Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жаяу Мұсаның бесінші ұрпағы: ақын Олжас Сүлейменовтің өмірі туралы не білесіз

Жарияланған күні:

Олжас Сүлейменов
Олжас Сүлейменов. Фото: egemen.kz

Оны әлем "Адамға табын, Жер, енді" поэмасы арқылы таныды, ал "АЗ и Я"-сы санада төңкеріс жасап, қоғамда резонанс тудырды. Оның "Невада – Семей" антиядролық қозғалысын құрып, Семей жерінде ядролық сынақтарды тоқтату жөнінде бастама көтерген қайраткерлігі – бір төбе. Бұл мақаламызда Еңбек ері, атақты ақын, жазушы, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің өмірі мен шығармашылығы туралы деректер ұсынғанды жөн көрдік.

Арғы тегі, балалық шағы

Өлеңдерін орыс тілінде жазатын қазақ ақыны Олжас Сүлейменов 1936 жылы 18 мамырда Алматыда дүниеге келген. Атақты Жаяу Мұсаның бесінші ұрпағы. Ақын туралы мақалада жетінші атасы кезінде Абылай хан әскерінің оң қанатын басқарған Олжабай батыр екені айтылады. Олжабай батыр жоңғар басқыншылығы кезінде көзсіз ерлігімен ел жадында қалған қолбасшы болған. Ақынның атын осы атасының құрметіне қойған. Ал әкесі Омар қазақ­тың тұңғыш кавалерия полкінде офицер болған. Ұлы дүниеге келгеніне төрт күн болғанда әкесі Ташкент қаласында орналасқан Түркістан облыстық әскери округына кетіп, сол күйі оралмаған. Ақынның айтуынша, Сталин әскери бөлімдерді осылай тарата отырып, 1937 жылғы репрессияға дайындалған. Тарихшы Лев Гумилев Олжас Сүлейменовке жетпісінші жылдары ақынның әкесімен бір лагерьде болғанын айтқан. Әкесі кейін Краснодар аймағындағы Норильск лагерінде ату жазасына кесіледі.

Жесір қалған анасы Фатима Насыржанқызы кейін белгілі журналист Әбдуәли Қарағұловқа тұрмысқа шығады. Әбдуәли Қарағұлов Олжас Сүлейменовтің ақын болып қалыптасуына зор ықпал еткен. Оны бала кезінен сауаттылыққа, еңбекқор боуға баулыған.

"4-сыныпта оқып жүргенде Лев Толстойдың 12 томдығын жатпай-тұрмай толық оқып шық­тым. Сонда анам мені аяп: "Көзіңді құртасың ғой", деп жік-жапар болғанда, әкем: "Кітаптан көз құрымайды, керісінше, ашылады" деп данышпандық танытқан еді", - деп еске алады ақын өгей әкесін.

Ақын Алматы қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы №28 орта мектепте білім алған. Оқуды бітіріп, КазГУ-дің журналистика факультетіне түсу туралы шешім қабылдағанда, Әбдуәли Қарағұлов бұл ойынан қайтарып, инженерлік мамандық таңдауға кеңес береді. Сөйтіп ол 1959 жылы ҚазМУ-дің геология факультетін бітіріп шығады.

Олжас Сүлейменов
Олжас Сүлейменов. Фото: kstnews.kz

Әдебиетке келуі, ақын ретінде танылуы

Олжас Сүлейменов он тоғыз жасынан бастап өлең жаза бастайды. 1959 жылы өзінің алғашқы өлең шумақтары жазылған дәптерді кеңес поэзиясының классигі Илья Сельвинскийге көрсеткенде: "Онда барып, сол геологиямен айналысқаныңыз жақсы болар. Бәрібір сіздің қолыңыздан өлең жазу келмейді", - деген пікір білдіреді.

Бұл сөз жас ақынның бетін қайтарудың орнына, керісінше намысын жанып, рухын шыңдайды.

Әдеби ортаға біршама танылып қалған жас ақын Мәскеудегі А.М. Горький атындағы Әдебиет институтына поэтикалық аударма бөліміне оқуға түседі. Алайда 1961 жылы қазақтарды "калбит, мамбет, жабайы" деп кемсіткен орыс студенттерімен төбелесіп, оқудан шығып қалады.

Сол жылы Алматығы қайтып, "Казахстанския Правда" газетіне әдеби қызметкер болып орналасады. Басылым редакторы Федор Боярский 11 сәуірде ақынды кабинетіне шақырып алып, ертең космосқа Кеңес Одағының адамы ұшқалы жатқанын айтып, соған арнап өлең жазуды тапсырады. Ақын түн ортасына қарай өлеңді жазып, тапсырады.

Ал ертесі, 1961 жылы 12 сәуірде тұңғыш ғарышкер – Юрий Алексеевич Гагарин қазақ жеріндегі "Байқоңыр" ғарыш айлағынан ғарышқа ұшады. Ал ақынның осы оқиғаға арнап жазған "Адамға табын, Жер, енді" поэмасы келесі айда жеке туынды болып жарық көреді де, оны әлемнің түкпір-түкпіріндегі іс-шараларға шақыра бастайды. Ал әлгі төбелесіп шығып кеткен Әдебиет институтының директоры оны оқуға қайта шақырыпты.

