Мәжіліс депутаты Максим Рожин: Ауыл мен қаладағы өмір сапасының арасы тым алшақ
Жарияланған күні:
Каникулға шыққан парламент депутаттары жер-жерді аралап, елдің мәселесін тыңдап жүр. Мәжіліс депутаты Максим Рожин қызметтік іссапар аясында Алматы облысындағы ауыл-аймаққа барып қайтты. Осы ретте KAZ.NUR.KZ тілшісі депуттаттан ауылдағы ағайынның жағдайын сұрап білді.
- Максим мырза, Мәжіліс депутат ретіндегі аймақтарға іссапарыңыз аясында Алматы облысын аралап қайттыңыз. Елімізде урбанизация мәселесі асқынып тұр. Жастардың ауылда тұрғысы келмейді. Ауылдағы өмір мен қаладағы жағдай арасында алшақтық бар. Өңірге барып, қандай ой түйіп қайттыңыз? Ауылдағы ағайынның жағдайы қалай екен?
- Ауылға қала жағдайын жасау керек, сондай жағдай жасай алсақ, жастар баратын еді. Иә, мен сізбен келісемін. Президент айтып отырғаны ауыл мен қаланың арасын теңестіру мәселесі өзекті. Арасы тым алшақ. Қай жағынан алсаңыз да: ғаламтор жағынан, жол жағынан, инфрақұрылым, қолжетімді медициналық қызмет. Өмір адамға бір-ақ рет беріледі. Кез келген азамат сол өмірін жақсы өткізсем дейді. Мұны түсіну керек, сол жағдайды біз жасауымыз керек. Соған қадам жасалып жатыр деп айтар едім. Ауылды жерде, құрылыс жұмыстары жүріп жатыр, объектілер салынып жатыр. Қазір жол мәселесі бойынша былтырғыдан ілгерілеушілік бар. Мына Кеген, Райымбек аудандарынан газбен қамтамасыз ету мәселесі көтеріліп жатыр. Бұл жақсы. Жалпы ауылға газ келсе, жол келсе, меніңше, жағдай өзгереді. Бірақ қарқыны тым баяу, менің көңілімнен шықпай тұр, әлі де қарқын қосуымыз керек. Бұл – менің азаматтық пікірім. Ауылда жалпы өнім де арзандау. Мен базардан барып өнім сатып алдым. Қаламен салыстырсаң, сол өнім қалада анағұрлым қымбат. Демек адамдар оны сәл арзанға сатып жатыр. Арзанға сатып жатса, сол ақшаға өмір сүріп жүруге мәжбүр. Ол ақша аз болғасын жайлы өмір деңгейі де төмен болады деген сөз ғой. Базарда тұрған азаматтармен сөйлесіп қайттым. Алматы маңайында болған өндірістерде болдым. Мысалға көп азамат жұмыс істейді. Өндірісте жұмыс істеп жатқан азаматтардың әлеуеті көтеріліп, жақсарып қалған. Қаскелең, Қарасай ауданында болдым. Бір Қарасай ауданының өзінде сегіз мектеп салынып жатыр. Бір мектептің құны 6-7 млрд теңге. Сол ақшаны өзіміздің өндірушілер игерсе деген мақсат қой. Сол мектепке парта алып келу керек. Сол партаны жергілікті компания алып келеді екен. Оған да бардым. Сапасы шетелдік аналогтардан кем емес. Кеген ауданына өзінің жүн өңдеу зауыты ашылса, тұрғындарға жұмыс әрі елімізге жақсы өндіріс болар еді.
- Ауылда қолайлы жағдай жасауды президенттен бастап, депутаттар, үкімет басшысы жиі көтеріп жүр. Жақсы жалақы, жайлы мектеп пен балабақша, жарық пен жылу, газ бен жол, дамуға қажетті мәдениет ошақтары: кітапханалар, театр. Осы жағы жергілікті атқарушы органдар тарапынан қалай орындалып жатыр?
