Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Өскеменде театр актрисасы спектакль кезінде биіктіктен құлап түсті (видео)

Опубликовано:

оқыс жағдай
Оқыс жағдай. Видеодан кадр: instagram.com/makpal.eltai

29 маусымда Өскемендегі драма театрының актрисасы Мақпал Елтайқызы көрерменнің көзінше биіктіктен құлап түсті. Актриса денесі ауырғанына қарамай, рөлін соңына дейін сомдап шыққан. Оның сөзінше сол сәтте спектакльді театр директоры да тамашалап отырған. Алайда одан жанашырлық көрмегенін айтады. Оқиғаға қатысты театрдың баспасөз қызметі өкілі пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Мақпал Елтайқызы директордың осы оқиғаға бей-жай қарап, жағдай сұрамағанына реніш білдірді.

"Дәл осылай спектакль үстінде, көрермен көзінше құладым. Белімнен, денемнен бұрын жүрегімнің ауырып тұрғаны, спектакль көріп отырған директорымыз Руслан Қайырсыновтан бір қайыр болмағаны. Көрермен залында селт етпей отыра беретін директорым-ай", - деп жазады актриса желідегі парақшасында.

Сондай-ақ актриса парақшасына актерлердің ортақ чатындағы театрға қатысты талқысын да жариялаған. Онда актерлер өздеріне жағдайы жасалмай жатқанын айтып, шағымданған.

"Біресе штанкет, біресе декорация құлайды. Ананы сұрасаң жоқ, мынаны сұрасаң, істемейді дейді. Бірдеңе сұрасаң, ақша жоқ дейді. Жедел жәрдемді күтпей, көлігін берсе, жанармайы бітіп қала ма?", - дейді оның әріптестері.

Бұған қатысты театрдың баспасөз қызметі өкілдері түсінік берді.

"Оқиға облыстық драма театрының сахнасында, атап айтқанда, ғимараттың террасасында "Ғашықтар хикаясы немесе общагадағы серілер" спектаклі кезінде болды. Спектакль кезінде қазақ труппасының актрисасы Мақпал Елтайқызы балкон типтес декорацияға сүйеніп құлаған. Бірақ ол тұрып өз рөлін ойнауды жалғастырғандықтан спектакль тоқтатылмады. Театр әкімшілігі тарапынан алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, жедел жәрдем бригадасы шақырылды", - делінген ресми хабарламада.

Театр өкілінің айтуынша, қазіргі уақытта актриса алған жарақаттардың ауырлығы анықталып жатыр. Медициналық қорытынды бойынша театр тарапынан актрисаға денсаулығын қалпына келтіру бойынша көмек көрсетіледі.

Сондай-ақ бұл оқиға туралы Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасына хабарланған. Театрдағылар тергеу қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылданатынын айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2127405-oskemende-teatr-aktrisasy-spektakl-kezinde-biiktikten-qulap-tusti-video/