"Аз и Я" зерттеу еңбегі

Олжас Сүлейменов талантты ақын және публицист қана емес, сонымен қатар, ірі тарихшы-ғалым, лингвист ретінде бағаланады.

Олжас Сүлейменов 1963-1966 жылдар аралығында Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінде аспирантурада жүрген кезінде "Игорь жасағы туралы жырдағы" тюркизмдер" ("Тюркизмы в "Слове о полку Игореве") атты кандидаттық диссертация әзірлейді. Ол дастанды қостілді деп санап, осы тақырып аясында ауқымды зерттеу жүргізді. Автор дастан половец-орыс тілдері араласқан шығарма, екі тілдің арасында айқын шекара болмай, бірі екіншісін жалғап жырлайтын дастан екенін дәлелдеді. Оған қоса, автор дастандағы тюркизмдер, яғни түркі сөздері кейін орыс тіліне еш өзгеріссіз енгені туралы пайымдайды. Бұл тақырыпты кеңінен 1975 жылы жарық көрген "АЗиЯ. Книга благонамеренного читателя" атты кітабында ашады.

"АЗиЯ" кітабында ежелгі русь халқы билингв – қостілді екенін ашық тұжырымдайды. Бұл идеясын жыр екі тілді түсінетін аудиторияға арналғанын, яғни орыс тілін білген адам, половшылар тілін де білгенін көрсету арқылы негіздейді. Сүлейменов қостілді русь халқы идеясын тек бір "Игорь жасағы туралы жыр" негізінде ғана емес, сан алуан дереккөздер арқылы дәлелдеуге тырысқан.

"Мен "Аз и Я" кітабын жазуға Дала мен Русьтің тарихы ежелден қойындасып кеткенін, екі елдің тарихтың ұзына бойында, негізінен жақындасумен, бауырласумен өткенін, халықтардың, тіпті тілдері араласуға дейін жеткенін дәлелдеу үшін кірістім", - дейді Олжас Сүлейменов "Аңыз адам" журналында жарияланған сұқбатында еңбекті жазуға не жайт түрткі болғаны турасында.

Ол тағы бір пікірінде:"Мен орыс тілінде деп есептелген, алайда көзге көрінбейтін туркизм туралы сөз қозғадым. Барлық академикті шошытқан сол болса керек", - дейді бұл еңбегі жайында.

Олжас Сүлейменовтің "Аз и Я" кітабы
Олжас Сүлейменовтің "Аз и Я" кітабы. Фото: meloman.kz

"АЗ и Я" кітабы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Кітапқа кеңестік заманға тән "ұлтшылдық", "пантюркизм", "әдістемелік қателер" сияқты айыптар тағылды. Партия басшылығы тез арада кітапқа қатысты жедел шаралар қолданды. Мәскеудегі басшылықтың нұсқауымен Қазақстан компартиясының орталық комитеті кітапқа теріс баға берді. "АЗ и Я" кітабы сатылымнан шығып, дүкен сөрелерінен, кітапханалардан алынды және жойылды. Бұл кітапты басуға рұқсат берген баспа директоры қызметінен босатылды. Ал автор Олжас Сүлейменовтың шығармалары санкцияға түсіп, 8 жыл бойы мүлде жарық көрмей кетті.

"АЗ и Я" кітабы ондаған жылдар бойы советтік тарихи пуб­лицистикадағы қатып қалған қасаң ережелер мен болжаулардың астан-кестенін шығарды. Кітап мүлгіген түркі халықтарына қозғау салып, оларды жаңа талпынысқа жігерлендірді", - деп жазады Мүсілім Дайырбеков.

Ал ақын, сыншы Әмірхан Балқыбек: "Біз "АЗ и Я"-ны оқыған кезде, сол кездегі қазақтың ұғым-танымымен қараған уақытта бірінші та­рауына ғана үңілдік. Түркизмге қатысты бөліміне ғана үңілдік. Шындап келген кезде, оның айтатын негізгі ойы "АЗ и Я"-ның "Шумер-наме" аталған екінші бөлімінде жатыр. Осы бөлімінде қазақтың, түркінің тарихын 5 мың жылға кері шегіндіртеді" , - деп пікір білдірген.

"Невада-Семей" антиядролық қозғалысы

1989 жылы 28 ақпанда Олжас Сүлейменовтің бастамасымен "Невада-Семей" антиядролық қозғалысын құру туралы бастама көтерген.

