Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбеде 16 жасқа толмаған баласына мопед мінгізген ата-аналарға айыппұл салынды

Опубликовано:

Полиция қызметкері.
Полиция қызметкері. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбелік полицейлер журналистерге қаланың айып тұрағындағы мопедтерді көрсетті. Мотокөлікті жол ережесін бұзған, 16 жасқа толмаған жасөспірімдер тізгіндеген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбе қаласы бойынша алты айда мото көліктердің қатысуымен 134 жол көлік оқиғасы тіркелді. Қала көшелерімен жүйткіп зулаған мопедтердің салдарынан өңірде 1 адам қаза болды, 16 адам түрлі дене жарақатын алды. Оның ішінде үшеуі кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірім.

"Жыл басынан бері коммуналдық тұраққа 324 мото көлік қойылды. Қазіргі уақытта 58-і тұр. 9-12 шілде аралығында "Қауіпсіз жол" атты жедел профилактикалық іс-шарасы өтеді. Кәмелетке толмағандардың екі доңғалақты көлікті пайдалануына ерекше назар аударамыз", - деді Ақтөбе қаласы полиция департаментінің бастығы Әсет Қалиев.

Полиция департаментінің басшысы мопед мінгендер нені білу керегін де еске салды. Ереже бойынша мопед мінгендерге веложолақпен, жүргіншілер жолымен жүруіне тыйым салынады. Сонымен қатар арнайы қауіпсіздік киімінде болуы шарт.

Мопед міну үшін көлік жүргізу куәлігінің болуы міндетті емес. Бірақ жасөспірім 16 жасқа толған болуға тиіс. Баласын қуантамын деген ата-аналардың арасында бұл талапқа мән бермейтіндер бар. Бүгінгі таңда Ақтөбеде 16 жасқа толмаған баласына мопед мінгізген 58 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

"16 жасқа толмай мопед айдағандардың көлігі бірден арнайы тұраққа әкелінеді. Ертеңіне ата-анасын шақыртамыз. Профилактикалық шаралар жүргіземіз. Әркімнің пікірі әртүрлі. Бірі түсінеді, екіншісі басқаша қабылдайды", - деді Әсет Қалиев.

айып тұрағы
Айып тұрағындағы мопедтер. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбелік дәрігерлер де скутер мен мопед мінген жасөспірім арасында жарақат алу дерегінің көп екенін айтады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жыл басынан мұндай көлік мінген 30 жасөспірім ауыр жарақат алған.

"Мопед, скутер айдап жүріп жол апатына түскен жасөспірімдер ауыр жағдайда жеткізіледі. Көп жағдайда омыртқасынан зақым алады. Жақында Қобда ауданында жасөспірім скутер мініп, жол апатына түсті. Облыс орталығындағы көпсалалы балалар ауруханасынан нейрохуруг барып ота жасады. Қазіргі уақытта жасөспірім санавиация арқылы Ақтөбе қаласына жеткізілді. Бала есін жиды. Палатаға ауысты", - дейді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі өкілі.

Полиция мәліметіне сүйенсек, Ақтөбе қаласы бойынша жыл басынан бері 1200 жүргізуші әртүрлі жол қозғалысы ережесін бұзды.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2131029-aqtobede-16-zhasqa-tolmagan-balasyna-moped-mingizgen-ata-analarga-aiyppul-salyndy/