Павлодар облысында 3 млн теңгеден астам алимент берешегі бар ер адамға айыппұл салынды
Жарияланған күні:
Павлодар облысында 3 миллион теңгеден астам алимент бойынша берешегі бар ер адам қарызын өтеуге асықпағандықтан жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы облыстық сотқа сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Сот өкілдері Facebook-тегі парақшасында сот актісін және атқарушылық құжатты орындамау ӘҚБтК-нің 669-бабымен әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатынын хабарлады.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға сәйкес, жеке сот орындаушысының іс жүргізуінде атқарушылық іс жүргізу бар. Оған сәйкес азамат кәмелетке толмаған балаларды асырап-бағуға жалақының немесе өзге де табыстың барлық түрлерінен 1/3 бөлігі мөлшерінде алимент өндіріп алу туралы сот шешім бойынша борышкер болып саналады.
"Пайда болған берешекті төлеу туралы жеке сот орындаушысының бірнеше хабарламасына қарамастан, борышкер сот актісін орындамады. Осыған байланысты 2023 жылғы қарашадағы жағдай бойынша оның алимент бойынша 3 миллион теңгеден астам берешегі қалыптасты", - делінген хабарламада.
Сотта ол өз кінәсін мойындап, қазіргі уақытта жұмысқа орналасып жатқанын, мүмкіндігінше берешекті өтейтінін түсіндірді.
Айыпталушы кінәлі деп танылып, 5 АЕК мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды.
Қаулы заңды күшіне енді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2142607-pavlodar-oblysynda-3-mln-tenggeden-astam-aliment-bereshegi-bar-er-adamga-aiyppul-salyndy/