Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Атырауда әйелін ұрды деп айыпталған бұрынғы аудан әкіміне сот үкімі шықты

Опубликовано:

Сот балғасы
Сот балғасы. Көрнекі фото: seb_ra / Getty Images

Атырауда әйелін ұрды деп айыпталған ауданның экс-әкіміне қатысты қылмыстық іс қаралды. Бұл туралы Жоғарғы сот Telegram-дағы арнасында хабарлады.

Жоғарғы сот ақпаратынша, Атырау қаласының №2 сотында ауданның бұрынғы әкімі И.Р.-ға қатысты кінәліге материалдық немесе өзге де тәуелділікте болған адамға қатысты денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды (ҚК-нің 107-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы).

Сот барысында 2023 жылғы 31 мамырда Атырау қаласында пәтерде И.Р. және оның әйелі У.А. арасында жанжал болғаны анықталған.

Жанжал кезінде И.Р., жәбірленушінің өзіне материалдық тәуелділігін пайдаланып, осы негізде жанжал шығарып, әйелі У.А-ны оң иығынан ұстап, есікті жауып, бөлмеге кіргізген.

Ешкімнің кедергі жасамайтынына көз жеткізіп, денсаулығына қасақана зиян келтіру мақсатында У.А.-ны еденге құлатқан және сол жақ санынан бірнеше рет тепкілеген, соның салдарынан жәбірленуші У.А. 5-ші омыртқасының сынуы түрінде, ығысусыз орташа ауырлықтағы зақым алған.

Сотталушының кінәсі жәбірленушінің айғақтарымен, сараптама қорытындысымен және басқа да дәлелдемелермен дәлелденген. Жоғарғы сот ақпаратынша, қылмыс жасалған кезде қолданыста болған ҚК-нің 107-бабы 2-бөлігі 3-тармағының санкциясы 2000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе түзеу жұмыстары түріндегі жазаны сол мөлшерде, не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.

"Бұл қылмыс заң бойынша орташа ауырлық дәрежесіне жатқызылады. Сотпен жаза түрін таңдау кезінде И.Р.-ның бұрын соттылығы жоқтығы, мінезі оң сипатталғаны ескерілді.

Сот үкімімен И.Р.-ға 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды", - делінген хабарда.

Жәбірленушінің 20 млн теңге моральдық шығын өндіру туралы азаматтық талап қоюы ішінара қанағаттандырылып, И.Р. жәбірленуші У.А-ның пайдасына 2 млн теңге моральдық зиянды өтеуге міндеттелген.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін желіде Ақмарал Үмбетқалиева жазған видео тараған болатын. Ол Мақат ауданының әкімі Ринат Ибрагимовтің бұрынғы әйелі екенін мәлімдеген. Әйелдің айтуынша, бұрынғы күйеуі оны 11 жыл бойы жүйелі түрде ұрып-соғып, зәбір көрсеткен.

Ол шенеунікке қатысты Қылмыстық кодекстің 107-бабының 2-бөлігі бойынша ("Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру") қылмыстық іс қозғалғанын атап өтті.

Кейін әйелінің шағымынан кейін аудан әкіміне қатысты қызметтік тексеріс басталғаны белгілі болды. Бұл жөнінде Атырау облысы әкімдігінің өкілдері хабарлады.

Ал 17 мамырда Атырау облысы Мақат ауданының әкімі Ринат Ибрагимов Facebook-тегі парақшасында бұрынғы әйелінің ұрып-соқты деп айыптағанына байланысты мәлімдеме жасағанын жазған едік.

6 маусымда Атырау облысы Мақат ауданының әкімі Ринат Ибрагимов қызметінен кеткені белгілі болды.

"Хабардар бол!" - NUR.KZ ұсынған жаңалықтар топтамасы

Редакция ең өзекті мақалаларды бір жерге топтастырып, назарға ұсынады. Әлемде және елде болып жатқан аптаның ең маңызды оқиғаларынан әрдайым хабардар болып отырыңыз.

* міндетті түрде толтырылуы керек жол

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2120049-atyrauda-aielin-urdy-dep-aiyptalgan-buryngy-audan-akimine-sot-ukimi-shyqty/