Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ұлт намысына қол сұғу": депутат Бас прокурор мен ҰҚК төрағасынан киіз үйде ашық-шашық билегендерді жазалауды сұрады

Опубликовано:

Мәжілістің жалпы отырысы
Мәжіліс. Көрнекі фото: parlam.kz

Депутат Самат Мұсабаев мәжілісте киіз үйдің ішінде ашық-шашық киініп билегендердің видеосы туралы айтты. Ол осыған қатысты Бас прокурор мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Депутаттың сөзінше, қастерлі мұрамыздың бірі саналатын киіз үйге ақпараттық шабуыл басталған.

"Күні кеше оюлаған киіз үйде ұлттық киім киіп, жартылай жалаңаштанып ойқастаған үшеудің әлеуметтік желіні шарлаған бейнеролигі исі қазақтың ашу-ызасын тудырып отыр. Халықтың бұған наразылығы әбден орынды.

Ең аяулы дүниеңді аяққа таптаса, ұлттық киіммен жалаңаштанса, төріңде әуретін ашып тайраңдаса – бұл бүкіл ұтты, дені қазақ, рухы биік елімізді қорлаумен пара-пар. Ең сорақысы – әлгі жын-ойнақтаған үш ұзынның ортадағы "сирақты примасы" қызтеке екен.

Бұл – халқымызға қарсы мысық тілеулі, теріс ниеттілердің алдын ала жете ойластырып, қазақы дүниені, ұлттық құндылықтарды құнсыздандыруға, мазақ етуге бағытталған қасақана жаулық әрекеті деп білеміз.

Тал түсте төрімізде тайраңдағаны – нағыз басынғандық. Олар бүгін төрімізде тайраңдаса, ертең төбемізде ойнамасына кім кепіл?! Сондықтан бұған көз жұмып қарап, жай қалдыра салуға болмайды", - деді депутат.

Самат Мұсабаевтың сөзінше, бұл – қоғамның қалай үн қататынын байқайын деген астыртын сыр тарту тәсілі, екіншіден, ЛГБТ насихатына тосқауыл қоймақ талапқа деген ашық қарсылық, үшіншіден, өскелең буынды өз ұлттық құндылықтарынан жеріндіру әрекеті.

Сондай-ақ ол бұл мәселені бір топ депутат былтыр мәжіліс мінберінен көтеріп, барлық платформаларда, әлеуметтік желілерде ұлттық мәдениетімізге сәйкес келмейтін ақпараттық өнімдерді таратуға тыйым салуға, теріс ағымдарды насихаттайтын ақпарат көздерінен сақтайтын заң нормаларын әзірлеуді ұсынғанын атап өтті.

"Ал таяуда қоғам белсенділері E-petition.kz мемлекеттік платформасында ЛГБТ насихатына қарсы петиция жариялаған еді. Небәрі 2 аптада осы талапты қолдап, 50 мың қол жиналды. Бұл – ЛГБТ-нің елімізге қажетсіз әрі жат құбылыс екендігінің, оған халықтың ашық қарсылығының анық көрінісі. Алда өтетін петиция қорытындысын қарау отырысына қоғам белсенділерін, ұлт жанашырларын белсене қатысуға шақырамын.

Бейнероликтегі ұлттық құндылықтарымызды қорлау көрінісі – әбден шектен шыққандық. Сондықтан құқық қорғау органдары бейнеролик кейіпкерлерін, оларды ұйымдастырушыларды, түсіру тобын, идея авторларын тауып, заңға сәйкес қатаң жазалау қажет деп санаймыз.

Бұдан былай ұлттық құндылықтарымыз – домбыра, қобыз, киіз үй, ұлттық киім, ұлттық тағам секілді асыл жәдігерлерімізді қандай-да теріс мақсатта пайдалану, мазақ ету – ұлт намысына қол сұғу, ұлттың беделін түсіруге бағытталған қылмыстық әрекет деп бағаланып, қылмыстық жауаптылықпен жазалануы тиіс.

Қорыта келе, Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасына, Ұлттық Қауіпсіздік комитетіне аталған бейнеролик бойынша құқықтық баға беріп, оған қатысты нақты шара қолдануды сұраймыз.

Ата дәстүрімізге қол сұғу – ұлттық қауіпсіздігімізге нұқсан келтіру, ұлттық құндылықтарды түбірімен жоюмен тепе-тең", - деді мәжіліс депутаты.

Еске сала кетсек, бұған дейін әлеуметтік желіде киіз үйдің ішінде ашық-шашық билеген жастардың видеосы тарады.

Оған қатысты Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева пікір білдіріп, видеоның мазмұны қазақ халқының құндылықтары мен салт-дәстүрлеріне қайшы келетінін айтты.

"Хабардар бол!" - NUR.KZ ұсынған жаңалықтар топтамасы

Редакция ең өзекті мақалаларды бір жерге топтастырып, назарға ұсынады. Әлемде және елде болып жатқан аптаның ең маңызды оқиғаларынан әрдайым хабардар болып отырыңыз.

* міндетті түрде толтырылуы керек жол

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2120106-ult-namysyna-qol-sugu-deputat-bas-prokuror-men-uqk-toragasynan-kiiz-uide-ashyq-shashyq-bilegenderdi-zhazalaudy-surady/