Желіде 140 мың теңгеден басталатын біржолғы төлем туралы жалған ақпарат таралып жатыр
Жарияланған күні:
Қазақстанда барлық азаматқа 140 мың теңгеден басталатын жаңа арнайы әлеуметтік төлем пайда болғаны туралы әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таратылып жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдері ескертті.
Белгісіз адамдар төлемді тексеру үшін сілтемеге өтуді ұсынады.
"Төлемнің мұндай түрі жоқ екенін хабарлаймыз. Тиісінше, хабарламада көрсетілген сілтеме алаяқтар үшін азаматтардың жеке деректерін алу тәсілі болуы мүмкін. Алаяқтармен өзара әрекеттесуді болдырмау үшін сілтемеге өтпеуін сұраймыз", - делінген хабарламада.
Мемлекеттік қолдаудың тиісті шаралары туралы ресми ақпарат тек қана 1414 нөмірінен СМС-хабарламалар арқылы таратылады.
Азаматтардан тек ресми көздердегі ақпаратқа сүйенуге кеңес берілді.
Сондай-ақ жалған ақпарат тарату заңға қайшы екені және жауапкершілігі бары еске салынды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2146758-zhelide-140-myng-tenggeden-bastalatyn-birzholgy-tolem-turaly-zhalgan-aqparat-taralyp-zhatyr/