауларымен туыстығы бар" деген айып қарша борап қоймаған соң Ыдырыс Мұстамбаев пен Шахзада Қаратаева ақыры ажырасып тынады.

Шахзада 1928 жылы Қызылордаға ауысып, Халық ағарту комиссариатының мектепке дейінгі балалар тәрбиесінің нұсқаушысы болды. Педагогикалық ғылыми-зерттеу институтында жауапты хатшы, Ұлттық мәдениет ғылыми-зерттеу институтында кіші ғылыми қызметкер, Халық ағарту комиссариатында ғылыми қызметкер, бастауыш және орта мектеп бөлімінің ғылыми хатшысы, кейіннен әдіскер-кеңесші болып қызмет атқарады.

Шахзаданың бар арманы оқуын жалғастыру болғандықтан, 1931 жылы Алматы медицина институтына оқуға түседі. Бірақ мұнда да шыққан тегіне байланысты бақылауға алынған институт Шахзаданы 1932 жылғы 12 наурыздан 11 сәуірге дейін ең қауіпті ауру – бөртпе сүзек індеті жайлаған Прибайкалстройдың Спасск деген жеріне жібереді. Сөйтіп оны қоғамдық жұмыстар арқылы тексермек болады. Ол жердегі жұмыс орнынан Шахзадаға "іскер, сенімді қызметкер болды" деп мінездеме берілгеніне қарамастан, бұл оқудан да шығарылған.

Шахзада Аронқызы 1931 жылы Алматыда бірге жұмыс істеген, Алаш Орданың оқу комиссиясының мүшесі, тілтанушы-түркітанушы, доцент, қоғам қайраткері, ағартушы, педагог, аудармашы Телжан Шонановпен шаңырақ көтереді. Алайда араға аз уақыт салып күйеуінен кейін 10 күннен кейін атылып кете барған.

Телжан Шонанов, Шахзада Шонанова
Телжан Шонанов, Шахзада Шонанова. Фото: tilmedia.kz

Шахзада Шонанова 1933-1936 жылдарда педагогикалық ғылыми-зерттеу институтында, Халық ағарту комиссиаратында, ұлттық мәдениетті ғылыми-зерттеу институтында кіші қызметкер сияқты түрлі қызмет атқарды. Жас қызметкердің табандылығын байқаған Халық ағарту комиссары Жүргеновтің шақыруымен ол бастауыш және орта мектеп бөлімінде ғалым, хатшы, кейін әдіскер кеңесші болып қызмет істейді. Бірақ 1936 жылдың басында бұл қызметтен де босатылады.

1936 жылы қызметтен еріксіз босаған Шахзада ҚазМУ-дің биология факультетіне оқуға түседі, алайда оған бұл оқуды аяқтау да бұйырмаған. 3-курста оқып жүргенінде тұтқындалады.

"НКВД атқан қазақтың қайсар қызы" деген тақырыппен жарияланған мақаласында Бақытжан Абдул-Түменбай Шахзада Шонанова мен Телжан Шонанов қалай және қашан ату жазасына кесілгенін жазып, Шазаданың қалай азапталғанынан мәлімет береді.

Оның жазуынша, 1937 жылы ҚазМУ-дің ғимаратындағы өрт болған кезде, оны ұйымдастырған деп, нарком Темірбек Жүргенов бастаған қазақ зиялы қауымы тұтқындалды, ішінде белгілі ғалымдар Құдайберген Жұбанов пен Телжан Шонанов та болған.

1937 жылы Телжан Шонанов тұтқандалған соң, артынша Алматыдағы Красин көшесі №51 үйден Шахзаданы тұтқындап алып кетеді. Тергеу сол күні басталған, "Т.Жүргенов астыртын диверсиялық топты басқарды, соның тапсырмасымен ҚазМУ-дың ғимараты өртелгенін растаймын деп қол қой" деп сол кезден бастап қыспаққа алған, қайсар қыз қол қоюдан бас тартады, сонда жантүршігерлік азаптау басталады.