Сүлейменов Қазақстан халқына теледидар арқылы үндеу жасап, келесі күні Алматыдағы Жазушылар одағы ғимаратының алдында ядролық қаруға қарсы "Невада – Семей" қозғалысы құрылғанын жариялады . Ядролық сынақтарға тыйым салу үшін небәрі бір айдың ішінде петицияға 4 миллионнан астам адам қол қойды. Кейін Семей қаласынан депутаттыққа сайланды. Сол жылдың жазында Сүлейменов КСРО халық депутаттарының I съезінде сөз сөйлеп, қозғалыстың мақсаты мен талаптары туралы баяндады. 1989 жылы 19 қазан ядролық сынақтар аяқталғаннан кейін, 1990 жылғы мамыр бірінші үкіметсіз "Антиядролық конгресс" өткізілді.

"1989 жылы сәуірде Семей облысының атынан Жоғарғы Кеңес депутаты болып сайландым. Сайлаушылардың бір ғана аманаты болды, ол – Семей полигонын жабу және оны шешу басты міндетім еді. 500 депутаттың ішінде бір адам ғана екі жылдың ішінде сайлаушылардың тілегін орындады. Ол – Олжас Сүлейменов. Сынақты тоқтата алдық. Соңғы жарылыс 1989 жылдың 19 қазанында болды. Сол жылы 18 жарылыстың жетеуі ғана өтті. Сонда біз 11-інің алдын алдық. 20 қарашада КСРО Жоғарғы Кеңесі КСРО үкіметі Семей полигонын жабу мәселесін қарастыру керек деген қаулы қабылдады", - деген Олжас Сүлейменов Семей полигонының жабылғанына 30 жыл толуына орай өткен баспасөз конференциясында.

Олжас Сүлейменов
Олжас Сүлейменов. Фото: kazpravda.kz

Олжас Сүлейменовтің шығармалары:

  • Арғымақтар. Өлеңдер мен поэмалар. А., ҚМКӘБ, 1961; 
  • Адамға табын, Жер, енді. Поэма. А., ҚМКӘБ, 1961; 
  • Нұрлы түндер. Өлеңдер мен поэма. А., ҚМКӘБ, 1962; 
  • Қылықты түн. Өлеңдер. А., ҚМКӘБ, 1963; 
  • Шапағатты шақ. Өлеңдер. А., ҚМКӘБ, 1964; 
  • Мешін жылы. Өлеңдер. А., "Жазушы", 1967; 
  • Таңдамалы лирика. М., "Молодая гвардия", 1968; 
  • Қыш кітап. Поэмалар. А., "Жазушы", 1969; 
  • Ақ дария аспаны. Өлеңдер мен проза. Т., Ғафур Ғұлам атындағы көркем әдебиет баспасы, 1970; 
  • Атамекен. Өлеңдер мен поэма (қазақшаға аударған Қ. Мырза Әли). А., "Жазушы", 1972; 
  • Әр күн – арайлы таң. Өлеңдер. М., "Огонек" кітапханасы. 1973; 
  • Жұмыр жұлдыз. Өлеңдер. М., "Советский писатель", 1975; 
  • Қалаулы қайырма. Таңдамалы өлеңдер мен поэмалар. А., "Жазушы", 1973; 
  • "АЗ и Я". Зерттеу кітабы. А., "Жазушы", 1975; 
  • Көңіл көкжиегі. Таңдамалы өлеңдер мен поэмалар. А., "Жазушы", 1976 (екінші басылымы, 1980); 
  • Жалынның шалқуы. (Трансформация огня). Өлеңдер мен проза. 1) Париж. "Галлимар", Француз тілінде. 1981; 
  • Әр күн – арайлы таң. Өлеңдер мен поэмалар. А.,"Жазушы", 1986;
  • Асқардан асу. А., "Жазушы" 1987.
  • "Свиток»", Молодая гвардия, Мәскеу, 1989 ж.
  • "Аргамак" (моңғол тілінде), Улань газар, Улаанбаатр, 1990 ж.
  • "Айналайын", Жібек жолы, Алматы, 1996 ж.
  • "Исправляя метафорой мир", Қаржы-қаражат, Алматы, 1996 ж.
  • "Im Azimut der Nomaden", Интердрюк, Лейпциг, 1997 ж.
  • Тюрки в доистории, А., 2002.
  • Собрание сочинений в 7 томах (в 8 книгах, орысша). Алматы, Атамұра баспасы, 2004.
  • Таңдамалы туындылары, Жібек жолы, Алматы, 2005 ж.

"Адамға табын, Жер, енді" өлеңдері бүгінгі ТМД елдері халықтарының көптеген тіліне, шет ел тілдеріне аударылып, бірнеше рет жеке кітап болып басылды.

Олжас Сүлейменов кинодраматургия, әдеби зерттеу саласында да еңбек етіп жүр. Оның сценарийі бойынша "Атамекен", "Көгілдір маршрут", "Қыс – қолайсыз маусым", "М.Әуезов туралы сөз", "Үндістан сазы", "Жастық шақ заставасы", т.б. фильмдер түсірілген.

"Жалынның шалқуы" атты өлеңдер жинағы француз тілінде шықты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2129268-zhaiau-musanyng-besinshi-urpagy-aqyn-olzhas-suleimenovting-omiri-turaly-ne-bilesiz/