- Бізде аудан орталықтарында осы айтылған мәселелердің бірсыпарасы бар. Ауылды аймақтарда театр, концерт залдарды былай қойғанда, мәдениет ошақтарына айналатын клубтар болуы керек. Иә, жалпы клубтың ішінде тек концерт зал емес, кітапхана немесе тағы да басқа пайдалы дүниелерге әуестенетін әртүрлі салаларды қамтитын орталық болуы керек. Мысалы, мен Қарасай ауданында осындай клубқа бардым. Балқаш ауданында жастар орталығын көрдім. Кеген ауданында дәл сондай жаңа жастар орталығы құрылысы аяқталып, жастар жұмыс істеп жатыр. Осы жерге азаматтар түрлі мәселемен келе алады. Заңгерлердің ақыл-кеңесін сұрауға, бос уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік алады. Біреудің жеке қолында тұрған клубтар да бар. Соларды қайтару мәселесін қазір кейбір аудандарда қолға алып жатыр. Енді өткен уақытта сондай дүниелер де қолды болып кеткен екен ғой. Мені таң қалдырған жайттың бірі осы болды.
- Күзде бұйырса, Парламентке барғаннан кейін көтеретін мәселе көп дейсіз ғой...
- Иә, қазірдің өзінде біраз хат кетіп жатыр, жазылып жатыр, министрліктерге үндеу жазылып жатыр, ұсыныстар беріліп жатыр. Қазақстанды аралап болғаннан кейін депутаттар жиналады да, әр партия өздерінің ұсыныстарын береді. Кей ауылдарда жүйелі проблемалар, кей ауылдарда жергілікті әкімшілікке тиесілі проблемалар. Кей ауылдарда тіпті ауылдың өзі шеше алатын мәселелері бар. Не себепті шешпей жүргенін мен түсінбеймін. Қадағалап кетуіміз өте маңызды. Бір жағынан депутаттар ауыл-аймаққа сол үшін келеді. Мәселелерді осы жүйелі түрде шешуіміз керек. Барлық өңірдегі өтініштер мен мәселелер ұсыныс ретінде міндетті түрде үкіметке түседі.
- Өңір жұртшылығы қандай мәселелермен бөлісіп жатыр? Былтырғы мәселелер шешіліп пе?
- Жамбыл, Қарасай, Еңбекші, Іле, Балқаш, Қонаев, Кеген, Райымбек, Ұйғыр, Талғар сияқты Алматы облысы аумағындағы тоғыз ауданды араладым. Көп жылдан бері шешімін таппай жатқан мәселелер де бар. Ол мектеп құрылыстары, аурухана құрылыстары, олардың күрделі жөндеу жұмыстары. Сақалды құрылыс атанып кеткен екі объектіге бардым. Талғар ауданындағы, Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласындағы мектеп құрылыстары. Жалпы алғанда, мәселелердің басым бөлігі парламент қабырғасында көтерілгеннен кейін шешілген немесе қарастырылып жатыр. Былтырғы мәселелердің көпшілігі шешімін тапқан.
- Көпбалалы аналардың тарапынан сізге өтініш-тілектер болды ма?
- Кеген ауданында бір азамат келді. Қолында мүгедектігі бар баласы бар, төрт баланың анасы. Қиын жағдайда екені көрініп тұр. Сол балаларды асырап отырған жалғыз басты ана екен. Баланы емдеуге көп қаражат кетеді. Азын-аулақ малы бар, сол малдың өнімін сатайын десе, оған рұқсат бермей жатыр. Өйткені ол кәсіпкер ретінде ресми тіркелмеген. Жергілікті жерде шешілетін мәселе, әкімдіктің азаматтарымен сөйлестік. Оған кеңес беретін болды. Қалай жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге болады? Неге рұқсат берілмейтіні түсінікті, азық-түлік болған соң қадағалау болуы керек. Адамдар сатып алғаннан кейін сол өнімге сенімді болуы керек деген сұрақтар себеп болып тұр. Әкімшілік реттейміз деп уәде берді. Ал енді ауыл тұрғындары көбіне шабындық жер керек дейді, инфрақұрылым мәселесін көтереді.
- Сұқбатыңызға рахмет!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2141394-mazhilis-deputaty-maksim-rozhin-auyl-men-qaladagy-omir-sapasynyng-arasy-tym-alshaq/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.