Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркістан облысында жүк көлігінің жүргізушісі тірідей жанып кетті: туыстары жанайқайын айтты

Опубликовано:

Өртенген жүк көлігі
Өртенген жүк көлігі. Фото: KAZ.NUR.KZ

Түркістан облысында карьерде жұмыс істеген жүк көлігінің жүргізушісі тірідей жанып кетті. Марқұмның ата-анасы жалын сапасы төмен қытайлық жүк көлігінен шыққанын, соның кесірінен ұлы жан тапсырғанын айтады. Олар жұмыс берушіден өтемақы берілуін талап етеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қайғылы жағдай 11 маусымда Төлеби ауданы Ақбастау ауылында болған. Екі баланың әкесі түскі астан соң әдеттегідей жұмысына барған. Бірақ күндізгі үш жарымдар шамасында үйіне қаралы хабар жеткен.

анасы
Анасы Қарлығаш Сербаева. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Күндегідей баламды жұмысына шығарып салғам. Кешке тәтті тамақ істеймін, ертерек кел дедім. Дәл сол күні ол қуанышты болды. Себебі қатерлі ісікке шалдыққан келініміздің Алматыдағы емі жақсы әсер еткен. Соны естіген ұлым жұмысына қуанып кеткен еді. Бір секундта айрылып қалдым. Әлі де сене алар емеспін", - дейді марқұмның анасы Қарлығаш Сербаева.

Содан бері арада екі апта өткен. Баласын жоқтаған ана жұмыс берушілердің сол күйі кешірім сұрамағанын айтады. Әрі өтемақы да төлемеген екен.

"Ұлым ес білгелі көлік тізгінінде. Машинаны жақсы білгені сонша оны шашып, жинай алады. Өз ісіне өте тиянақты. Сондай ұлымның рөлде отырып қателік жіберетініне сенбеймін. Қателік жұмыс берушілерден кетті деп күдіктенемін. Қанша дегенімен Қытайдың көлігі. Өзі үнемі жөндейтін де жататын", - дейді Қарлығаш Сербаева.

жүк көлігі
Жүк көлігі. Фото: Отбасының жеке мұрағатынан

Марқұмның артында мектепте оқитын қос қызы мен қатерлі ісікке шалдыққан әйелі қалды. Жесір атанған келіншектің жаман аурумен күресіп жүргеніне біршама жыл болған. Содан бері пәтер жағалап жүрген отбасы былтыр ғана үй салуды бастаған. Бірақ ол аяқталмағаны күйі қалды.

"Балам Астанада да қоғамдық көлік айдады. Сосын екі жыл бұрын ауылға келіп, карьерге жұмысқа кірді. Үй салуды бастады. Бірақ келіннің ауруы дендегесін құрылыс созылып кетті. Сосын балама бізбен бірге тұруын сұрадық", - дейді марқұмның әкесі Жаңаберген Сербаев.

Марқұмның жақындары жалын сапасы төмен қытайлық жүк көлігінен шыққанын, соның кесірінен жан тапсырған Қуаныштың отбасына өтемақы берілуін талап етеді. Ал жұмыс берушілер сот техникалық және авто-сараптама нәтижесін күтіп отырмыз дейді.

"Қуаныш аға өз ісіне тиянақты кісі болған. Жұмысқа жауапкершлікпен қарайтын. Өте ұқыпты кісі. Жағдайға кімнің кінәлі екенін енді сараптама анықтар. Қалай болғанын білмеймін. Жауап бере алмаймын, сөздің ашығы" - дейді компания басшысы Мақсат Айтқұл.

Автор: Назерке Еркінбекқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2123850-turkistan-oblysynda-zhuk-koligining-zhurgizushisi-tiridei-zhanyp-ketti-tuystary-zhanaiqaiyn-aitty/