Кейінгі жарты жылда Қазақстаннан қанша адам кеткені белгілі болды
Жарияланған күні:
2024 жылдың қаңтар айынан маусым айына дейін Қазақстаннан 6967 адам кеткен. Аталған көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда азайған. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ұлттық статистика бюросынының сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
- 2024 жылдың қаңтар-маусым аралығында Қазақстаннан 6967 адам кетіп, елге 14256 адам келген, ал көші-қон сальдосы 7289 адамды құрады.
- Осы кезеңде елдегі халық саны 20159707 адамға жетіп, жалпы өсім 125867 адамды құрады, оның ішінде 184,7 мың бала дүниеге келіп, 66,1 мың адам қайтыс болды.
- Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, ең жоғары туу деңгейі Маңғыстау мен Түркістан облыстарында, ал өлім-жітім деңгейі Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында байқалды.
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің ұлттық статистика бюросының сайтында 2024 жылғы қаңтар-маусым аралығында демографиялық ахуал бойынша статистика жарияланды.
2024 жылдың қаңтар - маусым айлары аралығында елге келгендер саны 14 256 адамға, ал кеткендер саны 6 967 адамға жеткен. Көші-қон сальдосы 7289 адамды құрады.
"2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда Қазақстанға келгендер саны 4,4 пайызға, кеткендер саны 0,4 пайызға азайды. Елдің негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен жүреді. Достастық елдерінен келгендердің үлесі 78,2 пайызды, бұл елдерге кеткендердің үлесі 77 пайызды құрады", – деді бюрода.
Сондай-ақ ел ішіндегі көші-қон 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,7 есе артты. Өңіраралық қозғалыстар бойынша халықтың көші-қонының оң сальдосы еліміздің 4 өңірінде: Астана (29305 адам), Алматы (15750 адам), Шымкент (4562 адам) қалаларында және Алматы облысы (1258 адам) байқалды.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша халық саны 20 159 707 адамды құраған, оның ішінде қала тұрғындары 12 573 637, ауыл тұрғындары 7 586 070 адам болған. Ал 6 айда халықтың жалпы өсімі 125 867 адамды құрады.
2024 жылдың алты айында Қазақстанда 184,7 мың бала дүниеге келді, қайтыс болғандар саны – 66,1 мың адам. Осылайша, халықтың табиғи өсімі 118,6 мың адамды құрады.
"Туудың ең жоғары деңгейі Маңғыстау (1000 тұрғынға 24,80 адам), Түркістан (24,78) облыстарында және Шымкент қаласында (23,55) байқалды. Өлім-жітімнің ең жоғары деңгейі Солтүстік Қазақстан (1000 тұрғынға шаққанда 11,77), Шығыс Қазақстан (11,36) және Қостанай облыстарында (10,16) байқалды, бұл осы облыстар халқының жас құрылымымен байланысты жағдай", - деді бюро өкілдері.
Сонымен қатар алғашқы жарты жылдың ішінде 57,5 мың неке қиылып, 18,6 мың ажырасу тіркелді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2146920-keiingi-zharty-zhylda-qazaqstannan-qansha-adam-ketkeni-belgili-boldy/