Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әруақпен ойнап, басын ойып алған": Зейнеп Ахметова отандық бағдарламаны сотқа беретінін айтты

Опубликовано:

Зейнеп Ахметова келіндік өмірі туралы сыр шертті
Зейнеп Ахметова: elana.kz

Отандық "Ел арна" телеарнасындағы "Қыздар мен жігіттер" бағдарламасы аты аңызға айналған даңқты батыр, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының тұлғасы бейнеленген баннерді қойып, "кім екенін тап" деп ойынға айналдырғаны желіде қызу талқыланып жатыр. Бұл жайт Момышұлының келіні Зейнеп Ахметованың ашуына тиіп, бүгінде ол аталмыш бағдарламаны сотқа беретінін жеткізді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Бағдарлама әр жексенбіде эфирге шығады. Оған дейін телеарна әлеуметтік желідегі ресми парақшасында келесі бағдарламаның тизерін жариялайды. Шарт бойынша ойынға қатысқан шоу-бизнес өкілі тұлға бейнелеген баннерге басын қойып, оның кім екенін табуы керек.

Бұл жолғы бағдарлама тизерінде Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының тұлғасы бейнеленген баннерді қойып, жүргізушілер мен қатысушының оны келемежге айналдырғаны желі қолданушыларының шамына тиген.

"Басқа ойнайтын адам қалмағандай... Бауыржан атамыз ойыншық болды ма? Ол жерге Тұрсынбекті қоюы керек еді. Бауыржан атамыз мазақ болуы үшін соғысқа аттанған ба?", - деп жазған пікір қалдырушылар.

Бұған дейін белгілі тележурналист Асхат Садырбай пікір білдіріп, әлеуметтік желідегі парақшасында: "Бұл – халық батырының портретін ғана емес, тұлғасын, есімін қорлау" деген еді.

Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының келіні "Азаттық Рухы" басылымы тілшілеріне бұл жайтқа байланысты пікір білдіріп, үзінді жүрегіне қатты батқанын жеткізді.

"Тәуелсіздік, еркіндік, сөз бостандығы деп кейбіреулер аузына келгенін айтып, ойына келгенін сөйлеп, бейбастыққа барып жүр. Адамның жаны түршігетін, жан-дүниеңді құлазытатын хабарды жанашыр кісілердің бірі жіберіп отыр. Қазақстанға белгілі атамыздың тікесінен тік тұрған суретінің басын ойып, бір әйел адам сол жерге басын сұғып тұр. Оған айналасындағылар тырқылдап күліп, мәз болып отыр. Бұл не деген бассыздық, не деген тексіздік?! Әруақпен ойнап, Атаның әруағын таптап, басын жұлып алуға кім оларға мұндай құқық беріп отыр?" - деп Зейнеп Ахметова ашуын білдірді.

Аты аңызға айналған батырдың келіні бұл істі жай қалдырмайтынын, сотқа дейін баратынын айтты.

"Ал енді осы хабарды жасап отырған жап-жас кісілер титтей де болсын, ойланған жоқ па? Құдайдан қалай қорыққан жоқ? Әруақтан қалай сескенген жоқ? Олар үлкенді сыйлауды, әсіресе әруақты сыйлауды үйренген жоқ па? Басынан бастап уызына жарымаған бейшаралар өзінің тарихына өзі түкіріп отыр. Ұлы адамдарды аяққа таптап отыр. Ал бұл жақсылыққа апармайды. Ол құрдасы ма немесе жолдасы ма еді? Басқа адам табылмай қалды ма? Ол сурет бүкіл Қазақстанға белгілі. Алматыға жолы түскен кісілер әдейілеп үйге келіп, суретке тәу етіп, суретке түсіп, ескерткіш ретінде алып кетеді. Бұл – балаларын алып келіп, ертеңгі күні атасының қасында түскенін, сол шаңырақта болғанын көрсету үшін әтуірлейтін сурет. Егер түптеп барар болсақ, сотқа беруге болады. Ол кісі қазақтың ар-намысын ту етіп ұстаған, ұлттық рухтың символы болады", - деді батырдың келіні.

Nege.kz басылымындағы ақпаратқа сәйкес, бүгінде Офицерлер одағы аталмыш бағдарламаға қатысқан Мөлдір Мұқанованың үстінен полицияға арыз түсірген. Олар Қабатовтың келіншегін Бауыржан Момышұлының бейнесін мазаққа айналдырғаны үшін заң алдында жауапқа тартуды талап етті.

Сонымен қатар, ел арасында дау тудырған бағдарламаға қатысты арна басшысы да пікір білдірді.

"Ойын шарты батыр бабамыз Бауыржан Момышұлын және өзге де танымал тұлғаларды мазақ ету мақсатында емес, дәріптеу үшін жасалғанын айтамыз", – деді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2122251-aruaqpen-oinap-basyn-oiyp-algan-zeinep-ahmetova-otandyq-bagdarlamany-sotqa-beretinin-aitty/