Бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа сот үкімі шықты
Жарияланған күні:
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты ауыр зардаптарға әкеп соққан билікті асыра пайдаланды деп айыпталған бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа қатысты қылмыстық істі қарады. Бұл туралы Астана соттары Telegram-дағы арнасында хабарлады.
Астана соттарының ақпаратынша, бұл іс "құпия" деген белгімен кінәні мойындау нысанында іс жүргізу келісімімен келіп түсті. Сондықтан оның қаралуы жабық сот отырысында өтті.
Сотта прокурор айыпты қолдап, соттан 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Бұл ретте Қылмыстық кодекстің 63-бабы негізінде жазаны пробациялық бақылауды белгілей отырып, сол мерзімге шартты түрде деп айқындауды сұрады.
Сотталушы кінәсін толық мойындап, шын жүректен өкініш білдірді.
Сот үкімі
Сот үкімімен Т. ҚК 362-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 жылға белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырыла отырып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Т.-ға сыбайлас жемқорлық қылмыс белгілерінсіз айып тағылғандықтан, ҚК 63-бабы негізінде тағайындалған жазаны шартты деп санау туралы шешілді.
Бұл ретте сот сотталушының кінәсін мойындауын, оның шын жүректен өкінуін және алғаш рет қылмыс жасауын да ескерді.
ҚК 49-бабының 2-бөлігіне сәйкес сот Қазақстан Республикасының Президентіне арнаулы атақтан және мемлекеттік наградалардан айыруға ұсыныс енгізу туралы шешім қабылдады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2146530-biligin-asyra-paidalangany-ushin-qazaqstandyq-5-zhylga-sottaldy/