Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Күйеуі 30 жаста қайтыс болса, қызыл орамал тартқан": қазақ әйелі кимешекті қалай киген

Опубликовано:

Кимешек киген әже
Кимешек киген қарт ана. Көрнекі сурет: facebook.com Туған жердің түтіні парақшасы

Кимешек – қазақтың ұлттық киімінің маңызды бөлігі, ерекше түрі. Ол әйелдердің бас киімі және өзінің тарихы мен мәдени мәні бар. Кимешек киген әйелдер қазақ қоғамында ерекше құрметке ие болған және ол әлеуметтік мәртебенің, өмірлік тәжірибенің, ана мен әйелдің символы ретінде қарастырылған. Мақаламызда бұл киімді қазақ әйелдері қалай кигеніне тоқталамыз.

Кимешектің тарихи және мәдени мәні

Кимешек кию дәстүрі қазақ халқының тұрмыс-салтымен тығыз байланысты. Тарихи деректерге сәйкес, кимешек XIX ғасырда кең таралған. Қазақ әйелдері кимешекті тұрмыстағы жас келіншектер мен үлкен жастағы аналар киетін болған. Кимешек ақ матадан тігіліп, бастан иыққа дейін жауып тұратын киім болды. Оның үстіне әдемі өрнектер мен кестелер тігіліп, кейде бағалы тастармен безендірілген.

Баланың дүниеге келуімен жас әйелге салтанатты түрде кимешек сыйлайтын болған, ол өмірінің соңына дейін оның жанында бірге жүретін киім еді. Өзбекәлі Жәнібековтің 1996 жылғы зерттеулерінен кимешек ақ матадан тігілген, бастан мойынға, иыққа, кеудеге және арқаға дейін жауып тұратын тығыз бас киім ретінде жасалған. Оның беткі жағы әдетте тегіс кестемен, моншақтармен, інжумен, маржанмен, күміс тақтайшалармен және жиектерімен әшекейленген.

Бас киімнің үстінен ұзын ақ матадан жоғары сәлде оралған. Кимешек киімі өте кең таралған және барлық жерде пайдаланылған. Олар арқылы әйелдің жасын, тұрған жерін және қай руға жататынын оңай анықтауға болған.

Өкінішке орай, тұрмысқа шыға алмаған әйелдер өмір бойы қыздардың тақиясын киюге мәжбүр болған. Олардың кимешек киюге құқығы болмаған.

ХХ ғасырдағы кимешек
ХХ ғасырдағы кимешек. Фото: azretsultan.kz

Кимешек түрлері

Кимешектің әртүрлі түрлері бар, олар әйелдің жасы мен әлеуметтік жағдайына қарай ерекшеленеді. Мысалы жаңа түскен келіннің кимешегі қарапайым болып келеді, тек қана ақ матадан тұрады.

Ал егде жастағы әйелдердің кимешектері сәнді, кестелі және ерекше безендірілген болуы мүмкін. Олардың әрқайсы әйелдің отбасындағы орны мен мәртебесін көрсетіп тұрады.

Кимешекті кию ережелері

Кимешек киюдің өзіндік ережелері бар. Кимешекті тек әйелдер ғана кие алады және оны дұрыс кию маңызды. Кимешек бастан мойынға дейін жауып тұруы керек және оның астынан шаш көрінбеуі тиіс. Бұл қазақ қоғамында әйелдің қарапайымдылығы мен инабаттылығын көрсетеді. Сонымен қатар, кимешек әйелді күннің ыстығынан, суықтан және желден қорғап тұратын болған.

Қазнетті және бірқатар БАҚ-та "Әйел бас киімінің ғұмырнамасы" деген атпен таралып жүрген мәлімет бар. Біз оның дереккөзін таппадық:

  • 3 жас (нәресте, сәби) – ит тақия, сырма, кепеш тақия;
  • 5 жастан шыт тақия – сырға тағар ( "қыздың сүндеті");
  • 7-13 жас – үкілі тақия, тепеш, жұрынды бөрік (төрт сай, шошақ төбелі) топы, көз тәті, үлбірлі үкілеген жаннат бөрік;
  • 13 – тен кейін (бір мүшел) отау иесі – сораба, жанатпен жиектелген қауырсын қадаған дәрежелі қарқара бөрік;
  • 25 жас (екінші мүшел) – сәт құндызды салтанатты тәж сәукеле, зерленген шашақты қасаба;
  • 37 жас (үшінші мүшел) – кимешек. Кимешекке қосымша бөлшектердің атаулары: шылауыш, бұрмаша жаулық, сәлде, күндік, құндық бөрік, шыт байлама, желек, салы (шәлі);
  • 49 жаста (төртінші мүшел) сән – салтанаты биязылау кимешекке қатысты қосымшалардың бәрін қолдануға болады;
  • 61-73 жас аралықтары кейуана деңгейіне жатады. Бұл кезеңде баскиімнің жеңілдеу жалаң кимешек, иекше, байлауыш түрлерін киген лайық.

