Германияға қоныс аударған неміс отбасы елімізге қайта оралды

Опубликовано:

Тарихи Отанына оралған неміс отбасы кәрі құрлықты жерсінбей, Қазақстанға оралды. 

Қазір отағасы жеке ісін ашса, оның зайыбы мектептегі бұрынғы ұжымына оралды.

Солтүстік қазақстандық Фоленвейдерлер отбасы 2001 жылы немістер жаппай тарихи Отанына көшіп жатқанда елімізден кетіп қалыпты.

Германияның Бавария деп аталатын жақсы ауданында да тұрған. Бірақ кәрі құрлықты жерсінбеген олар араға аз уақыт салып, Қазақстанға оралды.

Айтуларынша, екі бірдей жоғары білім алуға көмектескен Қазақстанды қимаған.

Осында қалған туған-туыс пен дос-жаранды да қатты сағыныпты. Отбасының қайта Қазақстанға оралуына елшілік қызметкерлері көмектескен көрінеді. Қазір отағасының зайыбы Ирина Фоленвейдер өзінің сүйікті мектебінде, бұрынғы ұжымына оралып, ағылшын тілінен сабақ беріп жүр.

Ал отағасы Владимир Фоленвейдер - тасы өрге домалаған кәсіпкер. Бұрынғы спортшы қазір ардагерлер командасында доп тебеді. Оның ұлы - "Қызыл Жар" командасының кәсіби футболшысы. Германияға балаларының болашағын ойлап барған отбасы олардың болашағының бәрібір Қазақстанмен байланысты екендігіне көз жеткізген. Тарихи Отанына оралған немістер ол жақта жоғары білімін дәлелдеу керек екен.

"Оның үстіне жасы егде тартқан жанға шетелде жұмыс табу да оңай емес", - дейді отағасы. Есесіне Қазақстанға келіп, өз ісін ашқан отағасының қазір тұрмысы жақсы.

Еуропадан оралған отбасына аудан әкімшілігі үй беріп, жақсы қарсы алыпты. "Тағдырын біздің елімізбен қайта байланыстырғысы келген отандастарымыз үшін барлық жағдай жасалады", - дейді шенеуніктер.

Қазақстаннан тарихи отандарына көшіп кеткен отбасылар көп болды, деп хабарлайды "Қазақстан" телеарнасы.

Негізінен, Германия, Польша, Израиль мемлекеттеріне көшіп кеткендер араға жылдар салып туған жерлеріне қайта оралуда. Әсіресе, Еуропаны қаржылық дағдарыс шарпығалы Қазақстанға оралғандардың қатары көбейіп келеді.

Тек қана Солтүстік Қазақстан облысынан соңғы 5 жылда Германияға қоныс аударған 546 адамның 196-сы қайтып келді.

Карл Дедерер дүрмек басталғанда алғашқылардың бірі болып отбасымен Германияға жол тартқан болатын. Олар Штутгард қаласының іргесіндегі елді мекенде тұрып, еңбек етті. Өзіне де, балаларына да баспана көтерді. Барғандағы мақсатына жетті.

Карл Дедерер, Петерфельд ауылының тұрғыны:

Бірде Германияда жұмыс істеген фирмадағы бастығым демалыс кезінде келіп түсірген бейнетаспаны көріп, "сен мұнда неге келдің?", – деп сұрады. Олар таң қалады. Осындай жер байлығын, көрікті табиғатты тастап Еуропаға неге көшкенімізді түсінбейді.

"Халқы кеңпейіл Қазақстанның орыны бөлек екен", – дейді Карл. Өскен ортасы, дос- жарандарына деген сағыныш Карл Ивановичті туған жерге оралуға мәжбүр етті. Өзі тұрған Петерфельд аулына келіп, үй сатып алды. Қазір шаруасын дөңгелетіп отыр.

Карл Дедерер, Петерфельд ауылының тұрғыны:

Германияға барып тұрам қазір. Сонда олар менен "үйде қалай", – деп сұрайды. Қазақстанда деп емес, үйде деп сұрайды. Менің ойымша енді 5-6 жылдан соң бәрі қайта орала бастайды. Өйткені, біздегі жағдай Еуропадағыдан еш кем емес. Жұмыс істейсің бе, бизнеспен айналысасың ба өз еркің.

Соңғы жылда Қазақстанға Германиядан 196, Польшадан 15, Израильдан 7 адам қайтып оралды

Германияның аумағы Қазақстаннан 6 есе кіші, ал халқының саны 85 миллионға жете ғабыл. Қазақтың кең даласында туып, еркін өскен кешегі отандастарымыз енді елге оралуды жөн санап отыр.

Роза Жүкенова СҚО Көші-қон полициясы басқармасының инспекторы:

Соңғы жылда Қазақстанға Германиядан 196, Польшадан 15, Израильдан 7 адам қайтып оралды. Олар өздері қалаған жерлерінде тіркеуге тұрып, өмір сүріп жатыр. Қайту себептерін әртүрлі түсіндіреді. Мысалға, Грециядан келген Кузьменко экономикалық дағдарысқа байланысты қайтып оралған.

Қазақ халқына алалау жат. Сондықтан, да тілі мен діні, ділі бөлек өзге ұлт өкілдерін өзекке теппей, бауырына басып отыр. Оны қазақ халқының қадыр-қасиетін түсінгендер ешқашан ұмытпайды. Қазақ жерін отаным деп білетіні сондықтан. Бұны Карл Дедерер ашық айтады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/210673-germaniyaga-konys-audargan-nemis-otbasy-elimizge-kajta-oraldy/