"Бірде Темірбек Жүргенов пен Шахзада Шонанованы беттестіреді. Сол кезде Шахзаданың азаптаудан сау-тамтығы қалмаған бетін көріп, Темірбекті ұрып-соғудан құлағының дабыл пердесі жарылып кеткендіктен жанұшыра айқайлап: "Айналайын қарындасым Шахзада, мен бұл жерден енді шыға алмаймын, бар кінәні маған аудар, айтқандарына қол қоя бер, рұқсат бердім, сен әлі жассың, аман қалуға тиіссің" дегенде Шахзада: "Аға ол не дегеніңіз, мен сізге қалай жала жабамын?!" дейді, оны Темірбек естіді ме, ол жағы белгісіз", - деп жазады тарихшы..

1937 жылдың ақпанында Т.Жүргенов, Қ.Жұбанов, Т,Шонанов, т.б. атылған соң, артынша жалған құжатқа қол қойдыра алмаған Шахзада Шонанованы 9 наурызда атып тастайды. Кейін үкімді орындаған соң, олардың денесін отызыншы жылдары аштықтан қаңырап қалған ауыл шетіндегі шұңқырға апарып көмгені анықталды. Куәгерлердің айтуынша, сол күні атылғандардың мүрделерін шұңқырға тастап жатқанда, біреуі қаша жөнелген, оны солдаттардың біреуі атып тастайды да, шұңқырға сүйреп әкеліп тастағанда, әйел екені анықталған. Сол күні атылған жалғыз әйел Шахзада Шонанова еді. "Содан кейін машинаға тиер кезде атылғандардың сіңірлерін қиып тастайтын болды" деп бұрынғы жендет сөзін аяқтаған көрінеді", - деп жазады мақала авторы.

Журналист Қарагөз Смәділдің жазуынша, оған тағылғын айып: "1926 жылдан буржуазиялық-ұлтшыл, төңкерістік бағыттағы ұйымда болған, Кеңес өкіметінде төңкеріс жасап, Қазақстанды Кеңестер одағынан аластатуды көздеген, Жапонияның басшылығындағы қазақтың буржуазиялық мемлекетін орнатпақшы террористік, диверсантты-зиянкестік ұйымның басшылары Сәдуақасов, Жүргеновтермен байланыста болған. 1936 жылы Алматы қаласындағы Қазақ Мемлекеттік университеті ғимаратын өртеген. Ұйымның төңкерістік және террористік бағыттағы жоспарларымен таныс болған, зиянкестікпен айналысқан, мектепке дейінгі балалар тәрбиесіне кері әсерін тигізген...

Жасаған қылмыстарына кінәлі деп табылған Шонанова Шахзада ең жоғарғы жаза – ату жазасына кесіліп, оның иелігіндегі дүние-мүлкі түгелдей тәркіленсін".

Шахзада мен күйеуі Телжан Шонанов ұсталғанда, қартайып қалған анасы Хұсни-Жамал Алматыда көшеде қаңғып қалған, аштан өлген деген де сөз бар, деп жазады "Шахзада Шонанова (Қаратаева) – саяси қуғын-сүргін құрбаны болған қазақ қызы" мақаласының авторлары.

Шахзада Шонанова 1958 жылы "қылмыс құрамының жоқтығына" байланысты ақталған.

Жазықсыз атылып кете барған Шахзада Шонанованың қай жерге жерленгені әлі күнге белгісіз...

Торғай Сүлейменова қандай айыппен атылған?

Ату жазасына кесілген екінші қазақ қызы – Торғай Қиқымқызы Сүлейменова. Ол 1904 жылы қазіргі Қарағанды облысы аумағындағы Нұра ауданы Көкмөлдір ауылында дүниеге келген. "Тұтқын анкетасында" "молда, байдың қызы, сауатты, "КПСС-ке 15 жыл" белгісімен марапатталған, КПСС мүшесі" екені көрсетілген.

Торғай Сүлейменова
Торғай Сүлейменова. Фото: e-history.kz

"Әкем 1937 жылдың сәуірінде "Шахаман" деген колхозда ауылдық кеңестің төрағасы, ал анам осы колхоздың басқарма төрайымы болып қызмет атқарады. Екеуі де жастайынан Кеңес өкіметін барынша жақтап, азаттық жолында ат жалын тартып жүрді. 1932-33 жылдардағы ақсирақ аштықтан аман қалған елдің басын біріктіріп, "Шахаман" атты колхоздың іргетасын көтеріп, бірі ауылдық кеңестің төрағасы, бірі – басқарма төрайымы болып сайланды.

