Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Өтірік айта бастайды": алматылық дәрігер синтетикалық есірткіге тәуелді балаларды қалай білуге болатынын айтты

Опубликовано:

Алматы қаласы психикалық денсаулық орталығы
Фото: Алматы қаласы психикалық денсаулық орталығының баспасөз қызметі

26 маусым – Халықаралық нашақорлық пен есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күні. Қазір қоғамды синтетикалық психобелсенді заттарды тұтынушылардың көбеюі алаңдатып отыр. KAZ.NUR.KZ тілшісі осы мәселеге байланысты Алматы қаласы психикалық денсаулық орталығының директоры Сапар Рахменшеевпен сұқбаттасып, синтетикалық есірткіге тәуелділіктің қалай пайда болатыны және ата-аналар білуге тиіс ақпараттарды сұрап білді.

– Сапар Құттыбайұлы, әлемде синтетикалық психобелсенді заттарды тұтынушылардың саны артып келеді деген ақпарат бар. Жалпы "синтетикалық затты" бірінші рет тұтынған адам бірден тәуелді болып қала ма?

– Есірткі тарататын адамдар көбінесе "бір рет "көрсең", сен тәуелді болмайсың, қорықпа" деп жарнама жасайды. Шын мәнінде адамда бір қолданғаннан психикалық тәуелділік пайда болады. Содан кейін есірткіні қолданған кезін, сол жағдайды адам үнемі аңсап, іздеп жүреді. Ол бір қолданады, екі қолданады. Сосын физикалық тәуелділік пайда болады. Ауырсынады, қан қысымы көтеріледі, түнгі ұйқысы бұзылады, дене қызу көтеріледі. Ал психикалық тәуелділік дегеніміз - адам үнемі сол затты ғана ойлап жүреді. Синтетиканың ең зиян тұсы –орталық жүйке жүйесіне, ойлау қабілетіне тікелей әсер етеді. Алғашқы белгілері – балалары ата-анасына өтірік айта бастайды, үйіне түнделетіп келуді әдетке айналдырады, мінез-құлқы өзгеріп кетеді. Кей кезде көздері бұлдырап, басқа жаққа қарап тұрғанын байқауға болады.

– Алматы қаласы бойынша есепте тұрған есірткіге тәуелді адам көп пе? Олар көбінесе дәрігердің көмегіне өз бетінше жүгіне ме, әлде емге туыс-жақындары алып келе ме?

– Алматы қаласы бойынша біздің орталықта 4652 адам диспансерлік бақылауда тұр. Соның 1169-ы есірткіге тәуелділер, ал 15-і есірткіге тәуелді жасөспірім. Оларды орталыққа көбінесе жақындары – туыстары, анасы, әйелі, күйеуі алып келеді.

– Оларды толық айықтыру мүмкін бе? Қандай ем-шара ұсынылады?

Біріншіден, емнің түрі олардың жағдайына, ауырлық дәрежесіне байланысты. Көбінесе абстинентті синдроммен келіп түседі, яғни, буындары қақсайды, түнгі ұйқысы бұзылады, тәбеті қашады, сіркесі су көтермейді. Сондай жағдайда келгенде біз ауруханаға жатқызып, осы симптомдарды кетіріп, кейін ауырсыну белгісінің бәрін жазғаннан кейін психологиялық, психотерапиялық ем қолданамыз. Осының бәрін өтіп болғаннан кейін реабилитациялық бөлім бар, соған жіберіп, сол жақта тағы бір ай емдейміз.

– Сапар Құттыбайұлы, осы салада еңбек етіп келесіз, тәжірибеңізден синтетикалық психобелсенді заттарды тұтынғанына өкінген жандардың өз аузынан естіген оқиғалар туралы айтып берсеңіз. Ересектер, жастар қандай жағдайда "синтетиканы" алғаш тұтынып көреді екен?

– Мысалы бір жігітке достары "отырыс болып жатыр, барайық деп ұсыныс тастайды. Сол жерде олар темекі шегеді. Темекіден кейін таңертең оянса, не істеп, не қойғанын білмейді, сонда достары темекіге синтеткиалық есірткі қосылғанын айтпаған болып тұр. Сөйтіп, шын мәнінде шегемін деп ойламаған жігіт есірткінің құрбаны болған. Қазір желіде түрлі отырыстарда оғаш қылық көрсетіп, көшеде шешініп билеп жүргендер меніңше, есірткінің әсерінен.

– Ал Алматыда ең жас нашақор неше жаста? Баласы енді өмірге бейімделіп келе жатқан ата-аналар қазір неден қауіптенуі керек деп ойлайсыз?

– Орталықта диспансерлік есепте тұрған 14-15-16 жастағы балалар. Қазір ата-аналар балаларымен дос бола білуі керек. Оның араласып жүрген ортасы кім екенін біліп жүруге тиіспіз. Егер компьютерде ойнаса, кіммен ойнап жүргенін білуіміз керек. Қазір балаларға күш көрсетіп, ұрыссаңыз, олар одан сайын ерегесіп кетеді, сондықтан балалармен келісе білу керек. Кез келген нәрсені айтып түсіндірсеңіз, олар түсінеді. "Компьютерде екі сағат отырасың, сосын тамағыңды ішесің, сосын жатасың" деп келісімге отыру керек. Кей ата-аналар балаларына үзілді-кесілді тыйым салғанды жақсы көреді. Баланы өзіне қарсы қойып алады. Сөйтіп ол көшеге қаша бастайды. Балалармен сырласа білу керек, уақыт бөлу керек. Қызмет барысында өзім оқушылармен, студентермен жиі кездесіп тұрамын. Онда балаларға барлығы өздеріңе байланысты, кез келген шешім қабылдағанда оның пайдасы өзіңе және отбасыңа тиюі керек екенін, бірнәрсе істегенде ойланып барып жасауға кеңес беремін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2124327-otirik-aita-bastaidy-almatylyq-dariger-sintetikalyq-esirtkige-taueldi-balalardy-qalai-biluge-bolatynyn-aitty/