Мемлекеттік орталық музей мамандарының айтуынша, кимешектің тек қазақ әйелдеріне тән бас киім болып қалыптасуына экологиялық ахуал мен көшпелі өмір салтының өзіндік ерекшеліктері әсер еткен. Сондай-ақ, кимешекте дәстүрлі қоғамда қалыптасқан әйел адамдарға деген моральдық-этикалық нормалар мен салт-дәстүр талаптары да ескеріледі.

"Кимешек әр аймақтың тұрмыс қажеттілігінен туындағанын, ортақ өндірістік қатынастардың болмағанын ескерсек, сырт көзге ғана бөлек болып көрінгенімен, негізгі ұстанымы ортақ. Яғни, мәні сақталады, сәні уақыт үрдісіне, жеке ісмердің шеберлік деңгейіне, ой-қиялы мен өресіне сай өзгереді. Алайда, басты қағидасы бұзылмайды. Қыста суықтан, жазда ыстықтан қорғайтын, ұрпағының алдында мәртебені асыратын, жүзіне иман ұялататын ақ жаулықты аналардың киелі кимешегі болашақтың мұрасы болары сөзсіз", - дейді музей мамандары.

Өзбекәлі Жәнібековтің "Қазақ киімі" деп аталған 1996 жылғы еңбегінде кимешек құндылығы мен орны туралы мәлімет берілген.

Өзбекәлі Жәнібековтің "Қазақ киімі" еңбегіндегі кимешекке жаулық орау тәсілдері
Өзбекәлі Жәнібековтің "Қазақ киімі" еңбегіндегі кимешекке жаулық орау тәсілдері. Скриншот: "Қазақ киімі" еңбегі

Ал "Уақыт керуені" деп аталған кітабында ол бұл киім түрі туралы былай деп мәлімет келтіреді:

"Қыздың киім-кешегінде әсіресе тақия, белдік ерекше әшекейленетін болған. Қыз үшін белдігін жоғалту арынан айырылғанмен бара бар болған. Қыздардың киіміндегі бұл ерекшелік жалпыға бірдей әйел киім-кешегінде қайталанбаған. Әйелдің көйлегі қос етексіз, камзолы тізеге түсетін де қапсырмамен бекітілетін болған. Ол басына кимешек киген, жаулық салған, көпшілік жағдайда орамал тартқан. Шапанының сыртына кездеме белбеу буынған. Кейуаналар жөн көйлектің үстіне ұзын камзол, басына сәлде ораған, кимешек киген. Маусымның суық кездерінде барқытпен тысталған пұшпақ ішік киіп, белдікпен қаусырынатын болған".

Сол еңбегінде жас қыздардың қалай киінгені туралы да ақпарат келтіреді:

"Қыздар шашын екі бұрым етіп өріп, бас киімсіз-ақ жүре беретін болса, әйелдер күйеуге шыққан соң самай шашын басқаларға, әсіресе, еркектерге көрсету күнә дейтін ескі дәстүрге сай кимешек киген".

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Халел Арғынбаевтың еңбектерінде кимешек киюге қатысты салт жазылған. Мысалы ақ кимешекті әйел күйеуі 50 жаста өмірден өтсе киетін болған.

"Күйеуі өлген əйел – жесірге айналған. Жесір күйеуі қайтқан уақыттан бастап, шашын жайып, жоқтап аза тұтқан. Шашын тек күйеуінің қырқы өткеннен кейін ғана өрген. Осы дəстүр сақталмаса, баласы қайтыс болады деп сенген. Күйеуі 30 жаста қайтыс болса, қызыл орамал тартқан. 40 жаста қаза болса, қара көйлек, қара орамал, 50 жаста өмірден өтсе, өрнексіз ақ кимешек киеді", - делінген ғалымның еңбегінде.

Қазіргі замандағы кимешек

Бүгінгі таңда кимешек кию дәстүрі қайта жанданып келеді. Қазіргі қазақ әйелдері кимешекті тек мерекелік шараларда, ұлттық тойларда ғана емес, күнделікті өмірде де киіп жүр. Бұл – қазақ халқының ұлттық мәдениетіне, дәстүрлеріне деген құрметтің белгісі. Қазіргі заманауи дизайнерлер кимешекті жаңа стильде жасап, оны сән әлеміне енгізіп жатыр.

Кимешек – қазақ әйелдерінің ұлттық киімінің ерекше бөлігі, оның терең тарихи және мәдени мәні бар. Ол әйелдің мәртебесін, ана мен әйелдің рөлін, қарапайымдылық пен инабаттылықты көрсететін символ. Бүгінгі күні кимешек кию дәстүрі қайта жанданып, ұлттық мәдениеттің маңызды бөлшегіне айналып келеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2131440-kuieui-30-zhasta-qaitys-bolsa-qyzyl-oramal-tartqan-qazaq-aieli-kimeshekti-qalai-kigen/