Дегенмен 1937 жылдың наурыз айының ортасында түнде үйдің есігін сартылдата қағып, өңкей қара киінген бір топ жендеттер сау етіп, үйге кіріп келді. Үй-ішін тінтіп, астан-кестенін шығарды. Қарындасымыз екеуміз әжемнің қолтығына тығылумен аңырап қалдық. Әкем мен шешемді қара киген адамдар сыртқа сүйреп бара жатты. Содан бері "Шахаман" колхозында тұрғанымызда үйімізге тірі жан басын сұғып көрген емес. Жазықсыз әке-шешеме "халық жауы" атты нақақтан жабылған жала өмір-бақи қыр соңымыздан қалмай қойды", - деп еске алады жазықсыз атылып кеткен репрессия құрбандарының ұлы Сайдалы Мәженұлы Сүлейменов.

Журналист Қарагөз Смәділ келтірген дерек бойынша, 1936 жылы Қарағанды өз алдына жеке облыс болып құрылғанда, облыстық атқару комитетінің төрағасы, белгілі қоғам қайраткері Абдолла Асылбеков Сүлейменовтердің үйінде қонақ болады.

"Міне, осы Абдолла Асылбеков "Халық жауы" атанып қамалғанда, ауылдың кейбір жалақорлары "ерлі-зайыпты Сүлейменовтер "Халық жауының" сыбайластары, соның астыртын ұйымында болған" деп НКВД-ға арыз түсіріпті. Ерлі-зайыптыларды бірінен соң бірін тұтқындап, Қарағандыға алып кетеді. Соңыра Торғайдың әкесі Қиқымды "молдасың" деп қамап қояды", - деп жазады ол.

Торғайға тағылған айыпта: "Әлсеневтің контрреволюциялық ұлттық ұйымына 1935 жылдың қазан айында кіріп, соның бұйрығымен колхоздарда төңкерісшіл кадрларды дайындап, контрреволюциялық, ұлтшыл ұйымға "Шахман" ауылдық кеңесінің төрағасы, партия мүшесі Мәжен Сүлейменовті тартқан. Колхоздың жұмыс күшін әлсірету мақсатында "Исаев" колхозының 1404 рублін жымқырған, аталған колхозда мал басын 45 пайызға қысқартқан" делінген.

Ол 1937 жылғы 11 тамызда Қарағанды облыстық УНКВД үштігінің үкімімен ату жазасына кесілген. Үкім 15 тамызда орындалған. Атылған 11 адамның арасында Торғай Сүлейменованың өзі, жары Мәжен Сүлейменов және әкесі болған.

Торғай Сүлейменов тұтқындалғанда артында кішкентай үш баласы қалған.

1957 жылы ерлі-зайыпты екеуінің өкімет пен партия алдында еш кінәсі жоқтығы дәлелденіп, ақтау туралы бұйрық шығады.

Бүгінде Қарағанды облысы Киевка кентінде Мәжен және Торғай Сүлейменовтер есімімен аталатын көше бар.

Қазақ даласында ату жазасына кесілген үшінші қыз – Мәмила Таңатова. Ол 1907 жылы Қазіргі қарағанды облысына қарасты Қу аданы №2 ауылда кедей отбасында дүниге келген. Орта білімі болған, колхозда жұмыс істеген.

Тағылған айып: "1935 жылы Қу ауданында Шамсутдинов құрған диверсанттық-зиянкестік, ұлтшылдық бағыттағы ұйымға мүше болған, ауданда колхоздың қирап-бүлінуіне, колхоз малының жаппай қырылуына қатысты диверсантты-зиянкестік жұмыстар жүргізген. Сталиндік конституцияны жалақорлықпен түсіндірген, Кеңес өкіметіне қатысты еңбеккерлердің толқуын ұйымдастырған, Қазақстанды КСРО-дан аластатқысы келген...".

Ол 1937 жылы 1 қазанда ұсталып, араға бір ай салып, 8 қарашада ату жазасына кесіледі.

1957 жылы 18 шілдеде "қылмыс құрамының жоқтығына" байланысты ақталған.

Өкінішке қарай, Мәмила Таңатованың суреті сақталмаған, өміріне қатысты зерттеулер де жоқтың қасы.

Қатыгез саясаттың құрбанына айналып кете барған қазақ қыздарының өмір жолы әлі де зерттеуді қажет етеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2105421-shahzada-torgai-mamila-repressiia-zhyldary-atu-zhazasyna-kesilgen-qazaq-qyzdary-turaly-ne-bilesiz/